
Президент медицина тарихында тұңғыш рет жасалған ота үшін хирургтерге алғыс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына құттықтау жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Жуырда А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы еліміздің медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салатын аса күрделі операцияны сәтті өткізді. Президент белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалған бұл операцияны отандық медицинаның зор жетістігі ретінде бағалап, орталық ұжымына Алғыс хат жолдады.
– Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға баса мән береді. Бұл ретте көптеген іргелі бастама қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде ұлттық медицина қарқынды дамып келеді. Сіздер жасаған бірегей операция – соның айқын дәлелі. Қазір еліміз өте күрделі трансплантациялық операция жасайтын әлемдегі алты мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл жетістікке отандық мамандардың, соның ішінде өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіз бен ерекше білімдеріңіздің, сондай-ақ теңдессіз тәжірибелеріңіздің арқасында жетіп отырмыз. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Болашақта да ұлт саулығын жақсарту үшін тынымсыз тер төгіп, халқымызға қалтқысыз қызмет ете бересіздер деп сенемін, — делінген Алғыс хатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін отандық медицина тарихында тұңғыш А. Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы базасында профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен трансплантолог дәрігерлер командасы бүйректі үштік айқас трансплантация жасағанын жазған болатынбыз.
Ақпаратта айтылғандай, Қазақстан бүйрек трансплантациясы бойынша жоғары технологиялық араласу жүргізіліп жатқан әлемнің алты елінің қатарына кірген еді.
kaz.inform.kz