Қала әкімі Береке ауылының тұрғындарымен кездесті

347541835 1549976682198309 6093500695408538330 n Жаңалықтар

Жол және аялдама салу, қоғамдық көлік мәселесі, бұралқы иттердің көптігі, электр желісі, балабақшаның қажеттілігі. Аталған мәселелерді Алмалы ауылдық округіне қарасты Береке ауылының тұрғындары Атырау қаласы әкімі Мейірім Қалауимен кездесуде кеңінен талқылады.

Елдімекен төңірегінде қордаланған мәселелерге қала басшысы заң аясында жауап беріп, өзекті проблемалардың біртіндеп шешіліп жатырғанын айтты. Өз кезегінде қала әкімі Берекедегі өзекті мәселелердің бірі – саяжайлардың жағдайына тоқталды.

-Өңірдегі саяжайларды жеке тұрғын-үй массивіне ауыстыру, қажетті инженерлік-инфрақұрылым жүргізу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, саяжай учаскелерінің топографиялық түсіріліммен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, біртіндеп аяқтала келді. Мамыр айында жоспарды бекітсек, шілде айының аяғына дейін жолдардың жобаларын мемлекеттік сараптамаға кіргізіп, биылғы жылдан бастап саяжайлардың жолдарын бастаймыз. Ал, келесі жылы саяжайлардағы басқа да мәселелерді қолға аламыз, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, кездесуде жазғы су желілерін жүргізу жөнінде проблемаларын айтқан тұрғындарға қала әкімі нақты жұмыстар жүргізіліп жатырғанын жеткізді.

– Қала аумағында жазғы су құбырын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылдық округтердің барлығы дерлік жұмыстарды бастап, тартуда. Сондықтан да, сіздерге де су желісін міндетті түрде жүргіземіз. Жазғы суды жүргізуге қалалық әкімдікте қаражат жеткілікті. Береке ауылына тиісті жұмыстарды жүргізу үшін қаржы бөліп бердік. Ауылдарға су жүргізу менің тікелей бақылауымда. Биыл жұмыстар басталады, – деді әкім.

Бұдан бөлек, Береке ауылына спорт кешенімен бірге 1200 орындық жайлы мектеп және полиция пункті, спорт және ойын алаңының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

Айта кетейік, құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты бөлім жетекшілері және коммуналдық мекеме өкілдері қатысқан жиын Алмалы ауылдық округі әкімдігінің «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінен тікелей эфиде жүргізілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз