Психолог Светлана Юдина: «Ұйықтап жатқан сананы ояту керек»
Психолог Светлана Юдинаның есімі Қазақстан ғана емес, әсіресе, Еуропа елдеріне кеңінен танымал. Жеке тұлғаны дамытудың психологиялық құпиясын меңгерген Светлана сал, яғни, ДЦП ауруына шалдығып, талай жылдарын арбада өткізген мүгедек жандардың аяққа тұрып кетуіне ықпал етуде. «Ұйықтап жатқан сананы ояту керек» дегенді жиі қайталайтын Светлананың жақында «Өзіңді-өзің сүйе біл» атты кітабы жарық көрді.
Еуразиялық шығармашылық Гильдияның тапсырысымен Ұлыбританияда жарық көрген кітаптың таныстырылымы – Лондон мен Стокгольм қалаларында өтті. Әлемдік бестселлерге айналған кітап бүгінде жаһандық нарықта зор сұранысқа ие. Кейіпкерімізбен Атырауға келген сапарында сұхбаттасып, жеке тұлғаны дамыту құпиялары, сәттілік формуласы туралы сұрадық…
АДАМ ГҮЛ ІСПЕТТІ
– «Как полюбить себя?» яғни, «Өзіңді-өзің сүйе біл». Еуразиялық шығармашылық Гильдияның тапсырысымен Ұлыбританияда жарық көрген кітабыңызға осындай тақырып таңдап алуыңызға қандай жағдай себеп болды?
– Уақыт атты тамаша механизммен келген көпжылдық тәжірибеден кейін арнайы әдіс-тәсілдердің көмегімен сананы, түйсікті жаңартуға болатынын түсіндім. Осылайша, сананы тазалауға мүмкіндік беретін тренингтер жобасын дайындау туралы идея пайда болды. Яғни, бұл тренингтердің көмегімен адамдар өздерін бұған дейін билеп келген кедергілерден, қорқыныштардан арылады.
Ал, кітаптың тақырыбына келсек, таңдалған атаудың сіз бен біздің ішкі түйсігімізге арналғаны түсінікті. Көп жылдық тәжірибем адамдардың сексен пайызының «эгоизм синдромына» шалдыққанын көрсетіп отыр.
Шатастырмаңыз, эгоизм мен өзіңді сүюдің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қараңыз, егер сіз өзіңізді жақсы көретін болсаңыз, сырттан махаббат іздемейсіз. Яғни, санаңыз, жаныңыз толыққанды болғаннан кейін, сіз бойыңыздағы ғажап энергияны өзгелермен бөлісе бастайсыз. Кітапта атап көрсеткенімдей, өзімді жақсы көру арқылы мен махаббат деп аталатын ғажап әлемнен өзіме де, туыстарыма да, Отаныма, тіпті, халықаралық қауымдастыққа да орын таптым.
Кітап форматының ерекшелігі сол, ол қысқа мерзімде, әрі минималды әдістерді пайдалана отырып, ішкі түйсік, ішкі жағдай туралы толыққанды ақпарат алуға және сананы трансформациялауға мүмкіндік береді. Яғни, адам сонау балалық шағынан келе жатқан кедергілердің әсерінен өзі армандаған нәтижелерге қол жеткізе алмай отырғандығын түсінген кезде, барлық мәселенің бастауында өзі тұрғанын ұғынады.
Қазір күллі мемлекетте, әлемде, жалпы кеңістікте ұлы өзгерістер жүріп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында. Десе де, адамдардың санасы сол баяғыша қалпынша өзгеріссіз келе жатыр.
Егер, жаңғыру процесі біздің санамыздан айналып өтетін болса, оның соңы тоқырауға алып келеді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, кітабымда өзімнің жеке басымдағы жағдайларды мысалға келтіре отырып, жалпы, түйсікке байланысты ақпаратты жарыққа шығаруды мақсат етіп қойдым. Шынтуайтына келгенде, адамдар да гүл іспетті. Гүлге жиі су құймасаңыз, уақыт өте келе ол сола бастайды. Демек, су біздің санамызға да керек.
– Сананы жаңғырту арқылы жетістікке жетудің арнайы формуласы бар ма?
– Оқы, қала және әрекет ет! Сол кезде арманыңызға қол жеткізесіз.
Егер өзіңіздің табысты болатыныңызға сенбесеңіз, армандамасаңыз, сіздің орныңызға кім армандауы керек?
БҮГІНГІ, ЕРТЕҢГІ ЖӘНЕ БОЛАШАҚТАҒЫ МЕН
– Десе де, өзіңізді қалай жақсы көре бастадыңыз?
– Ең алдымен, мен өзімді өзгелермен салыстыруды доғардым. Өйткені, әр адам өзінше бір тұлға. Тіпті, бір ағаштың өзінде бірдей жапырақ болмайды. Бүгінгі мен, ертеңгі мен және болашақтағы мен. Өзімді осы үш адаммен ғана салыстыратын болдым.
Бала күнімнен Отанға пайдалы болуды армандайтынмын. Себебі, сонау кеңес дәуіріндегі жаппай қудалау кезінде менің ата-бабаларым туған жерін тастауға мәжбүр болған. Кейін олар қазақ жерінде тұрақтап қалды. Міне, осы жайларды ой елегінен өткізе келе, мен мынадай деп шешім қабылдадым. Бір кездері қазақ даласы менің ата-бабаларымды қабылдап, ұрпақ жалғастығының сақталуына тікелей ықпал етті. Енді қазақ даласына алғыс айтатын менің кезегім келді. Осылайша, мен өзіме «Отаныма не істей аламын?» деген сауалды қойдым.
Президенттің бағдарламаларын оқыдым. Өз-өзімді дамыта бастадым. Осылайша, күндердің күнінде алған білімімді жинақтап, шеберлік сағаттарында, кездесулерде шыңдала бастадым.
Кездесулер көп жағдайда студенттермен арада, балалар үйлерінде өтеді. Бірнеше сағат бойына 150 адаммен пікірлесуім мүмкін. Кейде осынша уақытты бір адамға арнайтын да сәттер болады. Бастысы, бір адам өзгерсе, уақыт өте мемлекет және әлем өзгереді. Мен осыған сенемін.
Түсінген адамға біздің еліміз әлем таңырқайтын Швейцариядан кем емес. Бізде Менделеев кестесіндегі элементтерден бастап, түрлі қазба байлықтары бар. Халқымыздың үлкен мәдениеті бар. Мен мектепте оқып жүргенде анам хандардың, билердің, батырлардың, шешендердің тарихы туралы көп әңгімелейтін. Міне, осындай ғажайып мұраға ие еліміз бүгінде өзінің тарихын, мәдениетін әлемге паш ететін мүмкіндікке ие. Музыка, ою-өрнектер, әдебиетіміз және өзге де дүниелер арқылы біз қазақты жаһанға таныта аламыз.
ӘР КҮНДІ ӨЗІҢНЕН БАСТА!
– Сізді бүгінде әлем психолог қана емес, меценат ретінде де тани бастады…
– Меценаттықпен соңғы үш-төрт жылдықта айналыса бастадым.
Балалар үйлеріне, Қапшағай қаласындағы «Қамқор жүрек» атты мүгедек жандардың қоғамдық қорына ылғи қолдау білдіріп отырамын. Ол қордың президенті Ләззат Салықова. Түсініктірек болу үшін, өткенге шегініс жасайық.
Жыл сайын тамыз айында Алматыда «ТойҚазан» шарасы өтеді. Оны «Азия дауысы» фестивалінің баламасы десек те болады. Алатаудың баурайында үш мыңға жуық адам жиналады. Біреулер ән салады, домбырада ойнайды, біреулер ас әзірлейді. Сол шарада шеберхананың иесі ретінде шатыр құрдым. Біздің Ләззатпен таныстығымыз шатырдан басталды.
Сол шатырда біраз уақыт сөйлесіп, тіпті, нақты жоспарлар да жасап шығардық. Осылайша, қыздар маған өзгеруге уәде берді. Арада бар болғаны төрт ай уақыт өткен кезде мені қыздар Қапшағайға шақырды. Біздің кездесуіміз Қапшағай әкімдігіне қарасты Мәдениет үйінде өтті. Қапшағайдағы мүгедек балалардың және олардың ата-аналары үшін болған шеберлік сабағында сананы, миды трансформациялау туралы әңгімеледім.
Әдетте, психология ілімі тектік және тамырлық бағдарламаға бөлінеді. Арнайы әдістер арқылы кедергілерді жоюға болады. Шеберлік сабағы кезінде қоғамдық қордың қыздары маған тосын сый жасауды ұйғарған болса керек, музыка қойып, барлығы билей бастады. Сал ауруына шалдыққан қыздардың төрт айлық сабақтан кейін орнынан тұрып, билегенін көрген кезде шыны керек, ғажайыптар әлеміне еніп кеткендей болдым. Қазір қыздарым қолдан ойыншық тігумен айналысып жатыр. Мұның өзі керемет емес пе?
– Байқаймын, уақытыңыз өте тығыз адамсыз. Әрі психологсыз, әрі меценатсыз, әрі бизнеспен де айналысасыз. Осының барлығына қалай уақыт табасыз? Отбасыңыз да бар дегендей…
– Менің егіз қыздарым бар. Олар бес жаста. Десе де, қыздарым аналарының қандай іспен айналысатынын толықтай түсінеді. Себебі, мен оларды көптеген тренингтерге өзіммен бірге алып жүремін.
Менің күнім қалай басталады? Таңертең ұйқыдан оянғаннан кейін балаларыммен таңғы ас ішіп, балабақшаға барамыз. Жолда көлікті тоқтатып қойып, балаларыммен бірге секіріп немесе қуыспақ ойнап алуым да мүмкін.
Одан соң спортзалға, бассейнге барамын. Яғни, таңды мен өзімнен бастаймын. Тағы да қайталап айтамын, біз – өз өміріміздің қожасымыз. Өз уақытымызды да өзіміз реттейміз.
– Оқырмандарымызға нендей кеңес берер едіңіз?
– Армандау, әрекет ету, қиялдау. Міне, осы үш принципті жүзеге асырсаңыз, сәттілік сіздің көлеңкеңізге айналады. Біздің ақылымыз, санамыз, ойымыз жапондардан осал емес. Егер, әр қазақстандық ұйықтап жатқан санасын оятып, мақсатына жету жолында еңбектенсе, швейцариялықтардың өзі Қазақстанға көшіп келетін күн де туады…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА