ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖҮЗДЕСУ

немесе бәйтерекке айналған бәйшешек
Медицина саласының ардагері Өтеулиева Қанзиба апай арада елу жыл өткеннен кейін сіңлісін қайта тапты. Ол жастайынан жетім өскен жан еді. Оңай Лиямова – бүгінде шаңырағынан үш ұл, төрт қыз өрбіткен үбірлі-шүбірлі отбасының тұтқасы. Қоныстары – Маңғыстаудың түкпіріндегі Тұщықұдық ауылында. Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу туралы әңгімеміздің желісі мынадай:

Мынау алмағайып заманда біреу бауырынан, екіншісі жолдасынан көз жазып қалатын кезі көп. Газетіміздің оқырманы, қазіргі күні қала іргесіндегі Геологта тұратын Қанзиба Өтеулиева соның бірі болып отыр. Айта кетейік, ол – Индер күмбезі байлығын алғаш ашушылардың бірі, ҚР Құрметті геологі, марқұм Қасым Тұқфатовтың  (Индердегі №99 кен орнындағы шахта сол кісінің атымен аталады) зайыбы.

– Махамбет ауданындағы қазіргі Ақтоғай ауылы бұрын Бақсай деп аталатын, – деп бастады әңгімесін апай. – Сол елді мекенде жетімдер үйі бар еді, мен сонда фельдшерлік қызметте жұмыс жасадым (1959 жылы). «Детдомда» жүз шақты жас өскін бар болатын. Бала болған соң отыра ала ма, бірін-бірі қуалап жүгіріп немесе итеріп жығып, шуласып жататын. Бірінде осындай ойыннан соң жарға сүйеніп, жылап тұрған қызға көзім түсті. Жұбатып көріп едім, өксігін баса алмады. Құшағыма ала тұрып, өзімнің де көңілімнің құлазып кеткені. «Тағдырдың теперішін ерте көрген сәбиге қалай қорғаншы боламын?» деп налыдым.

…Қанзиба апай осыдан елу жыл бұрынғы көріністі айтса да, бәрін дәл қазір басынан өткізгендей күй кешіп отырғаны аңғарылады.

«Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз бар емес пе, сол жағдайдан кейін мен әлгі қызға қарайлап жүретін болдым. Аты – Оңай екен, қателеспесем, 4-сыныпта оқиды (1945 жылы туған). Жетімге басынан сипаған жан жақын ғой, ол маған бірден бауыр басып кетті. Медпунктіме жиі-жиі келетін, оған гемотагин, глюкоза секілді витаминдер беріп, қолымдағы барды аузына тосатынмын. Көп ұзамай үйіме де ертіп әкелдім. Бақсай ауылында тұратын әке-шешем ол кездері түйе сауатын, қолдарына мал ұстайтын. Сондықтан, ақ жеткілікті, құрт-ірімшік тағы бар. Соны жеп, сіңлім кәдімгідей әлдене бастады. Осылайша, Оңай біздің үйдің бір қызына айналды. Оны үлкендер асыға күтіп, айқара құшақ жайып отыратын».

Сұхбаттасушымыздың айтуынша, Оңайдың тағдыры өте қиын болды. Әкесі соғыстан оралмаған. Шешесі басқа адаммен тұрмыс құрып кетіпті. Қызын өзімен бірге әкетпекші болғанымен, онысына атасы көне қоймаған. Себебі, қарт отбасында бір өзі өскен, оның әкесі де кіндіктен жалғыз. «Сондықтан, майданда жүріп көз жұмған жалғыз ұлымның жалғыз қызын – немеремді ешкімге бермеймін» деп бүк түсіп жатып алған көрінеді. Әйткенмен, кейін қарттығы жеңіп, қайраты кемігендіктен, айналасындағы адамдар қызды жетімдер үйіне тапсырыпты.

«Мен 1961 жылы Индердегі Қасым Тұқфатов деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Кішкентайлы болдық. Содан бір күні маған Оңайдан хат келді. Жазуынша, медучилищені бітіре келген. Алайда, алдағы өміріне қатты алаңдаулы. «Енді қайда барамын, не істеймін, апа?» деп жазыпты хатының соңында. Ол кезде телефонның немесе басқа байланыс құралдарының орнықпаған кезі ғой, біз жолдасымыз екеуміз ақылдасып, сіңліме жауап жолдадық. Яғни, Оңайдың Индерге келіп тұруын өтіндік, оны өзіміздің қызымыздай етіп тәрбиелейтінімізді, болашақ ұясына да қолымыздан ұшыратынымызды жаздық.

…Біз оны қуана қарсы алдық. Әлі есімде, қолында ойыншық құлыншағы бар болатын. Туған қызым Гүлнарға әкелген сыйлығы екен. Содан Оңай көп ұзамай Атырау қаласындағы оқуына қайта кетті. Ал, каникулға шықса, бізге келетін. Бір күні одан тағы хат келді. Бұл жолы анасының өзін тауып іздеп келгенін, өзімен бірге алып кетпекші ойы барын айтып, тағы да «не істесем болады?» деп сұрапты. Мен «бала үшін ананың орны бөлек қой. Ал, ананың жаны баланың үстінде» дей келіп, «дегенмен, шешімді өзің қабылда» деген жауап жазып жібердім. Осылайша, Оңай анасымен бірге Маңғыстау жаққа кете барды. Содан бері оны көргенім жоқ».

Арада жарты ғасыр уақыт өтті. Алайда, «Оңай сіңлімнің тағдыры қалай болды, бағы ашылды ма екен?» деген сұрақ мені жиі мазалайтын. Іздеп көріп едім, таба алмадым. Бертін келе «Хабар» телеарнасынан берілетін «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына да бірнеше рет хабарласып, хат жолдадым. Нәтижесі көрінбеді. Сөйтіп жүргенде өткен жылдың күзінде аталған телеарнадан хабар келді. «Хатыңызды алдық, сіңліңізді іздестіреміз» деді. Қазан айында журналистер Атырауға келіп, мені бейнежазбаға түсіріп кетті. Содан бір күні олар «Апа, іздеген адамыңызды таптық!» деген қуанышты хабар айтты.

Жағдайдың бәрін тәптіштеп баяндамай-ақ қояйын, тоқталғым келгені, сіңлім Оңай Лиямовамен дәл Жаңа жылдың қарсаңында Ақтау қаласында қауыштым. Ұрпақ өсіріп, бес келін түсірген ана екен. Жолдасы да салиқалы адам екендігі байқалады. Содан құшағымыз жазылмады. Жанарым сулана отырып, көз жазып қалған қаршадай қыздың бүгінде өмірден өз орнын тапқанына, үлкен шаңыраққа айналғанына шүкіршілік еттім. Мен осынау ерекше қуанышымды ең алдымен  өзімнің «Атырауыммен» бөліскенді жөн көрдім» деді Қанзиба апа.

Әңгімеміздің кейіпкері сұхбаттасуымыздың соңында «Қазір адамдардың мейірімі азайып барады. Егер еңселі ел, ұйысқан ұлт болуды ойласақ, бір-бірімізге жақсылығымызды жасап, шуағымызды төгіп жүрейік» деп сөзін түйіндеді. Шынымен де, жетімді көрсе жұбатқан, жығылғанды сүйеп, қиналғанды демеген халқымыздың осы асыл қасиеттерін жоғалтпасақ игі. Бәйтерекке айналған бәйшешектің тағдырын сөз ете отырып, біз осындай ойдың өлшеміне тоқтадық.

Азамат БАЗАРБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз