Полицейлерге күш қолданғандардың айыппұлын 11,5 миллион теңгеге өсіру туралы ұсыныс түсіндірілді
Соңғы жылдары полицейлерге қарсы жасалатын күш қолдану дерегі көбейген. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Сәдубаев мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айтуынша, өткен жылдың өзінде 600 қылмыстық іс қозғалған, ал 2015 жылы 500 іс қозғалса, 2014 жылы қозғалған істердің саны — 300-ден асады екен.
«Осыған байланысты мемлекеттік органдардың барлық қызметкерінің өмірі мен денсаулығын қорғау деңгейін көтеру үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігі бойынша жазаны айыппұлды 2 000-нан 5 000 АЕК-ке дейін көтеру түрінде қатаңдату (4,5 миллион теңгеден 11,5 миллион теңгеге дейін) немесе бостандықтан айыру жазасын 2 жылдан 5 жылға дейін көбейту ұсынылды. Осылайша бұл қылмыс түрін орта деңгейдегі қылмысқа жатқызу ұсынылған. Бұл түзету Қылмыстық кодекстің 41-бабының нормаларына негізделген, бұл норма бойынша, жаза — 500-ден 10 000 АЕК түріндегі айыппұл салу», — деді Сәдубаев.
Ал айыппұлдың сомасын, Сәдубаевтың айтуынша, қылмыстың деңгейіне байланысты сот анықтайды екен. Сонымен қатар, ол бұл ұсынысты әзірлеу кезінде әлемдік тәжірибе зерттелгенін айтып отыр.
«Сонымен қатар, ІІМ осыған байланысты барлық қызметкерді тіркегіш құралдармен қамту бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Сонда заңбұзушылардың ешқайсысы қылмыс жасамадым деп және полицей қызметтік міндетін асыра пайдаланды деп айта алмайды», — дейді ІІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Сәдубаев.
Еске салайық, осыған дейін ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов билік өкіліне бағынбау мен күш қолданудың жазасын 11,5 миллион теңгеге дейін өсіру туралы ұсыныс жасағана кезде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл ұсынысты «таңғаларлық» деп атаған еді.