Полигондарда снарядтар жарылып жатыр… (+ФОТО)
Atr.kz/20 мамыр, 2019 жыл. Үш өңірде полигондарда снарядтар жарылуда.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының оқу-жаттығу полигондарында жарылмай қалған снарядтардан алаңды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Оған инженерлік-саперлік бөлімшелер мен полигондық командалар, сондай-ақ жол талғамайтын әскери техника жұмылдырылған. Тазартуға жататын аумақтың жалпы көлемі 50 мың гектардан астамды құрайды. Бұл – Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында орналасқан «Оймаша», «Бекет Ата», «Есет Батыр» және «Қарабатан» оқу-жаттығу полигондарының учаскелері.
Полигондарды жоспарлы түрде толықтай тазарту жылына екі рет жүргізіледі. Негізгі мақсат — жеке құраммен оқу-жаттығу өткізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жарылмай қалған снарядтар мен оқ-дәрілерді жою», — деп мәлім етті «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысы басқармасының баспасөз қызметінен.
Атап өтілгендей, қауіпсіздік мақсатында жарылу қаупі бар барлық заттар жатқан жерінде жару арқылы жойылады. Сапер-әскери қызметшілер қорғанысқа арналған жеке құралдармен, брондалған кеудешелермен, саперлердің арнайы костюмімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жарылу қаупі бар заттарды 0,6 метр тереңдікте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи мина іздегіштер қолданылуда.