ӨРТ – ТІЛСІЗ ЖАУ

оның алдын алуда қауіпсіздікті сақтау маңызды

Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінде мұнай өнімдерін өндіруші компания өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті.

 

Жиында мұнай өнімдерін сақтау орындарындағы өрт қауіпсіздігі ережелері туралы баса айтылды. Қатысушыларға көгілдір экран арқылы Киевтегі жарылыстың бейнебаяны көрсетілді. Өрт сөндіру барысында тілсіз жау арнайы техникаларды да шарпыған. Бұл жөнінде баяндама жасаған аталмыш департаменттің өрт қызметі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Сәлімғали Салықбаев қауіпсіздікті сақтаудағы белгіленген ережелермен таныстырды.

– Мәліметтерге сүйенсек, соңғы 30 жылда әлемде мұнай сақтау кешендерінде 318 жағдай орын алған. Мұның бәрі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан болып отыр. Біздің аймақта осыдан екі жыл бұрын мұнай сақтау кешендерінің бірінде осындай оқиға орын алды. Бүгінде мұнай өндіретін кәсіпорындарға тексеріс жүргізіледі. Қауіпсіздік ережелерінің талапқа сай болғанымен, кейбір орындарда жұмысты әлі де арттыру керек, – деді С.Салықбаев.

Сондай-ақ, «дөңгелек үстел» барысында құзырлы орган өкілдері мұнай құю кезінде оның шамадан тыс төгілуіне жол бермеу, оны ашық қалдырмау, маңында шылым шегу және электр желілерінің тұйықталуын ұдайы қадағалау керектігін қаперге берді.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз