Өзен түбі тереңдесе
Atr.kz/24 қыркүйек, 2019 жыл. Былтырдан бері Қиғаш өзенінің түбін тереңдету қолға алынды. Қазір мұнда 48,7 шақырым ұзындықта жұмыс атқарылды.
Ал, 47 шақырымда шаю карталары жайғастырылып, теңіз бөлігінде 33,6 шақырым канал жасалды. Бұл жұмысқа жеті бірлік арнайы техника тартылып отыр. Қиғаш өзенінің суын арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту жобасының учаске бастығы Дидар Әліповтің айтуынша, қажетті деңгейді құмнан және басқа да шөгінділерден сақтау үшін мамандар 20-30 сантиметрге тереңірек қазуға тырысады.
– Біздің міндетіміз – Ганюшкин каналын, соған қосылатын Жарқосын, Навинский каналдарының түбін тереңдету. Жоба бойынша енін 25 метр, тереңдігін 2,5 метрге дейін қазуымыз керек. Қиындық туғызатын жағдай – өзеннің түбі қатты ластанған, кейбір тұсында темір-терсек, ау құралдары көп. Мұндай жерлерден техника үлкен қиындықпен өтеді. Кейде оны жөндеуге мәжбүрміз, -деді Д.Әліпов. Мердігер компания Жайықта да өзен түбін тереңдету жұмысын жүргізуде. Қазірге дейін мұнда 5 бірлік арнайы техника жұмыс жасауда. Жайықтың 17,5 шақырымында тереңдету жұмысы жасалды. Теңізге құяр бөлігінде үш шақырым канал қазылды. Ал, 21,3 шақырымда шаю картасы жайластырылды.
– Өзен түбін тереңдету жұмысы сапалы және тыңғылықты жүргізілуі тиіс. Бұл өңірдің балық шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Жайық пен Қиғаш өзендерінің экологиялық ахуалын айтарлықтай жақсартады, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ