Полиция Нұр-Сұлтанда тергеу абақтысында көз жұмған Дулат Ағаділге қатысты ақпарат берді
Atr.kz/25 ақпан, 2020 жыл. Полиция Нұр-Сұлтанда тергеу абақтысында көз жұмған Дулат Ағаділге қатысты ақпарат берді.
Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділ қайтыс болды, деп хабарлады қалалық полиция департаменті Sputnik Қазақстанға.
«Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында 1977 жылы туған қоғам белсендісімен бірге тағы төрт адам болған. Олар Дулат Ағаділге зорлық-зомбылық жасалмағанын айтты», — дейді полицейлер.
Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, қоғам белсендісі ұсталған кезде мас болған.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері ер адамның өлімін растады. Оның өліміне жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі себеп болғаны айтылып отыр. Денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетсек, Дулат Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпталушы танылып, ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алуға алмастырды.
Кеше, 24 ақпан күні сағат 21:00-де Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасағаны, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.