«Парктер шеруі» мәреге жетті
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты «Парктер шеруі – 2016» акциясын қорытындылады. Екі айға созылған шара аясында қоршаған ортаны қорғауға қатысты тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Алдымен резерват бекеттерінде өрт оқиғаларының алдын алу шаралары көрсетілді. Қорық аумақтарында тазалық сенбіліктері ұйымдастырылып, көшеттер отырғызылды. Аграрлы-техникалық колледжінің студенттері оқу орнының ауласында экологиялық флешмоб өткізді. Атырау «Жас натуралистер» стансасы «Құстар – қанатты достар», ал Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп «Құстарды қондырып қанатыма» тақырыптарында байқау жариялады.
Резерват маманы Эльмира Телеубаеваның айтуынша, Махамбет ауданында Ақтоғай орта мектебі «Қызғалдақтар күнін» атап өтсе, Исатай ауданында Жұмабай Мырзағалиев атындағы және Аққыстау орта мектептерінің оқушылары «Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық!» ұранымен мазмұнды шаралар ұйымдастырған. Соңында Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайында «Ақжайықтың құстары» атты фотосуреттер апталығы өтті.
Бұрын тек Атырау қаласы көлемінде ғана өткізіліп келген, ал биыл тұтас аймақты қамтыған акцияға белсенді қатысқандар «Ақжайық» қорығының басшысы атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетейік, «Парктер шеруі» елімізде 1996 жылдан, ал Атырауда 2009 жылдан бері әр көктемде ұйымдастырылып келеді.
А.ШАМАР.