Пандемия дерегі енді Қарағандыда тіркелді
Atr.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Қазақстанда қауіпті вирусты жұқтырғандар саны тағы да бес адамға артты.
Бұл туралы еліміздің ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда Алматыда — 22, Нұр-Сұлтанда — 25 және Қарағандыда — 2 жағдай тіркеліп отыр.
«Елімізде коронавирус індетін жұқтырған тағы бес адам анықталды. Оның екеуі Қарағанды қаласында. 1971 және 1972 жылы туғандар Қазақстан азаматтары. Олардың екеуі де №0324 Минск-Қарағанды рейсімен ұшып келген болатын.
Сол сияқты, Алматы қаласы бойынша үш адам тіркеліп отыр. Олар 1979 жылғы әйел адам. Елге Берлин қаласынан ұшып келді. Екінші азамат 1997 жылғы ер адам, ол жақында Франциядан ұшып келген. Үшіншісі 1982 жылғы әйел адам. Қазіргі таңда барлығының денсаулықтары жақсы» , — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Бүгінгі таңдағы эпидемиологиялық ақпарат бойынша, Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырғандар саны 49-ға жетіп отыр.
Еске сала кетелік, қазіргі уақытта мемлекет алапат індетпен күрес жолдарының ең негізгі тетіктерін іске қосты. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, барлық медициналық орындар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Дәрігерлер ауру белгілері байқалған жағдайда жедел жәрдем шақыруға кеңес беруде.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА