«ЕРЛЕРДІҢ ОҚ БОЙЫ ОЗЫҚ ТҰРҒАНЫ ЖАРАСЫМДЫ»

353535535353Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған  әйел - өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Себебі, әйел – отбасының ұйытқысы, «ана» атты киелі ұғымның иегері. Анасыз отбасының, тіпті мемлекеттің келешегін елестету мүмкін емес. Бүгінде қоғамның қай саласында да ерлермен бірлесе қызмет етіп, билік тізгінін қолға алып, абыроймен атқарып жүргендер қаншама?! Жақында «Жыл үздігі-2012» марапатына ие болған Жәния Ізбасқанова  да — шаңырақтың шырайын келтірген әйел, ана. Қызылқоға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. Осы орайда Жәния Қалиқызымен әйел-ана, әйел-басшы жайында оқырмандарымызбен ой бөлісуін өтінген едік.

– Биыл мәдениет саласы бойынша «Үздік мәдениет саласының қызметкері-2012»  атан­ды­ңыз. Жал­пы, бұл сый­­­лық сіз үшін қан­ша­лық­ты ма­­­ңыз­­ды?

– Иә, «Жыл үздігі» атағының берілуі менің өмірімдегі ең маңызды  оқиға болды.  Бұл – өңірдегі саналы, салиқалы елдің жетістігі. Атақ ғана емес, шалғай ауданның бүкіл рухани һәм мәдени саласы қызметкерлерінің марапаты деп тү­сі­не­мін.

Мәдениет саласын ұстап қалу 1995-1996 жылдары өте қиын болды, ол кезде аудандағы барлық округтер мен елді мекендерде мәдени мекемелер саны   72  болды. Нарық кеудеңді  қысып тұрған кез. Гүрілдеп тұрған совхоздар тарап, талан-таражға түскен заманда жұрт клуб, кітапхананы қайтсін, жейтін тамағы, жағатын отыны жоқ халық  көмір, қи алу үшін қолда барын бір бөтелке голланд спиртіне сатқан ауыр кезең көз алдыңа келгенде жылағың келеді. Үйлері салқын, бүкіл бір отбасы бір бөлмеде тығылып, алты ай қыстан қысылып зорға шыққанын да көргенім бар. Ал, менің алдымда «аудандағы  72 мәдени ошақты қалай сақтап қаламын?» деген ой күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырды. Бюджет қысылды, «бірінші бәрін жап, сат» деді. Голландық, ағылшындық әдістер деген аукциондар шықты. Апта сайын облыстан аудандық әкімшілікке тапсырма келіп отырды.

Мен оған көнбедім. Жаяу-жалпы жүріп елді мекендердегі жиырма клуб, отыз үш кітапхананың, жеті мәдениет үйі мен он автоклубтың қызметкерлерінің бірде-бірін қысқартпай, клуб пен кітапхананы қосып, адамдарына 0,25 пайыз жалақы беріп ұстап қалдым. Ал, артық кітаптарды қапшық-қапшық қылып арқалап, аудан орталығына бір бөлмеге жинадық, бір кітапты шашау  шығармадық. Осылайша, бір клуб, бір кітапхана, бір автоклуб, тіпті кинотеатрға дейін жапқызуға да, сатқызуға да жол бермедік.

Дегенмен, бұл жағдай кейбір басшыларға ұнай қойған жоқ. Аудандағы мәдениет бөлімі таратылып, жабылып, білім, туризм және мәдениет бөлімі деген қолдан құрылған бөлім ашылды.  Қанша нарық қыссын, басқалар қыссын, шыдап, айқасып, ақыры жеңіп шықтық. Өйтпесе, аудандағы керемет 300-400 орындық мәдени ғимараттар түгел жоқ болар еді. Қазір айтуға жеңіл, ол кездегі деміміз тарылып, қорғаныш іздеп, ойға-қырға шапқанымызды ұмытқанымыз жоқ.

Ол кезде кітап оқитын адам көп еді, әр елді мекендегі кітапханаларда 3000-ға дейін кітап болды. Жаңа, сиясы кеппеген дүниелер де  үнемі апарылып тұрды, 10 түрлі газет-журналға жазғанбыз. Клубтарда  жергілікті  жастар  үшін  әртүрлі  шаралар өтуші еді.  2009 жылы бөлімге қайта келіп, жабылған клуб, кітапханаларды қайта ашайын десем, баяғы клуб, кітапхана тұрған үйлер сатылып кеткен. Тек 2010 жылдан бері ғана мүмкіндігіне қарай Мұқыр селолық округінен Жамансор, «Қайнармұнайгаз» кәсіпорнынан «Қайнар» селолық кітапханасы және клуб, Сарқұмақ кітапханалары, Сағыз селолық округінен  селолық балалар кітапханасы және  Былқылдақты, Кенбай, ал, Жамбыл ауылдық округінен  «Айдын» кітапханалары ашылды.           Еңбекке араласқаныма 41 жыл болыпты. Ал, мәдениет саласында 20 жыл еңбек еттім. Осы жылдары ауданның мәдениетін нарық қыспағынан алып шығып, бір клуб, бір кітапхана, ауданның бір мәдениет үйін сатқызуға, жекеменшікке бергізуге қарсы тұрып, бар күшімді салғанымды әлі күнге аудан тұрғындары айтып жүреді.

Еңбегім бағаланды, бұл  —  тек менің емес, ұжымдастарымның жетістігі, ауданның абыройы. Мен бақыттымын…

–  Отбасында да адал жар, аяулы ана және ардақты әжесіз. Жалпы, ген­­дерлік сая­сат­қа қа­лай қа­рай­сыз?

–  «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» дейді ғой. Әйел адам сырттың да, үйдің ішінің де сәнін кір­­­гіз­­­­ге­ні дұ­рыс. Дегенмен, өмірге сә­­би әке­ліп, со­ны жақ­сы­лап тәр­бие­лесе, бас­­­ты мін­де­тін орын­дағаны дер едім. Іскерлік, ақыл­­ды­­лық, бі­лім­­­ді­­лік жа­­ғы­­нан ал­да тұр­­ған әйел­­­деріміз бар­­шылық. Қазақстан Республикасының гендерлік саясаты біздің ауданда өз жемісін берген. Себебі, ауданда әйел басшылар жетерлік. Мәслихат хатшысы да әйел адам. Десек те, ер адамның аты ер адам. Азаматын сыйлаған халықпыз, ендеше, ерлердің оқ бо­­йы озық тұрғаны жа­­ра­­сым­ды.

–   Көңіліңіз толмайтын нәр­се­лер бар ма? Сізді не толғандырады? Қандай ой мазалайды?

– Мен қазіргі қоғамдағы оң өзгерістер мен өскелең ұрпақтың талпынысына қуанамын. Мемлекетіміз шынығып, шыңдалып  келеді. Жиырма бір жыл ішінде бойын тіктеп, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына еніп, Елбасы биылғы Жолдауында айтып өткеніндей, дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінуді жоспарлаудамыз. Бұл — ең ірі жетістік.  Ал, қазіргі жастардың оңай, мәні де мағынасы жоқ әндер айтып, сондай-ақ, атақты әншілердің әнін бұзып, өзгертіп айтуы толғандырады мені. Бұған телеарналардан күні-түні түспейтін шетелдік рок, рэп  музыкаларын кінәлаймын. Жастарымыз сол даңғаза әуенге ел­тіп, тексіздікке бой алдыруда. Шетелдің му­зыкасына айқара есік ашылып, төл өне­рі­мізге тосқауыл болып тұр. Бұл кейінгі ұрпаққа кері тәрбие береді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, бізге ендігі ең қажеті – рухани сілкініс, мәдени үдеріс. Ол үшін мұхит асып, айшылық алыс жол жүрудің де қажеті жоқ.  Ол – ұлттық тәрбие, ұлттың тарихы мен мәдениеті, рухани қазынасын тұтынып, кәдеге жарата білсе болғаны. Соңғы кездері пендешіліктен қорқатын болыппын. Қоғамдағы ең бір ажарсыз көрініс қой.

Сол пендешілікпен қылмыс та жасап, өзімен бірге өзгенің де өмірін өксітеді. Бәлкім қоғамның тек тұтынуды ғана ойлаған ашқарақ психологиясы күшейтіп жіберген болар, адамдар арасында алауыздық, көреалмаушылық белең алып барады. Пендешілік осы сұм қасиеттерден туады ғой.

– Өзіңіз осы ойларыңызды басшы, жеке адам ретінде толық жүзеге асырып жүрсіз бе?

– Өзіме баға бергенім қалай болар екен (жымиып)? Бағаны халық, басшылық берер. Күні кеше мерейімді асырған «Мәдениет саласының үздік қызметкері – 2012» атағы – білдірілген сенім, жүктелген жауапкершілік. Ынта мен жігер, құлшыныс болса, алынбайтын қамал жоқ. Мақсат-мұратыңа жетіп, ойлаған ісіңді жүзеге асыруға болады емес пе?! Кім-кім де өз идеясына, шындықтың, жасампаздықтың жеңіп шығарына толық сенуі керек.   Мен де өз жұмысымды, өз салам бойынша жоғарыда атап өткен кемшіліктерді түбегейлі жойып, халық сүйетін әндерді халыққа сол күйінде жеткізуді жүзеге асырсам деймін.

– Сіздің негізгі принципіңіз қандай?

– Әрине, халыққа қалтқысыз қызмет ету. Бар күш-жігерімді адал еңбекпен халқыма берсем деймін. «Жыл үздігі» атағы маған халықтың берген адал бағасы болса мен халқыма бас иіп, өз елімнің адал, патриот қызы болуға белімді бекем байлағанмын. Айттым ғой, көппен жұмыс істеу — қиынның қиыны. Басшымын деп тым қатал принциппен кетсең, сені ешкім ұнатпайды, «кең болсаң, кем болмайсың». Ел Президентінің саясатын адал да мінсіз атқару қолымнан келетінін әлі де дәлелдеймін.

– Қызметте де, жанұяда да жолыңыз болған бақытты жансыз, осынша күшті қайдан аласыз?

– Әр әйел өзінше бір әлем. Осы бір күрделі болмыс иесі мынау жарық дүниеде бар бақытын отбасынан, азаматы мен балаларынан іздейді және содан ғана табады. Жаныңдағы арқасүйер жарың әр кез қолдап, қамқорлық танытып жүрсе, отбасында да, қызметте де бағың жанады. Таңнан кешке дейін жүрген ізіңді бағып, жұмыс жасауыңа мүмкіндік бермей отырса, қызметіңнен де берекет кетеді. Сыйластық, сенім, кеңдік, мейірім қажет. Яғни, ол дегенің — кемшіліктері мен осалдықтарын мейлінше терең түсініп, кешіре білу, өзгелер үшін жауапкершілікті сезіну, лайықты дәрежеде жарыңа, өзіңе сену, сендіре білу күші мен мінез беріктігі, ең бастысы, өмірге және адамдарға деген сүйіспеншілік.  Газет оқырмандарына әрбір күндеріңіз қуаныш пен бақытқа толы, еліміз тыныш болсын демекпін.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз