Жарнама
Жаңалықтар

ӨТКЕНГЕ – ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА – ТАҒЫЛЫМ

 

Көшпенділер дәуірінен басталған жол

Конференция барысында Қазақ хандығы тарихының көкейкесті мәселелері, маңызды тарихи фактілер мен оқиғалар, тарихи тұлғалардың ролі туралы айтылып, әлем ғалымдары отандық тарихтың кемшін зерттелген тұстары, ұлттың қалыптасуы, мемлекет дамуын зерделеу әдіснамасы бойынша ғылыми баға берді. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан тарихы, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының жүзеге асырылуы да насихатталды.

Шараны ашқан облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хандықтың мерейтойын бабалар рухына тағзым ету үшін, тағдырлы тарихынан тағылым алу үшін өткізіп отырмыз» деген сөзін атап өтті. «Қазақ хандығы жайдақ жерде құрылған жоқ. Хандық заманға дейін де Еуразияның жон арқасын қоныстанған бабаларымыз батыста Византия, Рим империяларымен, шығыста Парсы, Қытайлармен тең терезе көрші болып, үстемдік етіп, дәурендеген дәуірлер де болған. Көне Түркі заманда бұл жер шығысты батысқа, батысты шығысқа қосып, Ұлы Жібек жолы атты экономикалық логистикалық белдеуге айналды. Бүгінгі күннің басты термині – жаһанданудың іргесі байтақ даламызда қаланды десек, артық айтқанымыз емес. Ұлы Дала халқының екінші дәурендеуі – «қазақ» деген этнонимнің төңірегінде топтасып, Қазақ хандығын құрумен байланысты. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуінің жорықта қаза тапқанын ескерсек, елдікті сақтап қалудың оңай болмағанын байқаймыз.

Бүгінге үлкен ұлағат қалдырып, ішкі-сыртқы себептерге байланысты хандықтың дәуірі де өтті. Түркі заманынан есептесек, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыз – Ұлы Даланы мекен еткен халықтың үшінші дәуірлеу кезеңі. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, бұрынғы қазақ қоғамының бірлігі жарасқанда даңқы асқан, билікке таласқанда берекесі қашқан екен. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция өзек ететін тақырыптарының бірі – төл тарихымыз аманат еткен осы ащы шындық пен сындарлы сабақ болуы тиіс деп ойлаймын, — деген облыс басшысы әрі қарай өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени ахуалына тоқталып, бірнеше ел өкілдерінің басын қосқан ғылыми мәжілістің бүгініміз бен болашағымызға берері көп болатынына сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. 

Түркі әлеміне ортақ оқиға

Одан әрі Парламент депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің құрылғанына 65 жыл толуына орай Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Бейбіт Мамраевты марапаттады.

Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Фостер Гултом, Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Христиан Камилл мен Францияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық сұрақтары жөніндегі кеңесшісі Гийом Касперскилар да конференция қатысушыларын тарихи датамен құттықтап, Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тоқталса, Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Рашад Эйнаддин оглы Маммадов «Қазақ хандығының 550 жылдығы – бүкіл түркі әлемі елдеріне ортақ айтулы оқиға. Өйткені, біздің түбіміз бір, тарихымыз ортақ. Сондықтан, бұл мерейтойдың бұқаралық сипат алуы барлығымыз үшін үлкен абырой болмақ», — деді. Бұл орайда, модератор Бейбіт Баймағамбетұлы айтып өткеніндей, тарихы бір түркі мемлекеттерінің бірі – Әзербайжан Республикасымен  қарым-қатынас ерекше. Мәселен, жыл сайын Х.Досмұхамедов университеті студенттеріне Әзербайжанның Тұңғыш Президенті Гейдар Алиев атындағы бес шәкіртақы тағайындайды. Және университетте ашылған Әзербайжан тарихы мен мәдениеті орталығы әр ұлт өкілдері студенттерінің рухани дамуына ықпал етуде. 

Ұлы Даланың қайталанбас кітапханасы

Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов «Қазақ хандығы және әлемдік тарихи кеңістік» тақырыбында баяндама жасады. Париж қаласындағы Шығыс тілдері және өркениеттері Ұлттық институтының профессоры Пужол Катрин Қазақстанның дара шежіресінің ерекшелігін тарихтың Ұлы Дала кеңістігінде жазылуынан емес, көшпенділердің арғы-бергі тарихының өзіндік ерекшелігімен байланыстырып, ХІХ-ХХ ғасырлардағы репрессия, өзге де қиын кезеңдерден халықтың аман өтуімен дара тұрғанын айтты.

— Қазақтың өткені өзге елдердің тарихынан мемлекетті адами және аумақтық ресурстармен басқару ерекшелігімен, сансыз петроглифтермен, тарихи ескерткіштерімен де ерекшеленіп тұр. Мұның барлығы Ұлы Даланың қайталанбас кітапханасын қалыптастырды. Сол себепті, Қазақ елінің тарихы қуатты болып табылады, — деген мәртебелі мейман мемлекетті басқарудағы Қазақ хандығының ерекшеліктеріне тоқталды. Ол қазақ билеушілері үшін рухани байлықтың материалдық құндылықтардан қашан да жоғары тұрғандығын атап өтті. Және де үлкенді сыйлау, адамзаттың құндылықтарына құрметпен қарау, өмірдің барлық саласына философиялық прагматизммен қарау сияқты қазақ мәдениетінің заманауи мемлекетті қалыптастыруда ерекше рөлге ие екендігін баса айтты.

Түйін

Өткенді саралап, тарихқа баға беру мақсатында өткен маңызды шарада Қазақстан тарихының даму тенденциялары, тарихнамасы, Қазақстанның Еуразиялық доктринасының тарихи, саяси тенденциялары, Орта Азияның геосаяси жағдайы, Ұлы Жібек жолы, Батыс пен Шығыс өркениеттері, «Мәдени мұра» бағдарламасының тарихи мәселелері бойынша сарапшы маман, Қазақстан тарихын «Е-learning» технологиясымен оқыту жолдарын құрастырушылардың бірі Саттар Мәжитов «Мәңгілік ел» идеясы аясында тәуелсіз Қазақстан мемлекеті үшін күрес: этникалық бірегейлік және өзіндік болмыс» тақырыбында ой өрбітсе, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары, белгілі тарихшы Жібек Сыздықова, Қалмақ мемлекеттік университетінің ректоры Бадма Салаев, филология ғылымдарының докторы, «Отырар» ғылыми кітапханасының директоры, профессор Тұрсын Жұртбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жұмабек Бұсырманов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева мен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықовтар да өзекті мәселелерді баяндамаларына арқау етті.

Қазақ қоғамы ұлттық тарихи мәселелерге қозғау сала беруі қажет. «Сонда ғана зобалаң жылдардың нақты бағасы беріледі» дейді тарихшылар. Ғалымдардың басын қосып, ойларын ортаға салған шараның түйіні осы болды. Айтары мол мағыналы шара Атырауда бүгін де жалғасуда.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button