Жарнама
Жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Мемлекет басшысы еліміздің бірнеше өңірінде су тасқынына байланысты орнаған төтенше жағдайды ескере отырып, кезекті сессия отырысын онлайн форматында өткізуге шешім қабылдаған. Жиынға Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері мен Ассамблея жастары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.

– Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады,- деді Қ.Тоқаев.


Мемлекет басшысы көктемгі су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан Халқы Ассамблеясы белсенді түрде жұмыс істеп жатқандығын атап өтті. Тұрғындарға жан-жақты көмек беру үшін жедел түрде Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» атты ауқымды акция аясында апат аймақтарына жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңгені құрайтын 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жіберді. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылыпты. «Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», — деді Президент.

Сондай-ақ ол Ассамблеяның жәй ұйым емес, ел ішіндегі ынтымақтастықты орнықтыруға себеп боп жүрген бірден-бір құрылым екенін атап өтті. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын тың жобалармен атап өту керектігін тапсырды. Сессия атауындағы үш ұғымға табысты түрде жету үшін Мемлекет басшысы басты үш міндетті орындау қажеттігін атап айтты.
Жиын соңында ҚР Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сіңірген еңбегі үшін Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Любина Татьяна Настеровна «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

    Малика ТӘКЕЖАНОВА

    Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

    Related Articles

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    Back to top button