Президент шыршасы өтті
Бүгін Атыраудағы Салтанат сарайында облыстың әр түкпірінен келген балаларға арналған Президенттің жаңа жылдық шыршасы өтті. Шараға қала мен аудандардан 300 бала – аз қамтылған жанұяның балалары, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар және әр салада жетістікке жеткен үздік оқушылар қатысты.
Мерекелік шарада Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов әр балаға Президенттің атынан дайындалған 120 мың теңгенің сертификатын және тәтті сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыс етті.
– Қымбатты балалар, әр адамның асыға күтетін екі мерекесі бар. Біріншісі – туған күн болса, екіншісі – Жаңа жыл мерекесі. Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Сендер тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үміті өздерің боласыңдар. Сол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалынуда. Сондықтан, әрқашан оқуда озат, спортта, өнерде алда көрінулеріңе тілекшімін. Армандарың орындалсын, — деген облыс әкімі жылы лебізін білдірді.
Мерекелік кеш барысында жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар ортаға шығып, мерекеге сай әдемі безендірілген шыршаның шырағын жаққызды. Кешке қатысқан балалардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Бәрі ертегі кейіпкерлерімен бірге би билеп, ойындар ойнады.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ