Президент: Сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін
Atr.kz/ 9 сәуір, 2019 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың маусым айында Қазақстанда өтетін кезектен тыс сайлауды әділ өткізуге кепілдік берді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеуінде мәлімдеді.
«Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек», — деді Президент.
Оның айтуынша, мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. «Қазақстан — демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл — менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.