Періште жылаған түн
Atr.kz/6 тамыз, 2019 жыл. Газетіміздің тұрақты оқырманы Дәреже БАЛАПАННЫҢ мамандығы – заңгер. Заң орындарында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп келе жатқан ол қолы қалт еткенде өлеңнен өрнек өреді. Дәреженің өмірдің мәні, тағдыр теперіштері, адамгершілік қасиеттер хақында сыр толғайтын төл туындылары мерзімді баспасөзде жиі жарияланып жүр. Бүгін біз оның соңғы кезде жазған жыр топтамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Періште жылаған түн
Жаралы жаз. Қою түн…
Босағаға таң таянды…
Сезіп жатты, азалы үн…
Жаратқанға жан таянды,
Біліп жатты, көрмейді енді жарық күн.
Жүрегіне сенім салды… есіне алды…
жарықтық, соңғы аянды:
– «Алла – сақта, періште – қорға», — деді,
Аякөзім – артымда – Қалдыаянды.
Құлақ тұнды, үдеп барад азалы үн…
қонақтанды, керегеде тұмша-мұң.
Жарақтанды, арсыз ажал – хабаршысы қазаның.
Керуен-мұндар: бұйда тартты –
көшін артты, тарихатқа наланың.
Жанып кеткен ғұмыр еді, жай отына жаланың.
Сөне алмады … ұшқындаған от-жанар,
ала алмады, асыл жардан бір хабар,
«жар бол, оған – Жаратқан, сүйеу бол,
— деп – пірадар», ақыл-сана қайталады…
сыздаса да, жүректегі жаралар. Тәңіріне айта алады… қайталады:«халық жауы» емес – ол,
Соңғы сөз бұл, иманымен пара-пар.
Сабыры көтерсе де қарасынды,
Жан кеудені қия алмай аласұрды.
Көбесін қайғы сөккен ала таңның,
Алқымында егіліп дала тұрды.
Жаутаңдаған сәбиге дәрмен таппай,
Тебіреніп періште, ауа тұнды.
Аялап шара-көзі балапанын,
Арудың демі үзіліп, жүрек тынды.
Уахи1 етіп, көзіне көрсеткендей,
Қылыш бүтін, беймезгіл қыны сынды».
Мойнына бұршақ салған қазақ қызы,
Арқалап кете барды, сыр мен сынды.
1.Уахи – аян берілу.
Шілтер тыс туралы баллада
1.Қоштасу
Әсемдеп тоқып шілтермен,
Жиегін көктеп көмкерген,
Көпшіктің тысын ұстатып,
Көз жасын төкті «көзкөрген».
– «Анаңнан қалған бір белгі,
Нағашы жұртың берген-ді,
Кеудеңе басып, иіскеп,
Мауқыңды ботам, бас енді.
Анаң бекзат-көргенді,
Отызға жетпей жерге енді,
«Сарғасқа-жомарт» атанған,
Сөзге де шешен-мерген-ді.
Күттіріп жылдар перзентті,
Әулие кезіп сенделтті.
Аянмен берген баланың,
Қызығын Тәңірі бермепті.
«ОГПУ»-дің таққан айыбы,
«Халық жауының» зайыбы.
Ақыры жұтып тынды оны,
Заманның жойқын «жайыны».
Тартып тұр тағдыр жетегін,
Қош айтып туған мекенім.
«Бас сауға еткен» жандармен,
Ілесіп мен де кетемін.
Өскейсің болып азамат,
Тұлпардан қалған қазанат,
Анаңа туыс, апаңмын
Тапсырған шілтер-аманат».
…Айқастырып кірпігін,
Іздеді ізін күлкінің,
Бетіне басып қуанды,
Бедеріндегі бүртігін.
Маңдайын сүйіп күптінің,
Жанынан бір сәт үкті мұң.
Сол ару сәби жүректің,
Мекендеп қалды түкпірін.
Жадында қалды:
– Ғайып Ерен-Қырық Шілтендер,
«Жебейді жаным» — дегені,
– Анаңның исі – шілтер-зер,
«Қорғайды жаным» — дегені,
Күрсінген демнің – тереңі,
Болмыстың бөлек – ерені,
Үйірілген ымыртта,
Жаққаны жүдеу білтені.
2.Жансауға
Еді ол – …32-нің қара күзі,
Қоштасқан жетім қозы, нала жүзі.
Амалы жоқ, жетектеп кете алмады,
Қуғында өзі, арқада – азап жүгі.
Ұлттың қамын ойлаған асыл жары,
Азаматы Алаштың ғасырдағы.
«Жау» болып айдалғанда шетінеді,
Жалғыз тұяқ, үміті қасындағы.
Тәркіленген үйінде қара құлып,
Жан ауырды тәнінен таспа сылып.
«Кіріптарда» үзілген жар түймесін,
Алып кетіп барады тұмар қылып.
Басы ауып, ілесті бір қараға,
Сауға сұрап жатпады жан-дауаға.
Айлап жүріп ілінді құр сүлдері,
Адамы жат, көрмеген, бір қалаға.
3. Өмірдің соңғы белесі…
Анасынан қал қалған көз шетінде,
Әкенің парасаты – келбетінде.
«Халық жауы» баласы – сол Қалдыаян,
Жылдар өтіп жетілді жел өтінде.
«Детдомдағы» сәби шақ санасында,
Балалығы Әму, Сыр сағасында,
Жастық шағын қалдырып,
елге оралды Пермьдегі Каманың жағасында.
Сақтамай-ақ бойына ыза, кекті,
Еңбегінің бақытқа жолы жетті.
Өзіндей «Халық жауының» жалғыз қызын, Қырық бес жыл аялап, жары етті.
Жетпіс бір ғұмыр кешті, өсіп-өніп,
Шаңырақтың қалмады оты сөніп.
Шілтер берген жанкешті, аяулы ару, Тұратын Қалдыаянның түсіне еніп.
Қайран апа, дариға-ай, тіні текті,
Ел бұйырмай, сүйегі жатта кетті.
Өлерінде: «өзіммен жерле», — депті,
Бір уыс топырақ пен иткөйлекті.
Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі – санаға сын,
Әке де, жар да ақталды, бір өкініш…
Содан кейін көрмеді жан-апасын.
Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі санаға сын,
Арыстардың арманы – Тұғырлы елде,
Сүргін көріп ешкім де жыламасын.
Дәреже БАЛАПАН
Керемет дүние екен.Сөз қандай, ұйқас қандай, мағынасын айтсаңшы. Талант. Дарын.Қазір де өлеңді саф таза өретіндер бар екен ғой.
Бұл кісі заңгер ретінде танымал,сауатты,жан-жақты тамаша адам.Ақындығы да керемет екен. Әйтеуір өзі ерекшеленіп тұратын еді. Оқығанда көзімнен жас тамып отырды.
Д.Набиевнамен кызмет барысында талай кездестік. Директорлар кеңесінің (КМГ АҚ) хаттамалары оның қолынан өтетін. Оның қолы болса қалғандары кедергісіз қолдарын қоя беретін. А.А. Просвирнов, қызметтестері оны жоғары бағалайтын. Оның білікті маман екенін, адамгершілігін білсек те, өлең жазатынын білмеппіз.Характері болса да әділ, ақылды адам.Кей сөздерін түсінбесек те жақсы өлең. Оның мектебінен өткендер, бірге жұмыс жасағандар оның қолынан көп нәрсе келетініне сенеміз, қуанамыз. Табыс тілейміз.
қиын оқылады, біртүрлі түсінбедім. қайта оқымаса. мағанасы
Бөлексің. Ерекшесің. Ешкімге ұқсамайсың, Дәреже қарындасым. Қуаныштымын.
Сөздерді шебер өреді, ойы ұшқыр. Шіркін қазақта осындай қыздар көп болса ғой. Оның киім киісіне, жүріс тұрысына қызығатынбыз. Коллективінде сыйлы болды, оны жұмыстан шығарып салғанда көрсетілген құрмет қандай болды десеңізші. Өзі де толқып көзіне жас алған. Өлеңдерінің тақырыбы да ерекше келеді.Зиялылар тұқымынан ғой.»НКВД балалары» деген мақаласын бірнеше газет басты, адамдардың қилы тағдырын оқығанда көп нәрсені түсінесің. Мына өлеңде де қысталаң жылдардағы қиын тағдыр, «халық жауының» детдомға жіберілген балалары, сүйегі жат елде қалған, арманда кеткен арулар бейнесі елестейді көзіңе. Қазақта да,басқа халықтарда да болды ғой зарлаған кезеңдер. Қазір заман жақсы.Көп нәрсенің қадірін білмейміз ғой.Айтуға оңай. Тіл-тіл деп қақсаймыз, бірақ, орыс тілінде сөйлегенді жақсы көреміз. Мынандай сөздерден сұлу өлең өрген Дәреже Набиевнаға рахмет. Қазақтың сөзі өлмейді, егер оны қастерлесек.
Керемет. Осв кунги арнайы журналистын, акындардын жазуымен, олендеринен автор зангер болсада салыстыруга болмайды. Кандай создер, эр создын маганасы кандай осы нагыз казахи Адам Гана тусинеди. Керемет. Дараже
шығармаларыңа табыс тілеймін, өте керемет жазылған дүние, тек ауырма