
“Қадам” жобасы: жылыойлық 50 ана өз кәсібін бастады
Бүгінде Атырау облысында аналардың қабілетін арттыруға бағытталған түрлі әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Жылыой ауданындағы «Қадам» жобасы. Көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырған немесе асыраушысынан айырылған аналарға арналған жоба аясында қатысушылар психологиялық қолдау, кәсіпкерлік негіздері, СММ, қаржылық сауаттылық секілді бағыттар бойынша оқудан өтеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бастама әйелдердің ішкі әлеуетін оятып, олардың қоғамға, отбасына және өз-өзіне деген сенімін нығайтуға бағытталған. Бұл – олар үшін тұрақты табыс көзіне ие болуға берілген нақты мүмкіндік. Жобаны «Зейін-Атырау» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен үшінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеді.
Осы жоба арқылы кәсіпкерлікке нық қадам басқан аналардың бірі – Лиза Қасымова. Ол 2024 жылы жобаның екінші легіне қатысып, шаш сәндеу ісіне қызығушылық танытып, алғашқы білімін алған. Психологиялық сабақтарда ішкі сенімін нығайтқан Лиза СММ курсында әлеуметтік желіде жұмыс істеуді меңгерген. Нәтижесінде мемлекеттен 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеміс кептіру ісін бастап кеткен.
– Бұрын кәсіп бастау мен үшін тек арман еді. «Қадам» жобасы сенімсіздігімді сенімділікке, қорқынышымды әрекетке айналдырды. Қазір үйден шықпай-ақ қақталған жеміс, гранола, лимон джемі секілді денсаулыққа пайдалы табиғи өнімдерді дайындап, табыс тауып отырмын, – дейді Лиза Қасымова.
Бүгінде ол – табыс табатын көпбалалы ана, аяулы жар, өз ісінің шебері. Түрлі көрме мен жәрмеңкелерге қатысып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында «Үздік өнім иесі» атанған.
Айта кетейік, биыл «Қадам» жобасының үшінші легіне 500-ден аса өтінім түсіп, арасынан 200 ана алғашқы семинарға қатысқан. Ал олардың ішінен кәсіпке бейімі бар, талпынысы жоғары 50 әйел іріктеліп, 11 айлық кешенді оқу бағдарламасына қабылданды. Қазір олар өз бизнес-жоспарларын құрып, кәсібиліктерін шыңдауда