Жаңалықтар

Тозған көпірлер қайта жөнделеді

Биыл Атырау қаласындағы бірнеше көпірге жөндеу жүргізіледі.

Атап айтқанда, Балықшы – Жұмыскер, Тұрғын үй қалашығы – Авангард автокөлік көпірлері, сондай-ақ, айналма жолдағы көпір жөндеуден өтеді. Одан өзге, бояуы оңып, сұрқы кеткен аспалы көпірге де жөндеу жасалады. Бұл мақсатқа қазынадан 264 млн. теңге қаржы бөлінген.

Жалпы шаһардағы маңызды нысандардың сапасы сын көтермейді. Мәселен, 1965 жылы пайдалануға берілген орталық көпірге соңғы 20 жылдан астам уақыттан бері жөндеу жүргізілмеген. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жергілікті атқарушы билік маусым айынан бастап жоғарыда аталған үш бірдей көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. – Биыл айналма көпір ағымдағы, яғни жай жөндеумен шектеледі. Келешекте қаржыландыру мүмкіндігіне қарай оны күрделі жөндеуден өткізу жоспарға енгізілген. Қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Нақтылай кетсем, жоба бойынша айналма жолды толықтай реконструкциядан өткізіп, И.Тайманов даңғылына дейін үш жолақты жол салу көзделген.

Сол сияқты, Балықшы – Жұмыскер көпіріне де конструктивтік өзгерістер енгізіледі. Бүгінде онымен жүретін көлік тасқыны бұрынғы жылдарға қарағанда айтарлықтай азайып, толастаған, жүру жылдамдығы да төмендеген. Осының өзінен-ақ бұл көпірдің көліктер қозғалысына қаншалықты қолайсыздық туғыза бастағанын аңғаруға болады.

Келесі нысан – Тұрғын үй қалашығы мен Авангард шағынаудандарын байланыстыратын көпір. Жоспарланған жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бас мердігер – «Атырауинжстрой» жауапкершілігігі серіктестігі болып табылады. Осы жылдың өзінде аталған инфрақұрылым нысандарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 260 млн. теңгеден астам қаржы бағытталады, — дейді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.

Қаладағы көпірлердің тең жартысының әбден тозығы жеткен. Ой-шұңқырлары көбейіп, астындағы темір-бетон плиталарына дейін сызат түсіп, жарылған. Жоспарланып отырған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде осы кемшіліктер қалпына келтіріледі деген үміт бар.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button