
Президент Жолдауы нақты істерге жол ашты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, Жолдауда белгіленген басым бағыттардың өңірлік деңгейде іске асырылуы бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жиын барысында бизнес өкілдері де сөз алып, экономикалық саясатты жүзеге асырудағы өз көзқарастарын білдірді. Атап айтқанда, «Интаго Казахстан» ЖШС директоры Азамат Асылбеков Жолдауда көтерілген міндеттерді өндіріс пен инвестиция тұрғысынан жүзеге асыру жолдарына тоқталып, мазмұнды баяндама жасады.

– Биылғы Президентіміздің Жолдауы – еліміздің дамуының жаңа кезеңін бастаған тарихи құжат. Онда айтылған әрбір тапсырма – жай ғана нұсқау емес, болашағымызды айқындайтын стратегиялық бағдар, ұрпаққа қалдырар жол картасы, – деді Азамат Асылбеков.
Оның айтуынша, Жолдауда қойылған міндеттер, әсіресе индустрияны жаңа сапаға көтеру, инвестиция тартуды күшейту, экспортты ұлғайту және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – еліміздің экономикалық бағытын айқындайтын басты бағыттар.
Бизнес Жолдауды жүзеге асырудың қозғаушы күші. Мемлекет қаншалықты қолдау көрсетсе де, бұл міндеттерді нақты іске асыратын басты күш бизнес қауымдастығы. Президент Жолдауы мемлекеттік саясат пен кәсіпкерлік бастаманың үйлесімді синергиясын қажет етеді. Мемлекет инфрақұрылым қалыптастырады, заңдық негіз береді. Ал оны нақты өндіріс пен жұмыс орындарына айналдыратын – отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар, – деді ол.
Атырау өңірінде жүзеге асып жатқан бірқатар ірі жобалар Жолдаудың нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Соның ішінде «Интаго Казахстан» – геосинтетикалық материалдар өндіретін зауыт. Бір жылдың ішінде 4 жаңа цех іске қосылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнімдер Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түрікменстан нарығына экспортталып жатыр.
«Талшықтекс» – полипропилен негізіндегі тоқыма материалдары мен биг-бегтер шығаратын кәсіпорын. Бұл – импортты алмастырудың нақты мысалы.
«Фибратекс» – пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, полиэфирлі талшық шығаратын экологиялық жоба. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, келесі көктемде іске қосылмақ.
Өңірлік бастамалар – өнеркәсіпке серпін бермек
Азамат Асылбеков баяндамасында Атырау облысының Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарына да тоқталып өтті. Облыс әкімінің бастамасымен өткен бұл сапардың нәтижесінде бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылған.
– Қытайдағы ірі машина жасау және өндірістік жабдық шығаратын кәсіпорындармен келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде тоқылмаған геотекстиль өндіруге арналған екінші желіні сатып алу туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ штапельді талшық және ПЭТ флекс өндіруге арналған жабдықтарды алу жөнінде келісімдер жасалды. Бұл – өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға зор серпін береді, – деді ол.

Жиында «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрағасы Нұртас Байжанов Жолдау міндеттерін жүзеге асыру жолдарын ұсынды.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, стратегиялық бағыт ретінде атап өтті. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына жол ашатын маңызды сала. Сондықтан біз үшін бұл міндеттердің мәні ерекше, – деді Нұртас Байжанов.
Спикер ауыл шаруашылығы жерлерін халық игілігіне қайта қайтару мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Президент тапсырмасына сәйкес жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Енді сол жерлердің айналымға әділ әрі тиімді енгізілуі маңызды.
– Жер нақты еңбек етіп жүрген шаруалардың қолына тимейінше, ауыл шаруашылығының тиімділігі артпайды. Бұл процесті ашық жүргізіп, қоғамның және «Ауыл» партиясының ұсыныстарын ескеру қажет, – деді партия өкілі.
Нұртас Байжанов өңірдегі агроөнеркәсіптің негізгі бағыты – мал шаруашылығы, балық шаруашылығы және бау-бақша өнімдерін өндіру екенін атап өтті. Алайда бүгінде бұл өнімдердің көбі шикізат күйінде өткізілуде.
– Бұл жағдайдан арылу үшін ет пен сүтті терең өңдеу, балықты қайта өңдеу зауыттарын дамыту қажет. Сонымен қатар, бау-бақша өнімдерін сақтайтын қоймалар мен консервілеу цехтарын көбейту – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне де, экспорттық әлеуетіне де оң әсер етеді. Жылыжай шаруашылығын дамыту – аса өзекті мәселе. Бұл көкөніс пен бақша өнімдерін жыл он екі ай үздіксіз өндіруге жол ашады, – деді ол.
«Ауыл» партиясының өңірлік төрағасы облыстағы шаруашылықтардың көбісі ескі техникаға тәуелді екенін алға тартып, жаңа технологияларды енгізудің маңызын жеткізді.
– Президент атап өткендей, дәлме-дәл егіншілік, агро-дрондар, су үнемдеу технологиялары – қазіргі ауыл шаруашылығының басты құралына айналуы тиіс. Осы ретте фермерлерге жаңа техника мен технологияларды жеңілдетілген лизингпен ұсыну, оқыту орталықтарын ашу – біз ұсынып отырған бастамалар, – деді Нұртас Жарылғасынұлы.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы ғылымын өндіріспен ұштастырудың маңызын көтеріп, нақты ғылыми зерттеулерді қолдау керектігін айтты.
– Мал тұқымын асылдандыру, балық қорын молайту, жергілікті климатқа бейім бақша дақылдарын өсіру – осы бағыттағы ғылыми жобаларға қолдау қажет, –деді ол.
Баяндаманың соңында Нұртас Байжанов шаруалар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – қаржыға қол жеткізу екенін атап өтті.
– Жеңілдетілген несиелер беру, ауыл шаруашылығын сақтандыру жүйесін дамыту – фермерлердің тұрақты және сенімді жұмыс істеуіне негіз болады. Бұл – Президент Жолдауындағы маңызды бағыттардың бірі, – деп қорытындылады ол.

Кездесуде Құрманғазы ауданының тумасы, жол инфрақұрылымы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен зейнеткер маман Ержан Рысқалиев та өз пікірін ортаға салды. Ол еліміздегі көлік-логистика саласына қатысты Президент тапсырмаларын өңірлік деңгейде орындаудың маңыздылығына тоқталды.
-Президентіміздің Жолдауында жүк тасымалы мен логистикаға ерекше көңіл бөлініп, маңызды тапсырмалар берілгенін білеміз.
Атырау облысы – еліміздің геостратегиялық тұрғыдан аса маңызды өңірі. Ол «батысқа ашылған қақпа» болып саналады. Сондықтан жол-көлік инфрақұрылымының сапасы – тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің экономикалық даму қарқынына тікелей әсер етеді.
Өңірімізде жол саласында бірқатар істер атқарылуда. Әсіресе көптен күткен, халықаралық дәліз мәртебесіне ие болған Атырау–Астрахань автожолының Ресей шекарасына дейінгі бөлігі аяқталып, халық игілігіне берілгені – үлкен қуаныш. Дегенмен, осы жолдың Атырау қаласына кіре беріс учаскесіндегі құрылыс әлі аяқталмағанын атап өткім келеді. Бұл жұмысты дер кезінде бітіру халыққа зор қолайлық әкелер еді.
Сонымен қатар, аталған жол арқылы өтетін транзиттік жүк көліктері қала ішінен өтіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Осы мәселені шешуге бағытталған Атырау қаласының солтүстік айналма жолының құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Бұл жобаны жеделдету – өңір үшін аса маңызды.
Бұдан бөлек, Атырау–Доссор тасжолы бойында орналасқан ірі кәсіпорындардың (ТШО, НКОК, ЭМГ, KPI, Ескене газ өңдеу зауыты және т.б.) жүк ағынына байланысты көлік қозғалысы өте қарқынды. Жолдың тарлығынан жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Сондықтан бұл жолды екі жолақтан төрт жолаққа кеңейту мәселесін қарастыруды сұраймын.
Сондай-ақ, өңір үшін аса маңызды бағыттардың бірі – Атырау–Орал тасжолы. Бұл жол облыс орталығын еліміздің батыс аймақтарымен байланыстыратын негізгі артерия саналады. Қозғалыс көлемінің артуына байланысты жолдың сапасын жақсарту және қауіпсіздігін арттыру өзекті болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды да жеделдетіп, толықтай жаңғырту қажет деп санаймын.
Қазіргі таңда транзиттік көліктердің шамадан тыс жүктемесі өзге жолдарға түсіп отыр. Осыған байланысты Құрманғазы ауданының Асан–Азғыр–Балқұдық ауылдары арқылы Батыс Қазақстанға шығатын жолды салу қажет деп есептеймін. Бұл – транзиттік көлік үшін де, сол өңірдің халқы үшін де үлкен мүмкіндік болар еді.
Логистиканың маңызды бөлігі – әуе және теміржол тасымалы. «Ашық аспан» режимі енгізіліп, жаңа әуежай салу жоспарланғанын білеміз. Осы жобаны жеделдетіп жүзеге асыру өңірдің әуе қатынасын кеңейтіп, халыққа қолайлы жағдай туғызар еді. Сонымен қатар, Атырау теміржол вокзалы кеңес дәуірінде салынған және қазіргі талаптарға сай емес. Сол себепті әуежай мен вокзал ғимараттарын жаңарту қажет деп есептеймін, – деді Ержан Сайыпұлы.

Оның бұл ұсыныстары жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тауып, бірқатар мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
Жиында сондай-ақ су шаруашылығы саласында көп жыл еңбек еткен ардагер маман Айгүл Арыстанова да баяндама жасап, өңірдегі су қауіпсіздігіне, ресурстарды тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығындағы су тапшылығына байланысты бірқатар маңызды жайттарды көтерді.

-Атырау облысының климаты қатаң континенталды, жаз мезгілі аса ыстық әрі құрғақ, қыс маусымы суық, жауын-шашын көлемі республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Облыста ірі өзендердің жоқтығы, тек Жайық пен Қиғаш өзендеріне тәуелділік, жергілікті су көздерінің тапшылығы өңірдің су мәселесін күрделендіріп отыр. Осындай жағдайда Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және басқару мәселесін Жолдауда арнайы көтеруі – біздің өңір үшін айрықша маңызды әрі уақытылы бастама, – деді Айгүл Арыстанова.
Сарапшының сөзінше, су ресурстарын басқару бүгінде ел көлемінде ең өзекті мәселелердің біріне айналған. Президент Жолдауында су тапшылығының жыл өткен сайын тереңдеп бара жатқаны ерекше атап өтілді. Бұл құбылыстың зардабы тек ауыл шаруашылығына емес, халықтың тұрмыс сапасына және жалпы экологиялық ахуалға әсер етіп отыр. Атырау жағдайында бұл әсіресе күрделі, себебі өңірдің негізгі су көзі – Жайық өзенінің деңгейі жылдан-жылға төмендеп келеді. Бұл өз кезегінде экожүйеге, балық қорының азаюына және тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей ықпал етуде.
Баяндамашы ауыл шаруашылығы саласында судың әлі күнге дейін тиімсіз, дәстүрлі тәсілдермен пайдаланылып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл судың шамадан тыс шығынына себеп болып отыр. Ауылдық елді мекендердің 94 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанымен, кейбір ауылдар әлі де тұрақты әрі сапалы суға толық қол жеткізе алмай отыр.
Осыған орай, мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылды.
Біріншіден, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігі атап өтілді. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдану арқылы суды әлдеқайда тиімді әрі ұтымды пайдалануға болады. Мұндай технологияларды ендіру үшін шаруаларға жеңілдетілген несие мен мемлекеттік қолдаудың қолжетімді болуы маңызды.
Екіншіден, магистральды және шаруашылықішілік каналдардың жай-күйі алаңдатарлық. Олардың көбісі лай басып, өткізу қабілетін жоғалтқан. Соның салдарынан суармалы жерлерге су толық жетпей, жолда 30 пайызға дейін жоғалады. Бұл проблеманы шешу үшін каналдарды механикалық тазарту, бетондау және заманауи мониторинг жүйелерін енгізу қажет.
Үшіншіден, қалалар мен аудандардағы су мекемелерінің жұмысын толықтай цифрландыру ұсынылды. Осы бағытта «ақылды есептегіштерді» орнату, онлайн төлем жүйесін жеңілдету, сондай-ақ су шығынын нақты есепке алу – басты басымдықтар қатарында. Мұндай жаңашылдықтар апаттық жағдайлардың алдын алып, тұтынушыға да, қызмет көрсетушіге де тиімді болмақ.
Төртінші мәселе ретінде Қиғаш–Маңғышлақ магистральды су құбырының тозу жағдайы көтерілді. Бұл су арнасы өткен ғасырдың 80-жылдары пайдалануға берілген, қазір оның өткізу қабілеті айтарлықтай төмендеген. Айгүл Арыстанованың пікірінше, құбырды кезең-кезеңімен жаңғырту, жаңа сорғы стансаларын салу және автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу – уақыт талабы. Себебі бұл тек Атырау өңірі үшін ғана емес, бүкіл Батыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселе.
Сонымен қатар, маман су саясатын ғылымға негіздеу керектігін алға тартты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының 2022 жылы Каспий теңізін зерттеу институтын құру туралы бастамасын дер кезінде көтерілген маңызды қадам ретінде бағалады.
-Институт Каспийдің гидрологиясын, экожүйесін, биоәртүрлілігін кешенді түрде зерттеп, теңіздің тартылуы мен биоресурстардың азаю себеп-салдарын анықтайды. Сондай-ақ мұнай-газ өндірісінің теңіз табиғатына әсерін бағалап, климаттың өзгеруін ғылыми тұрғыда зерделейді. Бұл құрылым Каспий маңы елдерімен бірлескен зерттеу жүргізуге жол ашады, – деді баяндамашы.
Қорытындылай келе, Айгүл Арыстанова су саласындағы реформалар инженерлік деңгеймен шектелмеуі керек, ол – стратегиялық, экологиялық және әлеуметтік өлшемдерді ескере отырып шешілуі тиіс маңызды сала екенін айтты.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Жолдаудың ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Облыста Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттарды іске асыру мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынған.
Аймақта цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізуге ерекше мән берілуде. Мәселен, «Nazar» жобасы аясында 64 мектепке 2 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл жүйе болашақта жасанды интеллект негізінде оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі мен қызығушылығын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қаланың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Aqyldy Qala» жобасы жүзеге асуда. Онда интеллектуалды бақылау жүйелері қолданылып, қоғамдық тәртіпті қадағалау тиімділігі артуда.
Облыс әкімі мәлімдегендей, 2029 жылға дейін жалпы құны шамамен 7 триллион теңгеге жуықтайтын 46 инвестициялық жоба іске асырылады. Соның нәтижесінде 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, құны 6,5 трлн теңгені құрайтын бес ірі мұнай-газ химия кешені салынуда. Бұл өндіріс орындары мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

-Ауыл шаруашылығы саласында жер ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту және суды үнемдеу технологияларын енгізу бағытында нақты қадамдар жасалуда. Жақында құрама жем зауыты мен бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Ал 2027 жылға дейін жалпы құны 48 млрд теңгеге бағаланатын 12 жоба жүзеге асырылады.
Көлік инфрақұрылымы бойынша биыл 300 шақырымнан астам жол жөнделіп, жергілікті жолдардың сапа көрсеткіші 78%-ға жетті. Ал осы жылы бұл көрсеткіш 82%-ға дейін артады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда солтүстік айналма жолының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Атырау–Доссор» және «Атырау–Орал» автожолдарын жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға қарай 15 халықаралық әуе бағыты ашылып, әуежай жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсете алатын деңгейге жеткізілмек,- деді Серік Жамбылұлы.

Экологиялық жағдайды жақсарту бойынша да нақты нәтижелер бар. 2021 жылмен салыстырғанда атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар көлемі 24%-ға азайған. Сонымен қатар, «Сасық сай» полигонының 476 гектары рекультивацияланды. Тазарту қондырғылары мен қалдықтар полигонын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Өңір басшысының мәліметінше, әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Жаңа мектептер, денсаулық сақтау нысандары мен спорт кешендері бой көтеруде. Дәрігерлерге тұрғын үй мен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Қоғамдық қауіпсіздік бағытында 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, интеллектуалды қадағалау жүйелері енгізілуде.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, елмен тығыз байланыста жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әр бастаманың артында халықтың үміті мен сенімі тұр. Сондықтан барлық жобалар нақты нәтиже беруге бағытталуы тиіс.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ