Атырауда аймақтық баспасөздің жаңа заман жағдайындағы дамуының өзекті мәселелері талқыланды
Atr.kz/31 қазан, 2020 жыл. Бүгін «Аймақтық баспасөздің жаңа заман жағдайындағы дамуының өзекті мәселелері» тақырыбында Атырау облыстық Бас редакторлар клубының кезектен тыс мәжілісі өтті. Оған белгілі публицист Қайнар Олжай қатысты.
Қазіргі қоғамда ақпарат құралдарының ролі қандай? Халық шынайы ақпаратқа қаншалықты қол жеткізіп отыр? Атырау облыстық Бас редакторлар клубының кезектен тыс мәжілісінде осы мәселелермен бірге, Бас редакторлардың қызметі туралы кеңірек айтылды.
Қайнар Олжайдың пікірінше, Бас редакторлар өзінің қызметінің заманға лайық жауапкершілігі мен ауыртпалығын сезінуі, редакциядағы проблемалар мен жақсы көрсеткіштерді нақты көріп, көтере білуі қажет.
- Бас редактор көп оқуы, қоғамда болып жатқан процестерді кәнігі тамыршыдай дөп басып, байқай білуі керек, — деген Қайнар Олжай орыс тілді газеттердің қазақшаға бейімделіп, табиғи процеске сай шығуы қажеттілігін де баяндады. «Әрине, мұнда басылымның сапалы шығуы маңызды» деді ол.
Басқосуда журналистердің ізденісі туралы да айтылды. Нақты дәйектер мен деректерге сүйенген мақала қашан да оқырманын табады. Ал, оны лайықты бағалау, қаламақы қоюдағы əділеттілік — журналистің кəсіби шеберлігін шыңдап, ынталандыратын маңызды фактор. Мәжіліс еркін пікір алмасу жағдайында өтті.
Өз тілшіміз
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ