Жарнама
Жаңалықтар

Президент Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңды мақұлдады

«Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады», — деп жазылған Ақорданың ресми сайтына жарияланған құжатта.

Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына да қол қойды. Бұл заңның мәтіні де баспасөзде жарияланды.

Айта кетейік, заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады.

-Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.

-Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.

-Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

-Мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалады.

-Талдау қорытындысы бойынша, егер уәкілетті органда сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға (Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияны Премьер-Министр жасақтайды) осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.

-Заңда уәкілетті органның орынды күмәндануына негіз болатын критерийлер нақты айқындалған. Бұл – активтер құнының заңды кірістер көлеміне немесе активтерді иемденуіне, тұлғаның немесе оның үлестес тұлғаларының активтерді белгіленген шектен жоғары бағада (жауапты лауазымға орналасу кезінде не одан кейін) сатып алуына арналған шығыстарды жабудың өзге де көздеріне сәйкес келмейтін және Заңда белгіленген басқа да негіздер.

-Комиссия тұлғаларды Реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты ескере отырып, активтерді қайтару жөніндегі алдағы шаралар туралы шешім қабылдайды, қала құраушы кәсіпорындардың активтері бойынша ұсынымдар әзірлейді.

-Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, активтер туралы декларацияны тапсыра алады (бір ай ішінде не 3 ай ішінде – құжаттарды жинау және дайындау үшін неғұрлым ұзақ мерзім қажет болған жағдайда).

-Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс.

-Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.

-Активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Заңсыз иемделінген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін.

-Шарттар ақша төлеу, активтердің бір бөлігін немесе барлығын мемлекетке қайтару, сондай-ақ толық алынбаған салықтың, келтірілген залалдың, активтерді иеленген жалпы кезең ішінде тұлға тапқан табыстың сомасын, бірақ мемлекетке келтірілген залалдан кем емес сомаларды және басқа да шарттарды қамтуы мүмкін.

-Активтерді мәжбүрлі түрде қайтару уәкілетті органның сотқа жүгінуі арқылы азаматтық процестік заңнама қағидаларының жалпы негіздемелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

-Заңда адал сатып алушыларды қорғау тетіктері көзделген.

-Мемлекет пайдасына түскен активтер Қаржы министрлігіндегі қолма-қол ақшаны бақылау шоты саналатын Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

-Активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.

-Уәкілетті орган жыл сайын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл, қабылданған жүйелі шаралар, оның ішінде ресми сайтында жарияланатын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау шараларын қамтитын ақпарат дайындайды.

-Мұндай заңдарды қолданысқа енгізу жөніндегі жалпы талаптарға сәйкес, жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілетін азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты ережелерді қоспағанда, Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

ҚазАқпарат.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button