ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Қазақстандық үшінші ғарышкер, Қазақстан Қарулы Күштерінің полковнигі Айдын Айымбетов Атырауға келген сапарында «Батыс» өңірлік қолбасшылығында болды. Алаштың мақтанышына айналған Айдынды әскери-патриоттық клуб мүшелері мен қатардағы жауынгерлер ерекше құрметпен қарсы алды.

 

Қазақтың ғарышкер ұлымен кездесу барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, полковник Нұрлан Алдияров өзге планетаға ұшып, ел игілігі үшін іс тындыру нағыз ерлерге ғана тән іс екендігін атап өтті.

– Өзге де ғарышкер ағаларымыз секілді Айдын Айымбетов – күллі қазақстандықтардың мақтанышы. Себебі, оның ғарыштағы зерттеулері елімізге үлкен пайдасын тигізеді. Біз үшін бүгін – ерекше күн. Себебі, «Халық Қаһарманы» мен «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атақтарының иегері Айдын Айымбетов аймағымызға бірінші рет ат басын тіреді. Сіз осынау ерлігіңізбен Қазақ елінің атағын әлемге әйгілеп қана қоймай, еліміздің ғарыш саласының дамуына үлкен үлес қостыңыз. Тәуелсіздікке қол жеткен күннен бері Елбасы саясатымен қарыштап дамып отырған еліміз ғарыш кеңістігін игеруде де биіктен көрінді, – деген ол барша әскери азаматтар Қазақстанның атын танытып жүрген Айдындай ағалармен мақтанатынын айтты.

Кездесуде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи де ғарышкердің Атырауға келген сапарын маңызды тарихи оқиғаға балады.

– Біз елімізде ғарышпен байланыс мықты дамығанын айтып мақтанамыз. Себебі, Айдын ағаларымыз секілді ел азаматтары дамушы елімізді әлемге танытуда. Бізде адамзат баласы тұңғыш ғарышқа ұшқан Байқоңыр айлағы бар. Дәл осы жерден 1961 жылы адам жердің тартылыс күшін еңсеріп, ғарышқа сапар шекті. Еліміздегі әр бала «ғарышкер болсам» деп армандай алады. Бұл да – тәуелсіз еліміздің жеткен жетістігі, – деді ол. Елге танымал ержүрек азаматтармен жүздесіп, олардың әңгімелерін тыңдау жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімін қалыптастыратынын айтты.

Ал, өз сөзінде ғарышкер Айдын Айымбетов жастарға өзінің өмір жолынан қысқаша мәлімет беріп, құшақ жайып қарсы алып, қолдау көрсетіп жатқан атыраулықтарға зор ризашылығын білдірді.

Бұдан соң жиналғандар Халық Қаһарманына ғарыштағы беймәлім тіршілік жайында сауалдарын қойды.

Сауалдарға жауап берген А.Айымбетов адам арманына жету үшін алдына нақты мақсат қойып, сол жолда талмай еңбектенуі керектігін айтты. Айтуынша, ғарышқа ұшуды ол бала күнінен армандаған. Және сол арманына жетудің жолында талмай еңбек еткен. Өз естеліктерімен бөлісу барысында ғарышкер орбитадан қарағанда біз өмір сүретін Жер кішкене ғана шар тәрізді көрінетінін және оны айнала қоршаған жіңішке ғана атмосфера сызығының байқалатынын айтты. Бұл ерекше көрініс ғарышкерге үлкен әсер қалдырған. «Мұны фотодан көрген бір басқа да, өзіңнің көзіңмен көрген бір басқа. Ғарышта мені осы көрініс ерекше таңғалдырды. Оны айтып жеткізуге сөз де жетпейді. Біз тым әдемі жаратылған Жер планетасында өмір сүрудеміз», – деді ол. 

Ол Жер бетін ғарыштан мониторингілеу арқылы экологиялық апат салдарының тереңнен зерттелгеніне тоқталып, сапарлауға ұзақ жылдар бойына дайындықтан өтіп, он күн ғарышта болған сәті өмірінің ерекше бір кезеңі екендігін де сөз етті. Және ғарышқа ұшудың тағы да сәті түссе, қуана-қуана келісетінін айтты.

«Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденінің иегері, «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» Айдын Айымбетовтің Атырауға келген сапарының, соның ішінде, әскери қызметкерлермен болған кездесудің мән-маңызы зор болды.

Сондай-ақ, Халық Қаһарманы «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесінде «Қазтрансойл», «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Атырау-Жарық», «Атырау жылу электр стансасы» мекемелері қызметкерлерімен кездесіп, «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бүгін ғарышкер ежелгі тарихи мекен – Сарайшықта болып, Махамбет ауданының жұртшылығымен жүздеседі.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз