Жарнама
Жаңалықтар

Президент кеңесшісі атыраулық қаламгерлермен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Атырау облысына іссапармен келді. Ол өңірдегі биылғы сапарын қаламгерлер және жас интеллектуал өкілдерімен кездесуден бастады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, мәртебелі мейманға жұртшылық атынан ризашылығын білдірді.

– Бұдан бір жыл бұрын келген сапарыңызда да жергілікті қаламгерлер және руханият өкілдерімен кездесіп, пікірлескен едіңіз. Облыста атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар бердіңіз. Сол дәстүрдің биыл да жалғасын тауып жатқанына қуаныштымыз. Бүгінде Атырауда әдебиет, өнер және мәдениет салаларында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бұл бағыттардың тарихы терең. Жасалған жұмыстардың барлығы – өлшеусіз еңбектің жемісі, — деді Жасұлан Орақұлы.

Жиында мемлекеттік құрылысты жаңартудағы әдебиеттің орыны, осы тақырыпта қалам тербеп жүрген жас қаламгерлердің шығармашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау реформалары туралы сөз қозғалды. Зиялы ортаны нығайтудағы басты құндылық – әдебиетке деген құштарлықты арттыру туралы сүбелі ой-пікірлер айтылды.

3d252606 3efc 4672 99b8 17f32bcbbfc9
156c744e 47ff 41e7 a9bd b812509659c6

Өзі де жазушы, аудармашы Мәлік Отарбаев мұндай басқосулардан қарапайым адам және қаламгер ретінде көп ой түйетінін, айтылған ұсыныс-пікірлердің Президенттің кеңесшісі ретінде жоғары деңгейдегі мәселелердің оң шешімін табуына сүбелі үлес қосатынына тоқталды. Халқымыздың сөз өнерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да әркез биік қадірлейтінін айтқан Мәлік Нұржанұлы қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру идеясы да осыдан туындағанын атап көрсетті.

– Атырау өңірі – нағыз шығармашыл орта. Бұл – Әбу, Жұмекен, Фариза, Рахымжан сынды алыптарды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Келесі жылы Ұлттық құрылтайды Сарайшықта өткізудің жоспарлануы да киелі өңірдің үлкен рухани орталық екенін айғақтайды. Бірақ біз өткен жылдардағы әдебиетпен шектеліп қалмауымыз керек. Жаңа мемлекет құруда бүгінгі қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алып, осы іске өзіндік үлес қосу да маңызды. Түрлі тақырыпта шығармалар жазып, кітап шығарумен қатар, әлеуметтік желілерде өзіміздің зиялы ойларымызды білдіру арқылы да қоғамға әсер етуге әбден болады, — деді Мәлік Отарбаев.

Бүгінде Атырау өңірінің руханиятында жас қаламгерлер ортасы қарқынды қалыптасып келеді. Бір ғана дәлел – қазір жаңа кітап клубтары ашылып жатыр. Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының «Алдаспан» атты әдеби сайты ашылды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Әлия Дәулетбаева айтып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдаудағы ұсыныстарын да жеткізді.

e7d2ede1 5c03 464e bf87 c9c101c93bad

127d9851 fb2e 4615 82c2 98a2d42e7d67

– Біз әрине, атақ-абырой, даңқ үшін жұмыс жасамаймыз. Бүгінгі толқынның мақсаты – «әдебиетке мен не беремін?» деген оймен қызмет ету, өз шығармашылығымыз арқылы саланы дамыту. Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі филиалында 30-ға тарта мүшесі бар. Өзіндік ізденіспен проза, поэзияға қалам тербеп жүрген жалынды жастар да аз емес. Олардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында шетел тілдерін үйренуге мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсетілсе қандай ғанибет, — деді Ә.Дәулетбаева.

Әдебиетті жасауға әуелі табандылық пен ізденіс керек. Сонда ғана мазмұнды шығарма туындайды. Сосын оны көпшілік арасында танымал ету үшін осы саладағы маркетинг жұмыстарын нығайтқан жөн. Еркін форматта өткен кездесуде жиынға қатысқан атыраулық жас қаламгерлер осы бағыттағы өзіндік ойларымен де бөлісті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button