Жарнама
ЖаңалықтарСарапTime

Өз үйім – өлең төсегім

Atr.kz/2 қазан, 2019 жыл. Қазіргі қазақстандық жастардың басты мәселесі – баспана. Бүгінде балаларын жетектеп, пәтерден пәтерге көшіп, үй иесінің қас-қабағына қарап күнелтіп жүрген жас отбасылар жетерлік. Ал, басында панасы жоқтардың жайына қоғам қаншалықты алаңдап отыр? Жастарға баспаналы болуға мемлекет тарапынан қандай мүмкіндіктер қарастырылған немесе қандай тиімді бағдарламалар бар?

Жас шектеуі жол байлауда Иә, кез келген ата-ананың балаларының бас-басына үй салып, пәтер алып, енші беретіндей жағдайлары жоқ. Сондықтан, өз алдына үй боламын деген жас отбасылар несиеге болса да үй алып, немесе үй жалдап кете барады. Ал, ондай қадам қаржылық қиындықтар, өзара түcініспеушілік туғызып, түптеп келгенде некенің бұзылуына дейін әкеледі. Себебі, баспанасыз отбасының берекені сақтап қалуы тым қиын.

Осындай қиындыққа кезігіп жүрген жанұялардың бірі – Дулат пен Жазираның отбасы. Ерте жастан жанұя құрған екеуі өмірдің қызығы мен қиындығын бірге көре жүріп, үш балалы болған. Алайда, жастары 27-ге енді толған олардың әлі күнге баспанасы жоқ. Әр кімнің үйін жалдап жүрген екеуі 6 жылда оннан астам үйдің табалдырығын тоздырғанын айтады.

«Біздің мәселеміз айтуға ғана оңай. Бірақ, үйіміз жоқ деп ешкімге шағымданып көрмедік. Ең қиыны, жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардан үміттенетіндей қолымызда бастапқы жарна жоқ. Қайдан болсын, ай сайын коммуналдық шығындар мен пәтер ақысына 80 мың теңге ақшамыз кетеді. Жұбайым үйде, балаларға бас-көз болып отыр. Жалғыз өзімнің табысым үй алуға жеткіліксіз. Біз секілді мұқтаж отбасыларға тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын тиімдірек етсе», деген Дулат Жастар жылында осындай өзекті мәселелер шешімін табуы керектігін айтты.

Мәселен, біздің облыста жас отбасыларды баспанамен қамтитын қандай мемлекеттік бағдарлама бар десек ойға бірден «Жас отау» түседі. Оның бүгінге дейін игілігін көргендер де, оған қолы жете алмай жүргендер де бар. Аталған бағдарлама арқылы берілетін пәтерлердің құны, әр шаршы метріне 179 000 теңгені құраса, несие мөлшерлемесі 7 пайыз.

Сондай-ақ, бастапқы жарнасы 20 пайыздан басталады. «Жас отау» бағдарламасына қатысу үшін ең басты талап жастар «Қазақстандық тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болуы қажет және депозиттің ішінде кем дегенде 500 мыңнан астам сома болуы керек. Бұл бағдарлама жастардың баспаналы болу мүмкіндігін арттырады, алайда, ерлі-зайыптылардың жастары 29 жасқа дейінгі болу шарты көптеген отбасыларға кедергі болуда. Өйткені, бүгінде жастары 30-дан асқан үйсіз жүрген отбасылар бар.

Өкініштісі сол, оларға мұндай тиімді бағдарламалар қарастырылмаған. Сондықтан, көптеген жастар бағдарламаның жасқа байланысты шартына өзгерістер енгізілуіне ниетті. Солардың бірі, Атырау қаласының Марат есімді тұрғыны. Редакцияға хабарласқан ол да жастарға баспана ұсынатын қандай бағдарламалар барын сұраған еді.

«Жұбайым екеуміз 27 жасымызда отау тіктік. Бүгінде үш баламыз бар. Бірақ, басымызда жеке баспана жоқ. Үй жалдап, күнелтіп жүрміз. Пәтерденпәтерге көшіп шаршаған балаларым, өзгелер секілді үйіміздің болғанын қалайды. Тіпті, кейде тосыннан «Әке қашан біздің өз үйіміз, өз бөлмеміз болады?» деп сұрағанда не айтарымды білмей қаламын. Өзімді енжар, жалқау деп айта алмаймын. Шамам келгенше еңбек етіп, осы қиындықтан шығудың жолын іздеп жүрмін.

Бірақ, біздің белгілі бір пайызын төлеп пәтер алуға мүмкіндігіміз жоқ. Ал, «Жас отау» бағдарламасына қызығушылық танытып, сұрағанымда 29-ға дейін жас шектеу барын білдім. Біздің жасымыз қазір 31-де. Осылай тиімді бағдарламаларға бір-екі жастың айырмашылығынан қатыса алмай жүрміз. Бұл өзім секілді қаншама жастарға кедергі болуда», — деді ол.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аймақта жас отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатында 2014 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Жас отау» өңірлік жобасы аясында 2015 жылы — 90, 2017 жылы 120 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал, 2018 жылы 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, «Жастар жылы» аясында 67 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, жыл аяғына дейін тағы 33 жас отбасыға пәтер кілті табысталмақ.

Жалдамалы пәтерлер – жаңа бастама Биыл Елбасының тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында кемінде 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарлануда. Кейін бұл тапсырма кеңейтіліп, жастарға үш қалада үш мың пәтерге дейін салу жөнінде тапсырма берілгені мәлім. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет ережеге сәйкес, бірінші кезекте 29 жасқа дейінгі жас жігіт немесе бойжеткен ресми түрде Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент қаласының тұрғыны болуы тиістігін айтқан болатын.

Сондай-ақ, жас адамның тұрақты жұмыс орны болуы және жылжымайтын мүлкі болмауы керек. «Себебі, біз жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беруіміз керек» — дейді ол. Комитет төрағасының айтуынша, бұдан бөлек үміткердің банкте шоты болуы тиіс. «Өйткені, оның бастапқы жарнаны жинауға қызығушылығы болуы қажет. Сонымен қатар, бұл жобаның мақсаты – жастарға өз тұрғын үйін алуға мүмкіндік беру.

Үміткердің қызметтегі жетістіктерін куәліктерін растайтын құжаттарын көрсетсе қосымша тағы жеңілдіктер беріледі. Сонымен қатар, өтініш берушінің отбасы және балалары болған жағдайда қосымша жеңілдіктер қарастырылған», — деді ол. Жұмыс жасайтын жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы 2021 жылға дейін жүзеге аспақ.

«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 29 жасқа дейінгі 4 млн-ға жуық жастар бар. Оның ішінде 245 мыңы Нұр-Сұлтан қаласында, 700 мыңы Алматыда, 260 мыңы Шымкент қаласында тұрады. Тапсырмаға сәйкес, осы үш қалада кемінде 3 мың пәтер тапсырылмақшы. Бұл мақсатта бюджеттен 21 млрд. теңге бөлініп, үш қалаға аударылған. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі таңда үй сатып алу мәселесін қолға алып жатыр», — деді Мадияр Қожахмет.

Үйді жалға беру бағасы айына 10-12 мың теңге көлемінде болмақ. Мұндай тиімді бағдарлама бізде қашан бастау алады? Осы орайда, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы хабарласқан болатынбыз. Алайда, әзірге үш қаладан пилоттық жоба ретінде бастау алған бұл бағдарламаның нәтижесі болғанда ғана өзге өңірлерде де қолға алына бастайтынын білдік.

Баспаналы болу бағытында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Десек те, жастардың басым көпшілігі бұларға сенім арта бермейді. Себебі, еңбекке енді араласа бастаған жастарда алғашқы жарна қайдан болсын?… Ал, бұл тұрғын үй алу талаптарын әлі де болса жеңілдете түсу керектігін көрсетеді. Өйткені, жастар «бағдарламаның игілігін көрсек» дейді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

*Сіз не дейсіз?

Динара ЖАРАСОВА,

жас ана:

Жас отбасыларға жеңілдіктер қарастырылса

Жасым 26-да. Үш баланың анасымын. Әр жанұя өз бетімен өмір сүріп, жеке баспанада тұрғанды армандайды. Өңірде білімді, дарынды, жастарға қолдау көрсетіліп жатқаны жасырын емес. Оларды баспанамен қамту ісі де ойдағыдай жүзеге асуда. Дегенмен, біз секілді жас отбасыларға жеңілдіктер қарастырылуы керек.

Мәселен, Елбасының «Бес бастамасының бірі» 7-20-25 бағдарламасын жастарға бейімдеп жетілдірсе деймін. Себебі, біз секілді жастарға алғашқы 20 пайыздық жарнаны салу оңай емес. Сондықтан, осы бағдарламаның бастапқы жарнасының көлемі 10 пайызға түссе, жастар үшін тиімді болар еді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button