«ПАРКТЕР ШЕРУІ» БАСТАЛДЫ

Жаңалықтар

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония залында облыс әкімдігінің қолдауымен өткен салтанатты шараға табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, білім беру, ішкі саясат басқармаларының, «Жерұйық» мәдени орталығы қоғамдық қорының өкілдері қатынасты. Шара шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева ашып, жиналғандарды табиғат қорғау науқанының басталуымен құттықтады. 

«Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық!»

«Парктер шеруі» 1996 жылдан бері сәуір-маусым айлары аралығында Қазақстанның барлық аумақтарында және мемлекеттік қорықтар, ұлттық парктер мен резерваттарда өткізіліп келеді. Мақсаты – мемлекеттің ұлттық парктерін, табиғи қорықтарын, ерекше қорғалатын аумақтарды сақтау мәселелеріне қоғам, үкімет, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары, тұрғындар назарын аудару. Қоршаған ортаға жанашырлық танытып, қолдан келгенше қол ұшын беру. Бұл игі істі «Ақжайық» резерваты 2009 жылдан бері барлық селолық округтер әкімшілігі, мектеп оқушылары және экологтармен бірлесе атқарып келеді. Аталмыш акция Елбасы Жолдауы аясында ұйымдастырылуда. Биылғы шеру «Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық!» деген ұранмен өте кең көлемде өткізілмек. Сондай-ақ, акция мектептердегі түрлі байқаулар, тағылымды кештер, фотокөрме, «ашық есік» күндеріне ұласады. 

«Ақжайық», сенің орның алабөтен…

«Ақжайық» қорығының директоры Арман Құрманбаев табиғи қорықтың халықаралық дәрежесі мен мән-маңызына тоқталды: – Резерваттың құрылғанына небәрі алты жыл өтсе де, ол – Каспий теңізінің жағалауы, Жайық өзенінің атырабы 2007 жылғы 18 мамырда «Бонск» Конвенциясы тізіміне енгізілген бірден-бір қорық. Сонымен қатар, экологиялық аумақ 2009 жылы 10 наурызда «Рамсар» Конвенциясының да тізімін толықтырды.

«Жайық өзені атырабының саябағы» жобасы бойынша 2013 жылы Болон университетінде Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Адам және биосфера» бағдарламасын жасақтады. Соның шеңберінде ЮНЕСКО мұрагерлігі тиісті номинациялық құжаттарды зерттей отырып, халықаралық резерваттар тізіміне «Ақжайық» қорығын да қосқан болатын. Былтырғы шілдеде Швециядағы Йонкопинг қаласында ЮНЕСКО бағдарламасы халықаралық комитетінің ХХVІ сессиясы резерватқа қатысты бірауыздан шешім қабылдады. Ол бойынша «Ақжайық» – «ЮНЕСКО-ның биосферлық резерваты» халықаралық мәртебесін иеленді.

Шара барысында аталған қорықтың бүгінгі тынысынан сыр шерткен арнайы бейнебаян көрсетіліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған