Әмина Нысанғалиева: Президенттің Жарлығын естігенде қуаныштан жылап жібердім
Atr.kz/26 маусым, 2019 жыл. Мемлекет басшысының көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар жандардың несиесін жабу жөніндегі Жарлыққа қол қоюы – өте батыл шешімдердің бірі болды. Бұл туралы ойын Балықшы аймақтық мүгедктер қоғамының төрайымы Әмина Нысанғалиева «Atr.kz» сайтына айтып берді.
«Мұндай тосын жаңалықты естігенде қуанғаннан толқып кеттік. Расымен де, қазір екінің бірінде банкке берешегі бар. Мақұл, он екі мүшесі сау адам жұмыс жасап, табыс табуы мүмкін. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тағдыр тауқыметін тартып отырған тұрмысы төмен отбасылар қайтеді? Олардың мемлекеттен алатын жәрдемақылары күнделікті нан-судан артылмайды. Сондықтан қарызға ақша алуға тура келеді. Бірақ, төлейтін мезгіл жеткенде, ауыздан жырып банкке барын беріп жатады.
Бүгінде еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.
Бұл – еліміздегі барлық өңірге қатысты жағдай. Міне, осыны байқаған болуы керек, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жарлыққа қол қойып отыр. Оның айтуынша, көптеген азаматтардың несиелік жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз несиелерін өтеудің жолдарын таба алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етуде. Несиелердің 86%-ынан астамының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды. Қарыздардың орташа мөлшері — шамамен 300 мың теңге» дейді ол.
Бұдан бөлек, биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздың жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ