ПЛАНШЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ
Сөздің шыны керек, мұнайлы өлкеге қызмет бабымен әлемнің түкпір-түкпірінен мамандар келіп жатыр. Олардың біразы қазақ тіліне қызығушылық танытып, білгісі келетіні белгілі. Бұл ретте «Теңізшевройл» компаниясы мемлекеттік тілді үйренудің жаңаша әдісіне тапсырыс беріпті. Осы әлеуметтік жоба шеңберінде «Тілдарын» әдістемелік орталығы «Advance Astana» ЖШС-мен бірлесіп «іPAD» планшеттік компьютерлеріне арналған қазақ тілін оқытатын бағдарлама ойлап тапқан. Өткен жұма күні Елордадан келген мамандар тағылымды жобаның тұсауын кесті. Олар кең ауқымда қолданысқа енген планшеттік компьютер арқылы мемлекеттік тілді оқытудың тиімді тұстары мол екендігін айтады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тілдарын» әдістемелік оқу орталығы былтыр аз уақытта қазақ тілін үйретудің әдісін жасап шығарды. Аталған орталықтың менеджері Ботагөз Шарденбаеваның айтуынша, бұл жоба тәжірибеден өтіп, оң ықпалын тигізіпті. Үйренушілер де бағдарламаның тез есте қалатындығын, ыңғайлылығын айтқан. Алдымен ұлттық музыкамызбен басталатын интерактивті сабақтар ана тілімізді жетік меңгеруге мүмкіндік беретіні дәлелденген. «Осынау жұмыстарымызбен қатар, «ТШО»-ның әлеуметтік жобасына қатыстық. Яғни, кез-келгеннің қолында жүретін планшеттік компьютер арқылы қазақ тілін оқытатын бағдарлама ойластырдық. Мұның басты ұтымдылығы сол – онсыз да үнемі жұмысбасты болып жүретін қызметкерлер қарапайым құрал арқылы жеңіл әрі қызықты бағдарламамен мемлекеттік тілді үйрене алады»,-деді ол.
Жобаны жасақтаушы «Advance Astana» ЖШС директорының орынбасары Айбар Төлеубаев тіл үйренудің бұрынғы әдістерін ескіргенін алға тартты. Сондай-ақ, ол әріптестері, жолдастары арасында жүргізілген зерттеу нәтижесінде көпшілігі ІТ-технологияны қалағандарын білген. Сөйтіп, планшеттік компьютерлерге инновациялық әдіс шығаруға тура келген.
«Басқалардан бұрын неге «іPAD»-ты таңдадыңыздар?» деген сауал туындайды ғой. Мұның бір ерекшелігі сол – үйде де, түзде де, тіпті ұшақта да қолдануға болады. Бағдарламаны қондырып алған соң ғаламтор қажет емес. Ал, бастапқы курсын оқып бітірсеңіз, жаңартып отыра аласыз. Онда бейне де, сурет те, әуен де бар. Тіпті, тіл үйрену курстарын онлайн режимінде көруге мүмкіндік бар,-деген ол әрі қарай өзінің планшеті арқылы жобаның артықшылықтарын көрсетті.
Мәселен, «старттық сабақ» бөлімінде әрбір сөздің орысшасы айтылады да, кейін қазақшасына аударылады. Грамматикалық қателер жібермеу үшін етістіктерді қолдануға арналған жаттығулар да бар. Сөздерді дұрыс айту үшін арнайы дикторлар тартылған. Бұдан басқа «аудио», «видео», «галерея», «Қазақстан туралы» бөлімдерінен ұлттық ән мен күй, суреттер көруге болады. «Бұл – қосымшаның алғашқы нұсқасы. Болашақта басқа да жолдарын қарастырамыз», — деп сендірді Айбар Төлеубаев.
Тұсаукесер рәсімінің соңында мамандар «Теңізшевройл» ЖШС өкіліне естелік ретінде «Тілдарынның» «Баршаға арналған қазақ тілі» кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, қосымшаның тегін екені, «іPAD» планшеттік компьютерлері барлар «абстордан» ала алатыны белгілі болды.
Айбөпе САБЫРОВА.