
Президенттік жастар кадр резервіне келесі іріктеу басталады
Ел болашағына бейжай қарамайтын, білімді әрі бастамашыл жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында төртінші іріктеу жарияланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің АОД басшысы Нұрлан Еркебаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– Биылғы іріктеудің ерекшелігі – әр салалық бағыт бойынша квоталар бөлініп, пропорционалды түрде жүргізілуінде. Бұл өз кезегінде салалар бойынша теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан ауқымды жоба. Бұған дейін 60 мыңнан астам үміткер қатысып, 400 азамат резервке алынды. Бүгінде олардың 80%-ы мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымда табысты қызмет атқаруда, — деді Нұрлан Еркебаев.
Алты кезеңнен тұрады іріктеу мезгілі маусым-қазан айлары аралығын қамтиды. Алғашқы кезеңнің құжаттары 1 маусымнан бастап онлайн қабылданады. Келесі кезеңдерде үміткерлердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, ситуациялық тапсырмаларды шешуі, құзыреттері мен уәждемесі бағаланады. Финалдық кезеңде Ұлттық комиссия үздік 50 кандидатты резервке қабылдайды.
Спикердің айтуынша, қатысушыларға қойылатын басты талаптар өзгеріссіз қалады: жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі, кемінде бес жылдық еңбек өтілі керек және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен болмауы тиіс.
– Президенттік жастар кадр резерві – кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондықтан ел дамуына үлес қосамын деген әрбір жасты бұл іріктеуге белсенді қатысуға шақырамыз, – деп қорытындылады Нұрлан Еркебаев.