Жарнама
Жаңалықтар

ПЛЕНКАЛАР МЕН ҚАПТАР– ӨЗІМІЗДЕН

Қойнауы құтқа толы Атырау өңірі пайдалы қазбаларға бай. Ал, мамандар әлем алпауыттары көз тіккен мұнай мен газ химия өнеркәсібін өркендетудің шикізаттық көзі бола алатынын айтады. Алайда, бұған дейін еліміз сапалық құрамы жағынан басқалардан кем түспейтін қара май мен газды одан әрі пайдаланбай, оларды айырумен ғана шектеліп келді. Осынау олқылықтың орнын толтырып, «қара алтын» құрамындағы қоспалардан химия өнеркәсібі үшін өнім дайындайтын озық технологиялық кәсіпорын салу қажет болды. Елбасымыз да интеграцияланған газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын ұдайы назарында ұстап, шикізаттық елден өңдеушіге айналуымыз керектігін үнемі айтып келеді.

Ал, облысымыздағы арнайы экономикалық аймақта полиэтиленді пленкалар мен полипропилен қаптарын өндіретін «Полимер Продакшн» ЖШС зауытының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Индустрияландыру картасына енгізілген жобаның өндірісі толық іске қосылған жағдайда үш  жүзден  астам  жұмыс орны ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек. Кәсіпорын шығаратын полипропиленді қаптарға азық-түлікпен қатар, химикаттар мен күкіртті де орауға болады. Бірақ, аталған ЖШС басшылығының айтуынша, орама қаптарын цемент, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыттарға сатуды жоспарлап отыр. Өйткені, бүгінгі таңда тұтынушылардың басым бөлігі де осы салаларда екен. Газ-химия кешені іске қосылғаннан кейін екі арада пневмотранспорт орнату жағы ойластырылуда. Сол арқылы шикізат көзі зауытқа тікелей әкелінетін болады. Тағы бір тиімді тұсы, екі зауыттың арақашықтығы жақын болғандықтан, транспорт мәселесінде қиындық туғызбауы мүмкін. Өнім бағасы сатылар алдында міндетті түрде бақыланып тұрады.

«Полимер Продакшн» ЖШС бас директоры Ғабит Зәкәрия өнімнің экологиялық таза екенін, күні бүгінде 70-80-ге тарта қызметкер еңбек етіп жатқанын атап айтты. Бүгінде зауытта жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің барлығы дерлік жергілікті мамандар. Бұрын Қазақстан аумағында мұндай зауыт болмағандықтан, Ресейден сарапшылар шақырылған. Өндіріс тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен, жұмысшылар бірнеше ауысымда қызмет етеді.

Айта кетелік, 2016 жылы газ-химия кешенінде полиэтилен мен полипропилен шығаратын зауыт құрылысы басталады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button