
Премьер-министр: Елімізде тағы екі АЭС салынатын орынды анықтау жұмыстары басталды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» мақаласында 2019 жылдан бері энергетика саласында атқарылған іргелі істерді шолып өткен. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.
Олжас Бектеновтің пайымдауынша, коммуналдық шаруашылық және энергетика саласындағы дағдарыстың ең ауыр кезеңі артта қалды.
– Президенттің басшылығымен еліміздің инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді: республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңірлерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасады, — деп жазады ол мақалада.
Үкімет басшысы былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастағанын атап өткен. Үкімет бұл жоба ойдағыдай іске асса, технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартып, энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді. Аталған бағдарламаны іске асырған кезде қазақстандық өнім шығаратын кәсіпорындардың әлеуетін толық пайдалану жоспарланып отыр. Қазақстандық компаниялардың жоспарланған өнім көлемі шамамен 3,5 триллион теңге деп бағаланған.
–2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ құрады. Халық санының өсуін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескере отырып, энергия тұтыну одан әрі арта түседі деп болжанып отыр. Осыған орай Президент тапсырмасы бойынша ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды, — дейді Үкімет басшысы.
Айта кету керек, өткен аптада ғана Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға үш атом электр стансасын салу керектігін айтқан еді.