
“Петроглиф ізшілері” тарихи жаңалық ашты
Бүгін, 6 маусымда “Петроглиф ізшілері” еріктілер тобы көптен күткен жаңалықпен бөлісті – олар Жетісу облысы аумағынан ортағасырлық қала орны табылғанын мәлімдеді. Бұл жаңалықты “Ғылым-білім бар жұрттар” телеграм арнасы таратты.

Топ жетекшісі Ольга Гумированың айтуынша, табылған қала жайлы жазбаша дереккөздерде мәліметтер бұрыннан бар. Зерттеу тобы карьерден кірпіш қалдықтарын, ерекше жақсы сақталған мұнараны және топырақ астынан көрініп тұрған көне қабырғаны анықтаған. Қабырға арасынан ортағасырлық кірпіштердің көрініп тұрғаны – елді мекеннің тарихи маңызын айқындай түседі.

“Бұл қала моңғол шапқыншылығы кезінде аяусыз өртелгенге ұқсайды. Ол өз көлемі жағынан Талхиз немесе Қойлық қалаларымен тең дәрежеде”, – дейді О.Гумирова.
Айта кетерлігі, табылған нысан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Алайда бұл аумақта қазіргі кезде тас өндіретін карьер жұмыс істеп тұр, ал айналада қоқыс үйінділері шашылып жатыр.
Зерттеушілер Жетісу облысының әкімдігін бұл тарихи орынға назар аударуға шақырды.

Айта кету керек, “Петроглиф ізшілері” – Алматы мен Жетісу облыстарындағы петроглифтерді іздеп, тіркеумен айналысатын еріктілер тобы. Олар табиғат пен тарих ескерткіштерін қорғауға ерекше үлес қосып келеді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ