Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Президент Наурыз мерекесіне орай қазақстандықтарға Үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуін назарларыңызға ұсынамыз.

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тіршілікті түлетіп, табиғатқа жан бітіретін Наурыз – біздің төл жаңа жылымыздың бастауы, жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны. Ежелгі жыл қайыру дәстүрі – халқымыздың терең танымы мен тағылымды тарихының көрінісі.

Шуақты көктем мерекесін бүкіл ел болып асыға күтеміз. Біз тағдырымызбен сабақтас әз-Наурыздан өткен ғасырда еріксіз ажырап қалдық. Егемендіктің елең-алаңында ежелгі салтымызбен қайта қауыштық. Наурыздың көне дәстүрлерін нығайту үшін Елбасы бұл мерекені мемлекеттік мейрамға айналдырды.

Жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда Наурызды жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталдым. Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс.

Сондықтан, қазір барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор көптеген шара қолға алынуда. Мұның бәрін Амал айынан кейін де жалғастыра береміз.

Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?!  

Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған.

Мейрамның терең философиялық мазмұны жақсылықты ешқашан ұмытпай, қайырымдылықтың қадірін білуге және табиғатпен үндестікте өмір сүруге үндейді.   

Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады.

Құрметті қазақстандықтар!

Қазір дүниеде геосаяси дүрбелең белең алып, халықаралық тартыстар шиеленісе түсуде. Коронавирус індеті өршіп, әлем экономикасындағы дағдарыс күшеюде. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан халқы барлық сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлігін бекемдеп, қайсарлық танытуы қажет. 

Біздің бабаларымыз ежелден Ұлыстың Ұлы күні бір-біріне көмектесіп, қиын кезеңде қолындағы барын бөліскен. Осы игі дәстүрді халқымыз әлі күнге дейін берік ұстанып келе жатқаны көңіл қуантады. 

Пандемия кезінде ондаған мың дәрігер мен мейірбике, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілер және еріктілер елдің денсаулығын сақтау үшін аянбай еңбек етуде. Микробиолог мамандарымыз аз уақыттың ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды. 

Азаматтарымыздың нағыз мәрттігі мен  шынайы жанашырлығын, зор жетістіктерін әйгілейтін мысалдар өте көп. Мұны өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Мызғымас бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында еңсесі биік ел болып отырмыз.

Әз-Наурыз – ізгілік пен қайырымдылықтың, мейірім мен жанашырлықтың мерекесі. Біз ұсынған әділетті қоғам және әлеуметтік мемлекет қағидасы осы құндылықтармен толық үндеседі.

Сонымен бірге, Наурыз – елді еңбекке жұмылдырып, ырысымызды молайтатын мейрам. Біз бабалар жолымен білек сыбана жұмыс істеп, Қазақстанды бәсекелік қабілеті зор, қуатты мемлекетке айналдырамыз.

Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз қолға алған «Таза табиғат» жобасының негізгі мақсаты – сол игі шараны жалғастыру.

Осылайша, Ұлыс күнін сан түрлі сипатта атап өту ата салтымыз бен ұрпақтар сабақтастығын сақтау  үшін керек. Қазақта «Салтына қарап, халқын танисың» деген қанатты сөз бар. Ұлттың жаңа болмысы жақсы дағды мен жағымды қасиет арқылы қалыптасады. 

Биыл біз тарихи меже – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыттың ішінде еліміз толағай табысқа жетті. Бірақ, жетістікке марқайып, босаңсуға болмайды. Біз мемлекетімізді жүйелі өзгерістерге жетелейтін ауқымды реформаларды жалғастыра береміз.

Жан-жақты жаңғыру ұлтымызды өрге бастап, Қазақстанның Мәңгілік ел болуына жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – осы!

Босағамыздан аттаған Жаңа жыл баршаңызға ырыс-несібе әкелсін деп тілеймін!

Әр шаңыраққа қыдыр қонып, құт дарысын! 

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button