«Елбасымен емін-еркін отырып, әдемі де әсерлі әңгіме айттық…»
Atr.kz/29 ақпан, 2020 жыл. Атыраудағы «Сарықамыс» ықшамауданының салынғанына жиырма жылға жуықтады. Сонау 2005 жылдың жазында облысқа келген кезекті сапарында Мемлекет басшысы осында болып, дайын үйлердің біріне бас сұққан болатын. Бұл туралы көзкөргендерден естігеніміз бар-ды…
Ал, Елбасымен емен-жарқын есендесіп, жаңа үйінде қабылдаған Ыбырай Төрәлиев қазір де ТШО салған коттеджде бала-шағасымен, немерелерімен тұрып жатыр. Сенбінің сәтті күні ертеңгілік Әл-Фараби атындағы көшенің №4 үйіне келгенімізде жетпістің жетегіне әлдеқашан ілессе де қайраты қайта қоймаған қадірменді қарт көлеңкеде демалып отыр екен. Амандық сұрасып, әңгімеге тартқанымызда естеліктер тығынын ағытты.
– Ыбыке, сіз осы «Сарықамыс» қалашығының алғашқы тұрғындарының бірісіз ғой.
– Ия, шырағым, мен алдымен көшіп келгендердің бірімін. Жалпы, менің ойымша, осы қалашық тарихын айтқанда, сонау уақытта Прорва кенішінің қалай игерілгенін еске түсіру керек. Өйткені, соның нәтижесінде анау Жылыойдағы бұрынғы Сарықамыс салынды. Кейін оның тұрғындары осында көшіп келді ғой.
Ал, мен 1959 жылы Доссордағы тракторшылар дайындайтын курсты бітірген соң Прорваны бастап игерушілер қатарында болдым. Әлі есімде, Бағытжан Шнашев бастаған мұнара құрастырушылар бригадасы сонда келдік. Айналасында ешқандай ел жоқ, ну қамыстың ортасында екен.
Жалпы, көнекөздердің айтуынша, қазіргі Прорва тұрған жер теңіздің түбі көрінеді. Осында үлкен балық комбинаты болған. Онда жарты мыңға жуық сотталғандар еңбек етіпті. Солар түнімен балықты тұздап, арбамен кемеге тасиды екен. «Прорва» атауының өзі сол «бір арбадан» шықса керек. Талай адам осында өліп, сол жерге көміле салған.
Кейін теңіз тартылып, су әрі кетті. Содан 1938 жылы балық комбинаты жабылыпты ғой. Сонау бері тып-тыныш жатқан өңір мұнай табылған соң қайтадан жанданды. Ең бірінші Байқадам деген кісі көшіп келді. Бүгінде өмірде жоқ Мұса есімді геолог болды. Сонда Зағипа атты қызбен танысып, Прорвада алғаш үйлену тойын жасады. Сол Зағипа әлі бар, осы «Сарықамыс» қалашығында тұрады. Ұрпақтарының қызығына кенеліп отыр. Бұл да тарих емес пе? Соңынан Балықбай Базарбаев деген тракторшы көшіп келді. Сөйтіп, кен орнын игерушілер қатары өсе түсті.
Ал, мен 1962 жылы әскерден оралсам, Прорваның басы бұрынғыдан да қызу еңбек. Алғашқы мұнай алыныпты. Сарықамыс салынып жатты. Мен әке-шешеден ерте айрылған жігіт едім. 1963 жылы үйленіп, өз алдыма отау тіктім. Көне Сарықамыста алдымен бір, кейін балалар болған соң екі, ақырында үш бөлмелі үйде тұрдық.
Енді, міне, ТШО компаниясының арқасында алты бөлмелі коттеджде ғұмыр кешудемін. Қартайған шағымда бала-шағамның, немерелерімнің қасындамын. Осында келгелі ұлдарым үйленіп, қыздарым тұрмысқа шықты. Жалпы, сегіз балалы адаммын. Екі қызым осы «Сарықамыс» қалашығында тұрады. Тағы екі қызым Ақтауда. Жиеннен туған жиеншарларым да бар. Қос ұлым шаңырақ көтерді. Үлкені Ғазизбек осындағы компаниялардың бірінде еңбек етеді. Кішісі Болатбек «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде маман.
– Елбасы келген сәт есіңізде ме?
– Әрине есімде. Алдымен, Жылыой ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Мәжит Сағиев қалаға алып келіп, осы үйімді көрсетті. Салып жатыр екен. Екінші келгенімізде үй бітіпті. Соны Атырауға келмек сапарында Елбасына көрсетпек екен. Үй иесі ретінде мен Мемлекет басшысын қабылдауым қажет көрінеді.
Расында да, бұл ТШО компаниясы жүзеге асырған аса үлкен әлеуметтік бағдарлама еді ғой. Тұтас елді мекенді шашау шығармай, бір жерге топтастыру оңай болып па? Кезінде Құлсарының ар жағындағы Мұнайлы мен Биікжал елді мекендерінің қалай қоныс аударғанын көргенбіз. Бәлен жыл мұнай өндіріп, жаңа алаңдарды игерген жандар босып кетті ғой. Ешкім көмектескен жоқ. Әркім шамасына қарай өздері көшті. Тұрмыстық заттарының жартысын тастап кеткендер де болды. Бұдан артық қандай босу керек? Ал, ТШО өзі көлік ұйымдастырып, адамдарын бөліп, кезегімен бәрін көшіріп алды.
Сонымен, 2005 жылғы жазда Елбасы келуі керектігі айтылды. Қателеспесем, 14 маусым болса керек. Мені тағы да Мәжит Сағиев алып келді. Қалашықта құрылыс әлі салынып жатыр, жолдар да түгел төселіп біткен жоқ. Бір кезде жаңбыр құйып кетті. Біздің үйдің алдына асфальт төселген еді, дегенмен аздап балшық болды.
Содан Президент келді. Бір ғажабы, алдында құйып тұрған жаңбыр сап тыйылды. Жарқырап күннің көзі шықты. Елбасы көлігімен үйдің алдына тоқтады да, бері бұрылды. Жанында бірге келген министрліктегілер мен облыс басшылары бар. Мен алдынан шықтым.
Мемлекет басшысы:
– Мына үйдің иесі кім? – деп сұрады.
– Мен, – деп ілгері аттадым.
– Үй ұнай ма?
– Ұнайды.
– Ендеше, құтты болсын!
Елбасы қолымды қысып, құттықтады да ішке беттеді. Жастау кезі ғой, қимылы ширақ. Ал, менің салмағым сол кезде жүз килоның үстінде еді. Әрең ілесіп келемін. Бір қағаберісте Атырау қаласының сол кездегі әкімі Сәлімжан Нақпаев «қысылмаңыз, бәрі жақсы болады» деп сыбырлады. Алдында Жылыойды басқарған жігіт қой, танушы едім. Сөйтіп, Президент жоғары қабатқа көтерілді. Мұндағы бөлмелерді де көрді.
Сыртқа шықтық. Үй жанында түрік құрылысшылары сапта тұрған. Солармен амандасып, ахуалды сұрады. Құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды. Міне, Елбасымен жүздесу осылай қас-қағымда өте шықты. Бірақ, өмірімде өшпестей із қалды. Елбасы алақанының табы әлі жанымды жадыратып тұрғандай. Айтпақшы, Елбасы Атырауға келген сапарларының бірінде менің үлкен ұлым еңбек ететін компанияда болып, баламның да қолын алыпты. Содан құрдастарым «Әкелі-балалы екеуің Елбасымен әбден танысып алыпсыңдар ғой, осында келсе сендермен амандасады» деп қалжыңдайды. Айтса, айта берсін. Осы ТШО компаниясының құрылуының өзі де Мемлекет басшысының ұсынақты саясатының нәтижесі емес пе?
Айтпақшы, кейін Үкімет басқарып тұрғанында Даниял Ахметов те келді. Ол да үйімізге кіріп шықты, немереммен суретке түсті.
– Кейін қалашық толығып, өзгелері де көшіп келді ғой.
– Ескі жұртта елеусіз ешкім қалған жоқ. Осында 400-дің үстінде отбасы қоныстанды. Ескі Сарықамыстың бір бөлігі Жылыойдағы Жаңа Қаратонға көшті ғой. Солар кейін қатты өкініпті. Әрине, ондағы үйлер де сапалы салынған, сәулетті ғимараттар алыстан көз тартады. Бірақ, қанша дегенмен, облыс орталығының мүмкіндігі кең ғой. Балалар өседі, осында білімін жалғастырады, тұрақты жұмысымен қамтылады.
– Өзіңіз ТШО-мен тікелей қарым-қатынаста болдыңыз ба?
– Мен ембілік мұнайшылар сапында еңбек еттім. Содан зейнеткерлікке шықтым. Бірақ күнделікті баспасөз беттерінен ТШО тіршілігі туралы ұдайы оқып отырамын. Елбасының тікелей қолдауымен құрылған, елімізге келген алғашқы ең ірі мұнай инвесторы екенін білемін. Расында да, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында әлем картасында әлі лайықты орны да жоқ Қазақстанға мұхиттың ар жағынан тәуекел етіп келу оңай болып па? Содан бері қаншама әлеуметтік объектілердің бой көтеруіне септігін тигізді. Сайып келгенде, осы «Сарықамыс» қалашығы, анау Жылыойдың Жаңа Қаратон мекеніндегі үйлер – ТШО тұрғызған алғашқы нысандар емес. Сонау 1993 жылы Жем тасып, күллі Құлсарыны басып қалғаны жадымызда. Кейін айтып жүр ғой, жүздеген отбасы баспанасыз қалыпты. Міне, сонда алдымен «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына Құлсарыда жиырма үй салып берген. Үйлері құлап, ашық аспан астында баспанасыз қалған адамдарға бұдан артық нендей қолдау қажет. Оның үстіне, күнделікті керекті киім-кешекпен де, азық-түлікпен де қамтамасыз еткені есімізде.
Менің тағы бір разы болатыным – шетелдіктердің қазақтың салт-дәстүрін сақтауға ұмтылуы. Осы бағыттағы әр түрлі шараларды ұйымдастыруға ұдайы демеушілік жасап жүр. Білесіз бе, осында пайдалануға берілген алғашқы жиырма шақты үйге кілемді сыйға тартты. Сол сыйлық әлі сақталған да шығар. Мәселе мұнда да емес, сонда жаңа көшіп келіп жатқан жергілікті тұрғындар «ау, мыналар қазақтың салтын біледі ғой, алғаш аттаған табалдырығына ілу әкеліп жатыр» деп мәз болған. Мүмкін, инвесторға сонда жұмыс жасайтын қазақстандық мамандар бағыт-бағдар беретін де болар. Бірақ солардың орынды кеңестеріне құлақ асқанының өзі жақсылықтың жоралғысы емес пе?
Елбасы елімізге келіп еңбек етуге ниет білдірген шетелдіктерге жан-жақты жағдай жасау қажеттігі жөнінде айтып жатыр. Әрине, дұрыс. Байлығымызды бірлесіп игеріп, игілігін кәдеге асырған абзал. Әйтсе де, кейін келетін инвесторлар осы ТШО тәлімін алғаны жөн. Жергілікті халықпен қалай араласу қажеттігі, түскен табысынан бөлісу керектігі жадынан шықпауы шарт. Қазір кәсіпорындардың бәрі өздерінің негізгі істерімен ғана шұғылданып, әлеуметтік сала атқарушы биліктің еншісінде қалды. Бюджет қаражаты барлық мәселені шешуге жете де бермейді. Ендеше, қуатты компаниялардың да атсалысқандары дұрыс қой. Мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бастамасын көтергені де сондықтан.
Бүгінде Теңізде мұнай өндірудің зиянды әсері туралы айтылып жүр. Өндірістің төңірегінде пайдалы нәрсе болған жоқ. Қалайсың ба, қаламайсың ба – бәрібір маңайды азды-көпті ластауға тура келеді. Тіпті, менің ойымша, осы Теңізге күш-қауқары ТШО-дан төмен компания келсе, қоршаған ортаға тигізер әсері бұдан да көп болуы ықтимал.
Жасыратын несі бар, біздің кезімізде алып бұрғылау қондырғыларын он шақты трактормен сүйрейтінбіз. Сонда жолымыздағы шөпті тамырымен қопарып, артымызға ойқы-шойқы жол тастап кететін едік қой. Кейін соны қалпына да келтірмейміз. Әлгі жерге енді шөп те шықпайтын. Немесе бұрғылау ерітінділері жерден қазылған амбарға құйылатын. Ұңғыма қазылып болған соң көшіп жүре беретінбіз. Әлгі шұңқырды көміп, орнын тазалап кету де жоқ. Сол маңдағы шопандардың талай малы түсіп те кеткен.
Ал, ТШО сол біз әбден бүлдірген жерлерді де қалпына келтіріп жатыр. Өзінің территориясы болған соң ұятынан қашады. Ендеше, мұндай инвестор туралы жаман айтуға ауыз да бармайды.
Келесі жылы осы «Сарықамыс» қалашығының салынғанына тура 10 жыл толады екен. Ескерусіз де қалмас. Айтпақшы, қалашық тұрғызылып жатқанда «Атырау» газетінде оны ескі мекеннің атауымен атау туралы ұсыныс болған-ды. Сондықтан, журналистерге де рахмет. Жалынды жастық шағымыз өткен, ағайын-туыс пен қатар-құрбы жерленген мекеннің аты қайта жаңғырды. Осында өркендедік, өрісімізді кеңейттік. Өкінішім – былтыр өміріме серік болған, тірлігіміздің ыстық-суығын бірге көрген әйелім қайтты. Алдымыздағы желтоқсанда бір жылдық қадесін бермекпіз. Шүкір, балалар ержетті, бәрі азамат атанды. Соған разымын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ