pph8tn5slkekortm3wub770kjgldj0

Президенттік жастар кадрлық резервіне құжат қабылдау жалғасуда

Жаңалықтар

 Atr.kz/27 қыркүйек, 2019 жыл.   ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Жас талантты жастарды қолдау барысында көптеген жұмыстар жүргізілуде.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында елімізді дамытуда жастардың потенциалының ерекше екенін айтып, «Президенттік жастар кадрлық резервін» жасақтауға тапсырма берген болатын.
Бұл «Жастар жылы» аясында білімді әрі дарынды отансүйгіш жастарымызға берілген айрықша мүмкіндік. Білімі мен біліктілігі сәйкес тәжірибелі жас азаматтар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты.
«Президенттік жастар кадрлық резервіне» қабылданған жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық лауазымға тұруға бірегей мүмкіндік ашылады деп көзделуде. Жоғары лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады. Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды.
«Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына іріктелген азаматтардың тағайындалуы көзделген лауазымдардың тізбесі:
– министрлер мен олардың орынбасарлары;
-облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері;
– орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;
– квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағалары және мүшелері;
– орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;
– орталық және жергілікті мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары;
– облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері.
Президенттік жастар кадрлық резерві экономикалық және қаржылық саясат; әлеуметтік саясат; инфрақұрылымды және қызмет көрсету салаларын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және қоршаған ортаны дамыту; сыртқы және ішкі саясат; құқықтық саясат бағыттары бойынша құрылады.
Жобаға құжат тапсыру кезінде жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, тиісті тұлғалардан ұсыным хаты бар Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатыса алады.
Ұсыным хат келесі тұлғалардың бірінен ұсынылуы тиіс:
– Президенттік жастар кадрлық резервіне кандидат жұмыс істейтін және/немесе жұмыс істеген ұйымның басшысынан;
– ұлттық компания, ұлттық холдинг, ұлттық даму институты басқармасының төрағасынан немесе оның орынбасарынан;
– мемлекеттік саяси қызметшіден;
– орталық атқарушы органның жауапты хатшысынан, орталық немесе жергілікті мемлекеттік орган аппаратының басшысынан;
– ҚР Мәжілісінің, Парламент Сенатының депутатынан, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихат хатшысынан.
Ескеретін жайт, жобаның іріктеуіне Президент тағайындаған саяси мемлекеттік қызметші қатыса алмайды.
Бүгінгі таңда, Президенттік жастар кадрлық резервіне құжат тапсыру жалғасуда. Ол үшін жобаның талаптарына сай келетін үміткерлер pkrezerv.kz сайтына өтуі керек. Жобаға қатысуды тіркеу және құжаттарды қабылдау 2019 жылдың 1-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Тіркелу кезінде кандидат расталған дербес деректерін (ЖСН, АӘТ, туған күні, e-mail, телефон) енгізіп, жеке кабинетін толығымен толтыруы тиіс (тұрғылықты жері, білімі, жұмыс өтілі, лауазымдар тобын және бағыттарды таңдау, басқа да қосымша ақпарат).
Кандидаттың өтінімі қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, кандидат Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
Іріктеу -қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу және кандидатураларды ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қарау және Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау секілді 5 кезеңнен тұрады. Әр кезең белгіленген уақытта өткізіледі. Кезеңдердің уақыттары pkrezerv.kz сайтында нақты көрсетілген.
Алғашқы «Қабілеттерді тестілеу» кезеңі кандидаттардың талдамалық және сыни ойлау деңгейін анықтауға бағытталған. Тестілеу 1 күннің ішінде кандидат үшін ыңғайлы кез келген уақытта автоматтандырылған жүйеде өткізіледі. Ең жоғары нәтижелерді жинаған кандидаттар іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.
Келесі «Тестілеуді верификациялау» кезеңінде тестілеу үдерісі видео және аудио тіркеуді қамтиды. Бұл кезеңде де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендер келесі кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Іріктеудің кешенді сатысы болып табылатын «Әлеуетті бағалау» кезеңі «жобаны ұсыну», «эссе жазу», «құзыреттерді бағалау» сияқты 3 құрамдас бөліктен тұрады. Жобаны көрсету мен эссе жазу онлайн түрінде жүзеге асырылса, құзыреттерді бағалау кандидаттың жеке қатысуымен өткізіледі. Аталған кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлер Сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке сұхбаттасуға шақырылады.
Сараптама комиссиясы өткізген сұхбаттасудың және кандидаттар туралы мәліметтерді талдаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын кандидаттардың тізімі қалыптастырылады.
Іріктеудің соңғы кезеңіне кандидаттардың қатысуы көзделмейді. Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия отырысының қорытындылары бойынша «Президенттік жастар кадрлық резервіне» қабылдау туралы шешім қабылданатын болады. Қабылданған шешім кандидаттың Жеке кабинетінде жарияланатын болады.
«Президенттік жастар кадрлық резерві» еліміздің дамуына білімді және дарынды жас буынның келуіне жол ашады.

Шолпан ҚАЙНЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған