МҰНАЙ ІЗДЕУШІ

Адал еңбегімен абыройға бөленген жан туралы әңгіме 

Мемлекеттің мәселесін өз шаруасындай қолға алатын, өзінің шаруасын мемлекеттің мүддесі тұрғысынан көретін тұлғалар бар. Соның бірі – ұзақ жыл «Қазөнеркәсіпгеофизика» ААҚ-ның Батыс Қазақстан ұңғыларды геофизикалық зерттеу филиалын (экспедиция) басқарған, бірнеше рет халықтың қалаулысы болып депутат атанған Хисма Бимұхамбетұлы. 

Алғашқы баспалдақ

Әңгіме кейіпкерінің өмірі ұңғыларды геофизикалық зерттеу экспедициясының жылнамасымен қос тамырдай қатарласа өріледі. Ол 1940 жылы Исатай (бұрынғы Новобогат) ауданының Забурын ауылында туған. Алдымен, облыс орталығындағы мұнай техникумын, одан соң Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтын тау-кен инженер-геофизигі мамандығы бойынша бітіреді. Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институты жанындағы үш айлық курстан өтіп, геологиялық барлау өндірісінің ұйымдастырушысы мамандығын да алған.

Х.Бимұхамбетұлы 1961-1966 жылдар аралығында «Қазмұнайгеофизика» тресінің Қаратон кәсіптік-геофизикалық партиясында техник, инженер-оператор, отряд бастығы болып қызмет атқарады. Кейін Атырау (Гурьев) кәсіптік геофизика партиясының бас инженері, Батыс Қазақстан ұңғыларды геофизикалық зерттеу экспедициясының бас инженерлігіне тағайындалады. 1985 жылға дейін осы экспедицияның бастығы болса, кейін «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі партия комитетінің хатшысы, бас директордың орынбасарлығына бекітіледі. Ал, 1988 жылы еңбек ұжымының өтініші бойынша баламалы негізде сайлауға түсіп, Батыс Қазақстан экспедициясының бастығы болып сайланады. Міне, сол жылдан бері осы қызметті зейнет жасына келгенше атқарды. Қазір де еңбектен қол үзген емес, «ГеоМұнайРесурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер болып қызмет етеді.

Батыс Қазақстан ұңғыларды геофизикалық зерттеу филиалы – ерекшелігі көп мекеме. Бұрынғы мемлекеттік кәсіпорын, бүгінгі «Қазөнеркәсіпгеофизика» ААҚ-ның филиалы саналған мекеменің елу жылдан астам тарихы бар. Ол бұрын геофизикалық зерттеу бойынша бүкіл Батыс Қазақстан аймағын қамтыса, кейін құрылымдық өзгерістерге түсті. Ерекше тоқталары, қаржы тапшылығы, экономикалық байланыстар ыдыраған кезеңде аталған экспедиция өз қызметінің бағытын, ұжымын сақтап қалды, керісінше, осы тұста көп кәсіпорын құрдымға кеткен еді. Бұл алдымен құрылымның басшысы, содан соң білікті мамандардың арқасында мүмкін болды. Айта кетейік, кезінде Хисекеңмен қиындықтарды бірге бөліскен әріптес інілері бүгінде «Қазөнеркәсіпгеофизика» ААҚ, FIOC компаниясы, «Қазмұнайгаз» ҰМК, «АНАКО», «Тверьгеофизика» ғылыми өндірістік орталығы секілді кәсіпорындарда басшылық қызметтерде. 

Еленбей қалатын еңбек

Расы керек, жаңа мұнай көзі ашылғанда бұрғышылардың, басқа да мамандардың еңбегі аталады да, ұңғыларды геофизикалық зерттеушілердің қызметі назардан тыс қалып жатады. «Қара алтынның» халық игілігіне айналуына олардың қосқан үлесі орасан болғаны бұл өмірдің шындығына айналған. Байқасақ, оның мынадай себебі бар екен. Мәселен, алғаш сейсмикалық мамандар белгілі бір жерде мұнай болуы мүмкіндігін бұрғышыларға анықтап береді. Ал, одан соңғы істі ұңғыларды геофизикалық зерттеу мекемесі жалғастырады. Жер қыртысында мұнайдың бар-жоғы туралы ақырғы сөзді айтатын да осылар. Жаңа әдісті қолдану арқылы ашылған кен орындардың өзі қазірдің өзінде көп-ақ. Мысалы, Хисекеңнің басқаруындағы ұжымның атсалысуымен мұнай берген Молдабек, Қоңдыбай, Сазанқұрақ, Қырықмылтық, Орысқазған, Уаз және тағы басқа орындар осы сөзді айғақтайды.

Бүгінде айтуға жеңіл болғанымен кезінде бұл кен орындары «сырын» аша қоймаған. Жер қойнауындағы құпияның кілтін табу шыныменен үлкен күшке түскен еді. Хисма өз жолдастарымен осы соқпақта талай қиындықтардан өтіп, қаншама мазасыз күндерді бастан кешті. Іздеген ғана мұратқа жетерін олар бәрібір дәлелдеп шықты. Дегенмен, адал еңбектің уақытында еленбей қалатыны айтпай қалмайтын жағдай.

Экспедицияның тындырымды жұмысын шетелдік алпауыт компаниялар әркез жоғары бағалады. Мәселен, Егіз, Қарасай алаңдарындағы мұнай іздестіру шаралары барысында «Юнион Текзас Петролеум» және «Норд Каспиан ойл» компаниясының өкілдері Хисекең басқаратын экспедицияның жұмыс істеуін өтінеді. Ал, бұл алаңда бұдан бұрын әлемге әйгілі «Бейкер Хьюз» компаниясы іздестіру жүргізіпті. Шекара асып келгендер қазақстандық экспедицияны сынағысы келді ме, әлде ыңғайы солай болды ма, кім білген, мамандарымыздың жұмыс қорытындысын асықпай күтіп, оны әуелгі нәтижемен мұқият салыстырады. Байқаса, жерлестеріміздің қызметінде бір селкеулік жоқ. Осындай жағдай «Сазанқұрақ» алаңында да қайталаныпты. Мұнда да алдымен «Шлюмберже», кейін «Бейкер Хьюз» компанияларының қорытындысынан біздің мамандардың көрсеткіші еш төмен болмаған. Бұл шетелдік білікті мамандардың Х.Бимұхамбетұлы жетекшілік ететін экспедицияға деген сенімінің арта түсуіне себепші болады.

Жаңа жүйе, озық технологияға сүйенген құрылым жергілікті ірі кәсіпорындардың тапсырысы бойынша қазір де жұмыс жасауда. Кезінде Ресей мемлекетіндегі отандық ғылыми-зерттеу институтымен іскерлік байланыс орнатқан тың тәжірибе бүгін де бар. Бұл мамандардың біліктілігінің артуына мүмкіндік беруде.  Айта кетейік, экспедиция 1993 жылдан бері ұңғыларды геофизикалық зерттеу, ғылыми-техникалық байланыс жөніндегі Ассоциацияның мүшесі. 

Өнегелі өмір

Өмір жолын мұнай іздестіру саласына арнаған Хисма Бимұхамбетұлы бірнеше рет Кеңес Одағы кезіндегі Геология министрлігінің, республиканың, облыстың Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Жер қойнауын барлаудағы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Құрметті жер қойнауын барлаушы» медальдарының иегері. Қазақстан мұнай-газ саласын қалыптастыру және дамытудағы елеулі еңбегі үшін «Қазақстан мұнайына 100 жыл» естелік белгісімен марапатталып, есімі Қазақстан мұнай энциклопедиясына енгізілді. ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Сонымен қатар, еліміздің геофизикалық зерттеу жұмыстарына сіңірген еңбегі үшін С.Г.Комаров атындағы медальмен, «Казэнержи» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдар қауымдастығының төсбелгісімен марапатталды.   Х.Бимұхамбетұлы белсенді еңбегімен бірге, халықтың сенімін иеленген де азамат. Ол бірнеше рет Атырау (Гурьев) қалалық партия комитетінің пленум мүшелігіне, халық депутаттары, селолық, аудандық, қалалық кеңесіне  депутат болып сайланды. Облыстық партия конференцияларына делегат ретінде қатынасты. Хисекең қазір де қоғамдық шаралардан тыс қалған жоқ.

Қызмет саласында осындай табыстарға жеткен Хисекең – берекелі отбасының діңгегі де. Зайыбы Аққыз 35 жыл бойы Қазақтың геологиялық-барлау ғылыми-зерттеу институтында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Баласы Тұрғали – жеке кәсіпкер, қыздары Жаннат үш жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде «Каспийнефть» мекемесінде бөлім бастығы болып қызмет етеді, Ләззат та – бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдаған білікті маман. Қазір «Қазмұнайгаз» ҰМК-на қарасты құрылымда заң департаменті директорының орынбасары.

Адал еңбегімен абыройға бөленген Хисма Бимұхамбетұлының өнегелі өміріне біз осылайша үңілдік. 

 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз