Перзентханадағы қуаныш
Ағымдағы жылдың 9 қазан күні Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова перзентханада болып, қала күні мерекесінде дүниеге келген сәбилердің аналарына тарту жасады.
Алмагүл мөлтекауданындағы қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Сүйінғалиқызы өз сөзінде: «Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығында пайдалануға берілген перзентханада бес жыл ішінде 25 мың бала дүниеге келген екен. Мұның өзі халқымыздың демографиялық жағынан өсуіне аналардың қосып отырған үлесі зор деген сөз. Қала күнінде дүниеге келген 10 сәбидің де ата-анасын құттықтаймын»,-деді.
Махамбет ауданынан келген 41 жастағы ана Гүлмира Қаржауова дүниеге көптен күткен қызын әкеліпті. «Жанұямызда бұрын екі ұлымыз бар. Енді, міне, бір гүлмен толықты. Дәрігерлерге разымын. Келгеннен бері өбектеп, әр ананы туғанындай мәпелеп күтіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі жана бергей»,- дейді ол толқи сөйлеп.
Тұңғыш баласына жеңілденген Айдана Достаева 21 жаста. Ол да дәрігерлерге, перзентхана қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Гүлзада Ниетқалиева