Профессор Қайыржан Әбисатовқа зор құрмет көрсетілді
Профессор Қайыржан Әбисатовтың 80 жасқа толу құрметіне орай Атыраудағы «Ренессанс» қонақүйінде «Онкологиядағы инновациялық технологиялар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, елімізге, шет елге танымал онколог Қайыржан Әбисатұлын мерейтойымен құттықтады.
— Қайыржан Әбисатұлын жиырма жылдан бері танимын. Ол кісінің адамдармен сыйластығы, қарым-қатынасы ерекше. Болмысынан бөлек. Сіздердің мамандықтарыңыздың атауының өзі адамдарды шошытады, бірақ, кәсіби біліктіліктеріңіздің ар-қасында дене жарақатын жазып қана қоймайсыздар, жан жарасын да емдейсіздер. Алайда, сіздерге емделуге келетіндердің қатарында ауруын асқындырып алғандар да кездеседі. Халықтың саулығын сақтауды Мемлекет басшысы жыл сайын бірінші кезекте айтып келеді. Соңғы жылдары онкология саласына көңіл бөлініп, орталықтар салынуда, жаңадан қондырғылар сатып алынуда. Бірақ, әр адам өз денсаулығына өзі жауапты болмаса, бұл жасалынып жатқандардың бәрі бекер. Қайыржан ағаның бар ғұмырын бұл аурумен күреске арнауы да – халықтың саулығына алаңдағанынан, елге сүйіспеншілігінен туындаған жүректің қалауы деп білемін. Ер азаматтың қандай да жетістікке жетуі ақылды, парасатты әйелге байланысты. Осы орайда өмірдің барлық кезеңін бөлісіп келе жатқан Қайыржан Әбисатұлының жұбайына деген құрмет те ерекше, — деген аймақ басшысы жерлесіміздің отбасына береке, ұзақ ғұмыр тіледі.
Конференцияға ТМД елдерінің және Испаниядағы Мадрид онкологиялық орталығының қызметкерлері мен еліміздегі ғылыми зерттеу институттарының профессор, ғалымдары келді. Қатысушылар еліміздегі онкологиялық аурудың алдын алу, шұғыл жасалу керек оңтайлы әдістерді ортаға салды. Сонымен қатар, жиында профессор Қайыржан Әбисатұлының медицина саласына қосқан үлесі, әсіресе, медициналық оқу орындарының студенттеріне арнап шығарған оқулықтары жайлы айтылды. Білікті дәрігер атанудың жөні бөлек. Ал, кейінгі ұрпаққа азық болар том-том кітап жазу одан да асқан жауапкершілік жүктері сөзсіз.
Қайыржан аға инженер болуды армандаған екен, алайда, анасының ұзақ сырқаттануы оның болашақ тағдырын анықтады. Төсекке таңылған анасына «дәрігер боламын» деп уәдесін береді. Дәл солай болады.
1960 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық институтын ойдағыдай аяқтағаннан кейін жас маман Мәскеудегі КСРО медициналық ғылым академиясының академия институына түсіп, КСРО Медицина ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, профессор Б.Петерсонның басшылығымен 1964 жылы – кандидаттық, 1983 жылы докторлық диссертацияларды қорғады.
Жиын аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылыми академиясының корреспондент мүшесі Диляра Қайдарова, Испанияның Мадрид онкологиялық орталығының PhD докторы, сәуле арқылы емдейтін терапевт Майя Джугашвили, профессор Михайл Давыдов, И.П.Павлов атындағы хирургия және жедел жәрдем ғылыми зерттеу институтының эндоскопия бөлімінің жетекшісі Александр Смирнов, медицина ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық диспансердің химия-терапия бөлімінің меңгерушісі Дауранбек Арыбжанов және басқалары еліміздегі қатерлі ісік ауруларын емдеудің инновациялық технологияларын одан әрі дамыту жайында пікірлерін ортаға салды.
Мерейтой иесі – 150-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, онның үстінде студенттерге арналған монография жазған. Ғылым саласына қосқан үлесі үшін жиында Қайыржан Әбисатұлы Клиникалық және фундаментальды медицина академиясының академигі атағына ие болды. Айта кетейік, 2011 жылы аталмыш академияның негізін қалаған медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Мүминов болатын. Академияға негізінен өмірлік тәжірибесі мол, ғылымға қосқан үлесі зор тұлғалар ғана мүше болып келеді.
Ғалымның бір топ әріптестері, қатарлас құрбылары мерейтой иесіне арнап жүректен шыққан өлең жолдарын оқып берді. Келесісі портретін табыс-тады, құшақ толы гүл шоқтарын сыйлады.
Конференцияның екінші бөлігі пленарлық отырысқа ұласты. Онда ғалымдар обыр ауруын емдеудің бүгінгі жай-күйі, инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізу мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.
Майя ДЖУГАШВИЛИ,
Испанияның Мадрид онкологиялық орталығының PhD докторы, сәуле арқылы емдейтін терапевт:
Жылы сөз жанды емдейді
— Конференцияға қонақ ретінде шақырылғаныма қуаныштымын. Атыраудағы басқосу әлемдік деңгейде өткізілетін жиындардан еш кем болмады. «Инновациялық технологияларды жасау және жетілдіру, кадрлар даярлау саласындағы испан-қазақ ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастығы» тақырыбында баяндама жасадым. Өткен жылдан бері Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтымен келісім-шарт арқылы қызмет жасап келеміз. Төрт жылдан бері Алматыдағы онкологиялық диспансермен бірлесіп жұмыс жасадық. Қазақстандық студенттер қатерлі ісік, радиология, хирургия бойынша магистратура, докторантура бағытында жыл бойына Испанияда оқуға мүмкіндік алды. Қазір 2015 жылғы бір түлегіміз Алматыдағы диспансерде қызмет етеді.
Ал, мерейтой иесінің есімін жиі естігеніммен, жеке көріп, кездескен емеспін. Конференцияда атағы көптеген елге таралған танымал онколог Қайыржан Әбисатұлымен танысқаныма қуаныштымын.
Қазақстанда қатерлі ісік ауруын емдеуге жақсы көңіл бөлінуде. Дегенмен, «жіберілетін кемшіліктің бірі – ауруы асқынған адамды емдемейтіні» дер едім. Керексіз адам ретінде шектеп, ауруханаға да жатқызбай үйіне жібереді. Осыдан науқастың жүйкесі жұқарып, өз-өзінен қиналып, дертіне дауа болар дәрі мен жылу таппай өмірден өтеді. Негізінде, ауруды уақытша басатын дәрілер жеткілікті. Испанияда керісінше, науқасты өмірінің соңына дейін дәрігерлер қарап, бағып, психологиялық көмек береді. Дәріні де аяп қалмайды. Соңғы мүмкіндіктің бәрін жасайды.
Диляра ҚАЙДАРОВА,
Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының директоры:
Еш жеріңіз ауырмаса да, тексеріліңіз!
— Ресми дерек бойынша, қазір елде 156 мың адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Күн сайын жүзге тарта жаңа қатерлі ісіктің пайда болғаны туралы дерек тіркеледі. 2015 жылы 36 438 жаңа оқиға тіркелген, жылына 16 мың адам обырдан көз жұмады.
Қазақстанның көптеген тұрғыны тері қатерлі ісігі, асқазан мен өкпе қатерлі ісігі секілді онкологиялық дерттерге шалдығады. Сондықтан, ел тұрғындары еш жері ауырмаса да, тегін тексеруден өтіп тұрғандары дұрыс.
Қатерлі ісік негізінен гендік жағынан бейімділіктен туады. Обыр күйзелістен, гормоналды өзгерістерден пайда болады, оның вирусты этиологиясы да бар. Темекі тартқандарда өкпенің қатерлі ісігі пайда болады, алкоголь асқазан және бауырдың қатерлі ісігіне әкеледі. Дұрыс тамақтанбау, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары – бәрі ауруға әкелетін қатерлер.
Мұндай дерт, әсіресе, Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында кең таралған. Оңтүстік Қазақстан және Маң-ғыстау аймақтарында мұндай ауруға шалдыққандар сирек кездеседі.
Өкінішке орай, елімізде сүт безі қатерлі ісігі ауруы «жасарып» келеді, бізге 28-35 жастағы әйелдер жүгініп жатады. Дегенмен, Қазақстанда аталмыш дертті ерте анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік бағдарлама жұмыс істеуде.
Бүгінде 40-60 жас аралығындағы әйелдер әр екі жыл сайын тексерістен өтіп тұрады. Мемлекетіміз бұл тұрғыда алдыңғы қатарда. Біз – тегін скринингтік жүйені енгізген ТМД-дағы жалғыз елміз.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.