Жаңалықтар

Аманаттың салмағы ауырлаған кезең оны әрбір депутат сезіне білгені жөн

 Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов Исатай ауданында болды. Олар жолшыбай шаруа қожалықтарына ат басын бұрып, табиғи-климаттық қиын жағдайда жер өңдеп, егін өсіріп, өнім ала бастаған дихандардың жұмысымен танысты.

— Әрине, бизнестің мақсаты сапалы өнім өндіріп, пайда табу екендігі белгілі. Ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде қолайсыз климат жағдайында егін өсірудің қаншалықты күрделі екендігін жақсы түсінемін. Соған қарамастан осындай тәуекелге барып, жермен жұмыс істеуге батыл бетбұрыс жасағандарыңыз құптарлық та қуанарлық жайт, — деді сенатор Қайрат Қыдырбайұлы.

— Демек, қай іске де ынта-жігер болса, бірден тау қопарып тастамағанмен, бірте-бірте ойлаған мақсатқа маңдай термен жетуге болады. Ең бастысы, талпыныс, алға ұмтылушылық бар. Мен соған қуанып тұрмын. Сенаторлар бұдан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында алтыншы шақырылымдағы Исатай аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Кездесу жиынын кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі Т.Сұлтанбеков алда тұрған ауқымды істерге қысқаша тоқталды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Ищанов бұдан әрі сапар мақсатын түсіндіріп, әріптестерін ашық пікір алмасуға шақырды. Ол Сенат қабырғасында атқарылған жұмыстар төңірегінде ой өрбітті. Сенатта жергілікті депутаттармен жұмыс істейтін арнайы топ бар. Сол арқылы алдағы бірлесіп атқарылар жұмыстар жоспары жасақталады.

  Елбасы Жолдауын орындаудың практикалық кезеңі басталуына орай «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамды» жүзеге асыру үшін бюджет қайта қаралып, 208 млрд. теңге қаржы негізінен әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне жұмсалған. ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты Мәжіліс өз жұмысын уақытша тоқтатқанда, олардың міндеті Сенатқа жүктелген. Сол аз ғана уақыттың ішінде 56 заң, жоғарыда айтылған «Ұлт жоспарын» орындауға қатысты 59 заң жобасы қабылданған. Жалпы осындай ел игілігіне айнал ған қыруар шаруалардың бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғандығына жарқын мысалдар келтірген Қайрат Қыдырбайұлы Ұлт Көшбасшысының әлемдік деңгейдегі үлкен беделі барын айрықша атап өтті. Семей полигонын жабуға арналған халықаралық конференция жұмысына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығына тоқталды.

  Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануының өзі Елбасы саясатының жемісі екендігі айтпаса да түсінікті.

— Қолдарыңызда заңмен белгіленген билік те, өздеріңізге сенім артқан сайлаушылардың аманаттарын орындау жауапкершілігі де бар екендігін ешқашан естеріңізден шығармаңыздар. Сондықтан, біз үнемі ат үстінде болуымыз керек, — деді келесі кезекте сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов. — Жасыратыны жоқ, басқа облыстарда шешімін күткен күрделі мәселелер көп. Соған байланысты пікір қайшылықтарының болуы да заңды. Соның бәрін парасаттылықпен байыпты шешуге жұмыстанғанымыз жөн. Ал, біздің мұнайлы аймақта ондай проблемалар жоқтың қасы. Өздеріңізге мәлім, Сенатқа 32 депутат әр өңірден сайланады.

  Осы сайланған депутаттар сол өңірдің өкілдері болып саналады. Мәселенің ұсақ-түйегі жоқ, олардың бәрін де заңдылыққа сай оң шешілуіне барынша атсалысып келеміз. Сайлаушылармен болған кездесу жиындарында айтылған ұсыныс-пікірлер де аяқсыз қалмайды. Осыдан бірер жыл бұрын оңтайландыруға байланысты «Қазпошта» АҚ тұрғындар саны аз дегенді желеу етіп, отызға тарта ауылдық жерлердегі пошта бөлімшелерін жауып тастаған. Бұл ауылдың тұрғындары газет-журналға жазылу, зейнетақысын алу, басқа да коммуналдық төлемдерді қалтасынан ақша шығарып, бәленбай шақырым жердегі аудан орталығына барып төлейтін көрінеді. Бұл мәселеге біз араласып, тиісті орындармен сөйлескеннен кейін осыған дейін жабылған бөлімшелерді қайта аштырып, қарапайым халықтың алғысына бөленгеніміз – біз үшін үлкен мәртебе. Жалпы, Сенатта осындай ұсыныс-пікірлерді зерттеп, заңдық тұрғыда оңтайлы шешілуіне ықпал ететін алты тұрақты комитет жұмыс жасайды. Өзім экономика, саясат, инновация, кәсіпкерлік салаларын қамтитын комитетте өңірлерден түскен өтініштер бойынша қолдан келгенше көмек жасауға жұмыстанамын, — деп түйіндеді сөзін сенатор С.Еңсегенов. Ашық пікір алмасуға қатысқан облыc- тық мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов депутаттар белсенділігі жөнінде өз ойларын ортаға салды.

— Мынау әкім айналысатын іс, маған қатысы жоқ деп бұғып қалуға болмайды. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, жаңадан әлеуметтік нысан ашқан кәсіпкер қолында техникалық құжаты болмағандықтан бірден іске кірісіп кете алмайды. Ал, құжат жасауға лицензиясы бар мекеме қызметі үшін тым қымбат сұрайды, ойына келген бағаны қояды. Осылары дұрыс па? Міне, осындай тығырыққа тірелгендерге депутаттар көмекке келулері керек, — деді ол. ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Еңсегенов ұзақ жыл ұстаздық қызметпен айналысып келе жатқан аудандық мәслихат депутаты Лиза Мутяновадан бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтардың сапасы жөнінде сұрады. Өйткені, ата- аналар тарапынан оқулықтарға көңілдері толмайтындары туралы әңгімені жиі еститін көрінеді. Өз кезегінде ұстаз-депутат шындықты жасырып қала алмады. Көкейіндегісін бүкпесіз ақтарып салды.

  Мәселенің мән-жайына қаныққан сенатор Сәрсенбай Құрманұлы мектеп оқулығының сапасы жөнінде осы айтылған пікірін қағазға түсіріп, жазбаша беруге өтініш жасады. Аудандық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Дарын Зұлқашев көктемгі толассыз жауған жаңбыр салдарынан ауданда жүзге тарта үй суға кеткенін, төрт жүздей адам мұқтаж отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрғандарын айтып, көмек сұрады. Биыл 60 пәтерлік бір үйдің құрылысы басталады, ол бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан, жоспардан тыс тағы да қосымша 60 пәтерлік үй салудың жолын, заңдылығын қарастырса деген ұсынысын айтты.

  Депутат С.Әубәкіров «Атырау-Астрахан» бағытындағы жолдың күрделі жөндеу құрылысы басталып, онысы пайдалануға берілгенше жылдар бойы күтуге тура келетіндіктен, қазіргі қолданыстағы жүруге жарамсыз жолды, жамап-жасқап, жеңіл жөндеуден өткізіп, пайдалану керек деген ұсынысын білдірді. ҚР Палмаменті Сенатының депутаттары болашақта да тығыз байланыста жұмыс жасауға мүдделілік танытып, осындай пікір алмасу семинарларын Парламент қабырғасында өткізуді де ойластыратындықтарын айтты.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ, Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button