ОРЫНСЫЗ ҚЫСҚАРТУ БОЛМАЙДЫ
Аталған бағдарлама бойынша жергілікті кәсіпорындар бәрі бірдей толық қуатында жұмыс істеп кете қойған жоқ. Дейтұрғанмен, осы жылдың сегіз айында 8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп отыр. Бұл жөнінде кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева мәлімдеді.
— Ендігі бесжылдықта кластерлік өндіріс саласына зор мән берілетін болады. Оған мұнай машиналарын жасау, мұнай химиясы мен қызмет көрсету салалары кіреді. Облыс аумағында еркін экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Осы орталықта газ-химия кешеніне арналған жобалар жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде мұнда полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндіріліп жатыр. Осындай бастамалар мұнай сервисі мен машина жасау саласында да қолға алынбақ, — деді ол.
Ал, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның айтуынша, бүгінде облыс бойынша 50 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны ресми тіркелген. Бұл нысандарда 93 мың тұрғын кәсібінің нәсібін көруде. Ауыл бизнесі үшін соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 657 млн. теңге бөлінді. Облыс аумағында қызмет атқарып жатқан 2523 мекемемен жыл басында арнайы меморандумға қол қойылған.
— Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында индустриалдық-инновациялық бағдарламаның алғашқы бесжылдығында аймақта 76 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба қолға алынған болатын. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал, жұмыстан қысқартылған 517 адамның 203-і жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тіркелді. Олардың 148-ін біз қазір тұрақты қызметке, қалғандарын қоғамдық жұмыстарға тарттық. Тағы төрт адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несие алды, — деді Б.Өтеғалиева.
Жалпы, облыста қызметкерлерді жұмыстан қысқартпау мақсатында жұмыс берушілермен арада мүмкіндіктер қарастырылуда. Облыста еш себепсіз қысқарту жоқ. Алайда, көптеген мекемелерге жаһандық дағдарыстың әсер етіп жатқандығы белгілі. Ал, индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде ашылатын кәсіпорындар 3,5 мыңнан астам адамды жаңа жұмыс орнымен қамтымақ.
Амандық АБДОЛ.