Қайнар Олжай: «Журналист мақаласын редакциялай білуі керек» (+ФОТО)
Atr.kz/30 қазан, 2020 жыл. Оқырман журналисті жазған алғашқы үш-ақ сөйлемін оқығаннан кейін тани білуі керек. Осындай деңгейге жетіп, әр тілші стиль қалыптастыруы үшін не істеуі қажет? Тілшілердің шеберліктерін арттырудың жолы қандай?
Бұл туралы Атырау өңіріне ат басын тіреген бірнеше кітаптың авторы, қаламы қарымды, белгілі журналист Қайнар Олжайдың «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде журналистер арасында өткен шеберлік сыныбында айтылды.
Төл журналистиканың тарланбозы стиль қалыптастыру, мақаланың жазудағы кемшіліктер туралы сараптап, өзіндік ой-тәжірибелерімен бөлісті.
«Журналист мақаланы жазбас бұрын ең алдымен мәселені жіліктеп алғаны жөн. Үш бөлікке бөліп, оның мазмұнын ашатындай ақпараттарды толықтырып алуы тиіс.
Сондай-ақ, мақала тақырыбын ашу үшін оның ішкі әлеміне ене білуі тиіс. Егер тілші жазар дүниесінің әлеміне кіре алмаса, оны оқырман да тұшынып оқи алмайды.
Бұдан басқа, айтар ойын қысқаша сөйлемдермен түйіндей білгені дұрыс. Мүсіншілер жасап жатқан дүниесінің кем-кетігін түзетіп, жонады ғой. Сол секілді әр тілші жазған мақаласын бірнеше рет оқып, басы артық сөздерді алып тастап, жүйелеуі қажет. Бұл – өз шығармасын редакциялау деген сөз» деді Қайнар Олжай.
Аудандық және облыстық газеттердің бетін парақтап, мақалаларға шолу жасаған Қайнар Олжай:
– Әр тілші тақырып және тақырыпшалар қоюдың әдіс-тәсілдеріне бейжай қарамағаны жөн. Бір ғана сөзбен тақырып қоюға болмайды. Ал, тақырыпшаларға келгенде бөлімде айтылатын ойды сақтап бірізділікке басымдық берілсе, оқырманға әдемі дүние ұсынған болар едік.
Сондай-ақ, қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерді өзгертуге болмайды. Айтар ойды көптің тілімен жаза салу да дұрыс емес. Мәселен, бүгін телеарналарда көптің тілімен жалпылама жазылған жаңалықтарды жиі естиміз. Мұндай жаңалықты тыңдаған көрерменнің де ойы өспейді. Сол секілді газетте әкімдердің ресми жиналыстарын оқырманға оқылымды болатындай, әдемі, көркем тілмен саптай білген жөн.
Мұның барлығы журналистің тілінің орамдылығына, шеберлігіне келіп тіреледі. Ал, бұл талап үдесінен шығу үшін тілші білімді болуы керек. Сондықтан, көбірек кітап оқу маңызды. Біліктілікті арттырып отырудың мәні зор, – деді.
Газет аудандық, облыстық, аймақтық болғанымен, жарияланатын мақала бүкіл ел оқитындай деңгейде жазылуы керек. Бұл үшін диалект сөздерге басымдық беруге болмайды. Жергілікті сөздерді қолдану ел-жұрттың оқшаулануына әкеліп соғады. Сондықтан, бүкіл Қазақ елін біріктіретіндей ортақ тілге назар аударылса, әдемі дүние жазылады.
Осы және өзге де тәжірибесімен бөліскен Қ.Олжай әрбір қалам ұстаған адам жанды және жансыз дүниелерді, әрекет пен құбылысты шатастыруға болмайтынын да алға қойды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ