Жарнама
Жаңалықтар

Перзент жүрегіндегі алғыс

Әрбір жан үшін ата-ана – өмірдің шамшырағы, қанат бітірер тірегі. Олардың мейірімі мен ақыл-кеңесі ұрпағына бағыт-бағдар беріп, өмір жолын жарқын етеді. 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында газет оқырмандары ата-аналарына деген жүрекжарды алғыстарын білдіруге ниет танытты. Бірі – өмірден өткен ата-анасының тұлғалық қасиеттерін еске алса, енді бірі – жанында жүрген асыл жандар туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Біз осы шынайы ризашылық пен ыстық лебіздерді назардан тыс қалдырмай газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

Жанар ӘБІШ,

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы:

Адалдықтан аттамаған асылдарым

– Менің әкем Төренияз Әбішев пен анам Айша Раузиева 1975 жылдың сәуірінде ғашық болып, махаббаттың құдіретімен шаңырақ көтерді. Келесі жылдың ақпан айында, Ұлу жылы мен жарық дүниеге келіппін. Осылайша ата-анам бес перзенттің өміріне шырақ жақты. Сағыз өңірінде ғұмыр кешіп, әкем балаларына өнеге үйретіп, татулық пен сыйластықтың үлгісін көрсетті. Ол ағайын-туыс арасында беделді, домбырамен ән шырқап, ел көңілін көтеретін өнерлі жан еді. Үйде думанды кештер жиі өтіп, көршілермен бірге далада кино көріп, ән айтып, еркін өмір сүрдік.

Әкем марқұм бізбен бірге жүгіріп ойнап, балаша мәз болатын. Сол кезде бізге ересек көрінетін ата-анамыз небәрі 30-35 жас шамасында екен ғой. Әкем ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болатын, «Қарагөз» ансамблінің құрамында болды. Асау үйретіп, мал шаруашылығын дамытуды, балаларын оқытып, білімді қылуды мақсат етті. Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздік таңы атқан шақта Наурыз мерекесінде өнер көрсетіп, бала тәрбиесіне де зор көңіл бөлді. Астында аты, қолында домбырасы, жанында тазы иті – нағыз сал-серінің өзі еді.

Қазақта: «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген даналық сөз бар. Үйдің үлкені болған соң әкем мені бауырларыма қамқор, саналы болуға тәрбиеледі. Оның «Сенім – ұлы қасиет, қызым. Өзіңе сеніп тапсырылған жұмысты адал атқарсаң, абыройың артады», «Ешкімге зияның тимесін, бірақ өзіңді де қорғай біл», «Өнерді үйрен де жирен. Жақсыны әркез үйренуші бол» деген сөздері өмірімнің шамшырағына айналды. Осы үш өсиет кейінгі өміріме айтарлықтай әсерін тигізді.

Алайда, тағдырдың өз сынағы бар. Әкем ауырмай-сырқамай кенеттен, қырық жасында мәңгілік сапарға аттанды. Ол кісінің қазасынан кейін отбасымызға тауқымет түсті. Бірақ анашым балаларының болашағы үшін бар күшін салып, қиындыққа мойымай, шынайы есейді. Араға бес жыл салып, кенже інім Беркін ауыр сырқаттан дүние салды. Ол кезде менің жасым небәрі 22-де еді. Жарты жыл бойы ініме қолымнан келген көмегімді бердім. Бұл – менің бауырлық борышым еді. Сол қиын сәттерде бір-бірімізге қамқор болып, екі әжеміз, өзге де бауырларым және нағашыларымның қолдауымен еңсе тіктедік. Әрбір сынақ бізді қайың секілді майыстырғанымен, сындыра алмады. Өмірден өз жолымызды тауып, білім алып, мамандық иесі атандық. Анамыздың қайсарлығы мен еңбекқорлығы бізді де пысытты. Әжелеріміздің аялы алақаны біздің көтерген жүгімізді жеңілдетті. Сынақтар бізді құлатпады, қайта шыңдай түсті. Алайда, COVID-тің қатал салдары анамызды да өмірден алып кетті.

Ата-анамның аппақ көңілі, бала секілді аңғалдықтары мен түзу ниеттері бізге де дарыған. Бірде інімнің тойында нағашым Мұса Бейішев тілек айтып тұрып «Барлық жезделерімді сыйлаймын, жиендерімді құрметтеймін. Соның ішінде Төренияз бен Айша – ақкөңіл жандар. Олардың балаларынан сұрасаң, жүректерін де бере салатын адамдар» деп біздің мерейімізді көтеріп тастағаны бар. Әйел адам гүл секілді нәзік болса да, айналаға сұлулық пен жылулық сыйлай білуі керек. Қазір облыстағы аналармен тығыз байланыстамын. Өмірге ашық, айтар сөзі мәнді, келбеті анаға сай, жүрегі мейірімге толы, аузында «айналайыны» бар қазақтың аналары – өмірдің алтын қазынасы. Сондықтан, аналарымыз тірі кезде жаудан да, даудан да қорғайтын дұғасы бар қорғанымыз екеніне мән берген жөн. Әкені бас иіп, қадірлей білейік.

Әркез ата-анамның рухына бас иіп жүремін, өйткені оларға деген перзенттік алғысым шексіз. Ата-бабаларым мен нағашы жұртыма, ата-анам мен келген жерімдегі барша марқұмдардың рухына әрдайым дұға бағыштап отырамын. Жаратқан жандарын жәннатта, тәндерін рахатта қылғай!

Құралай ҚҰМАРОВА, мәдениет саласының үздігі:

Жанымды жылытатын жан

Әкем Аман Құмаров пен анам Аққыз Сақыпова тағдырларын тоғыстырып, үлкен өмір жолына қадам басқан күннен бастап, ыстық-суықты қатар көріп, қиындыққа мойымай, бір-біріне сүйеу болып келеді. Әкем – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, спортты жанына серік еткен жан. Бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, адал еңбекке арнады. Бес бірдей перзентті дүниеге әкеліп, олардың бойына ізгілік пен адамгершілікті сіңірді. Бізді адалдыққа, еңбексүйгіштікке, тұрақтылыққа үйретті.

Анам ұжымшарда егін шаруашылығында табан аудармай еңбек етті. Аптап ыстық пен қара суыққа қарамастан, егістік алқабында бел жазбай жұмыс істеп, туған жердің ырысын арттыруға үлес қосты. Еңбекқорлығының арқасында көптің ықыласына бөленіп, зейнетке шықты. Бүгінде әкем екеуі немере-жиендерінің ортасында шат-шадыман ғұмыр кешіп, сегіз немере, төрт жиеннің қуанышына кенеліп отыр. Келіндері Маруся мен Зәмзамды да өз қыздарынан кем көрмей, тәлім-тәрбиесін көрсете білді.

Жастайынан алғырлығы мен ұйымшылдығының арқасында анам небәрі 24 жасында Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы XIII съезінің делегаты болып сайланды. Бұл сол заманның жастарына бағыт-бағдар беретін аса маңызды жиын еді. Сол жиындарда анам жастардың болашағы, олардың қоғамдағы ролі жайлы ойларын ортаға салып, өз пікірін білдіретін. Сондай-ақ төрт жыл бойы пленум мүшесі ретінде ел жастарының мүддесін қорғап, қоғам дамуына өз үлесін қосты.

Анам тек еңбекқор ғана емес, өнерге де жақын жан. Оның қолынан шыққан әсем бұйымдар көздің жауын алатын. Жастайымыздан бізге тоқыма тоқуды, кесте тігуді үйретті. Оның өрнекті орамалдары мен түрлі-түсті жіптерден тоқылған бұйымдары талай жыл бойы сәннен таймай, анамның алақанының жылуын сақтап тұрды. Оның жүннен тоқыған кеудешелері мен шұлықтары тек денемізді ғана емес, жүрегімізді де жылытатын. Ол отбасы берекесін сақтаудың, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетудің үлгісі болды. Ата-енесін ерекше құрметтеп, көңілін табуды өзіне парыз санайтын. Үй шаруасына ғана емес, сырттағы ауыр жұмыстарға да бірдей үлгеріп, отын жарып, тіршіліктің қазанын қайната білді. Анамның үйіндегі тәртіп, тазалық, дастарханындағы береке – әрдайым бізге үлгі. Немере-жиендері оны ерекше жақсы көреді. Әжесінің мейірімді жүзі, қонақжай дастарханы, бадана бауырсағы оларға ыстық. Бала-шағаның риясыз күлкісі, үй ішіндегі татулық оның еңбегінің жемісі іспетті.

Анам әрдайым қарапайымдылық пен шүкіршіліктің мәнін түсіндіріп, өмірдің әр сәтін бағалауды үйретіп отырады. Ол: «Қазір күлімде, қазір шүкір ет, қазірден бастап өміріңдегі жақсылықтарды сезіне біл» — деп әрдайым ақылын айтады. Бүгінде «Қызыл балық» ауылындағы «Гүлдерайым» әжелер ансамблінде ән айтатын анам қалалық, аймақтық байқаулардан жүлделі оралып жүр.

Тірегіміз, өміріміздің шуағы ретінде анамыз бізге адалдық пен еңбексүйгіштікті, қарапайымдылық пен шүкіршілікті үйретті. Анамызды әркез мақтан тұтып, оның ақ батасымен өміріміздің әр сәтін бағалаймыз.

Анашым, сіз – біздің жүрегіміздің шуағысыз. Сізді шексіз жақсы көреміз!

Айдана ҚАБДОЛОВА, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің қызметкері:

Өмірлік бағдаршамым

Ата-ана – әр адамның өміріндегі ең асыл жандар. Олар бізге өмір сыйлап, маңдайымыздан сипап, әрдайым қамқорлығын аямайтын ардақты тұлғалар. Мен үшін ең аяулы жандар – әкем Болат Қабдолов пен анам Жарқын Қадырқұлова тек жақсылық үйретіп, өмірдің қиындықтарына мойымай, алға ұмтылуға жетеледі.

Атам мен әжемнің де берген тәрбиесі, олардың ақ батасы – өміріміздің ең үлкен байлығы. Әжем ата-анамды ерекше жақсы көріп, үнемі дұға жасап отыратын. Атам дүниеден өтерінде де анама ерекше сенім артып, тек соның қолынан су мен дәрі ішуді қалағаны – ерекше махаббат пен құрметтің белгісі деп ойлаймын.

Ата-анам мен үшін тек өмір сыйлаушы ғана емес, басты ұстаздарым, өмірлік бағдаршамым. Әкемнің ақылы, шешім қабылдаудағы даналығы, анамның мейірімі мен қамқорлығы мені әрдайым алға жетелейді. Олар маған тек дұрыс жолмен жүруді, ешқашан әділетсіздікке жол бермеуді, адамгершіліктің биік тұғырында болуды үйретті. Ата-анама шексіз ризамын, олар қандай құрметке де лайық жандар. Алла олардың дендеріне саулық, өмірлеріне ұзақ ғұмыр берсін. Әрдайым олардың берген тәрбиесін ақтап, оларға қуаныш сыйлайтын ұрпақ болып қалуға тырысамын.

Ата-анаң аман болса – өмірдің мәні де, сәні де сол! Олардың қадірін білу әрбір перзенттің қасиетті парызы болуы тиіс. Өмірдің дауылды күндерінде пана болған құшағы үшін, қуанғанда бірге шаттанған жүздері үшін, әрбір сәтте бірге болғандары үшін ата-анама алғыс айтамын. Сіздердің мейірімдеріңіз – сарқылмас қуат көзі. Алыста жүрсем жүрегімнің төрінде, қасымда болса көңілімнің тірегі болып қала бересіздер!

Дайындаған Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button