Орманы бардың- қорғаны бар
«Бурабайдан Астанаға дейін барлық өңір орман болуы керек. Орман болғаннан кейін оның ішінде түрлі аңдар: қоян, түлкі, еліктер болуы тиіс. Қазір мұнда қырғауыл мен басқа да құстарды жіберіп жатырмыз. Одан бөлек, гүлдер егуіміз керек. Бұл орман Астананың климатын өзгертті. Аса ыстық та, бұрынғыдай аса суық та болмайды». (Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Астана орманын аралаған кезде айтқан сөзінен)
Мәулен САМАМБЕТОВ, «Астана орманы» ЖШС директоры:
ОРМАНЫ БАРДЫҢ – ҚОРҒАНЫ БАР
Бұл Елбасының баламасы жоқ жобасы болды Елорданы жайлаған «жасыл белдеу» – тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігіміздің бірі. Себебі, ми батпақ даланы санаулы уақыт ішінде сыңсыған орманға айналдыру – сандаған жылдармен келетін жеңіс. Ғасыр жобасына айналған «жасыл белдеудің» қалыптасу жолында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы жатыр. Елорда күніне орай, «Астана орманы» ЖШС директоры Мәулен Самамбетовпен әңгімелестік. Интернет байланысы арқылы жүргізген сұхбатымызда «жасыл белдеудің» өзіндік ерекшелігі, болашағы, ондағы атқарылған жұмыстар туралы кеңірек ақпарат алуға тырыстық.
— Астана орманы қалай дүниеге келді? Үлкен істің басы-қасында кімдер жүрді? Бастапқыда қандай қиындықтар, проблемалар болды?
— Дана халқымыз «орманы бардың – қорғаны бар» деп тегін айтпаған. Орманның қоршаған ортаға, жергілікті климатқа, адам саулығына әсері өз алдына, ол – стратегиялық мәнге ие нысан. Демек, кезіндегі ми батпақ даланың нулы орманға айналуына тікелей бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Және Астана орманын «Елбасының теңдессіз туындысы» деп бағалайтын кез келді. Ал, Елорданың «жасыл белдеуін» құру мәселесі астананы Алматыдан көшіру туралы Президент бастамасынан кейін қолға алынды. Бұл сонау алыста тарих болып қалған 1996 жыл еді. Мемлекеттік комиссияның қала тұрғындарына қолайлы климат қалыптастыру мақсатындағы шешімінен кейін жаңа Астанада «жасыл белдеу» құру жұмыстары тікелей 1997 жылы басталды. Және оның өзі екі кезеңнен тұрды. 1998-2004 жылдарды қамтыған бірінші кезеңдегі ағаш екпелерінің нақты аумағы 11 мың 502 гектар болды. Қазіргі таңда ол жерлерде сүйелді қайың, ұсақ және жалпақ жапырақты шегіршін, қарағай, сопақ жапырақты жиде, қазақстандық терек – барлығы 9,6 миллионнан аса ағаш және 1,8 миллионға жуық сары қарақат, ақ көріктал, бессей шиесі, татар ұшқаты сынды бұталар өсіп жатыр.
— «Жасыл белдеудің» бүгінгі ахуалы туралы айтып өтсеңіз? Ондағы ағаш түрлері қайдан әкелінеді? Және олар Қазақстанның климатына қаншалықты жерсініп отыр?
— «Жасыл белдеудің» екінші кезең жұмыстары ел Президентінің орманды 2009 жылдың маусымында кезекті аралап көруінен кейін басталды. Бұл кезде біздің алдымызда «жасыл белдеудің» орман қорғау жолақтарын орман массивіне айналдыру мәселесі тұрған еді. Сол себепті, Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып, әртүрлі ағаш тұқымдарын қалыптастыру бойынша ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды бастап кеттік. Ондағы мақсатымыз – табиғи емес, яғни екпелі орман қалыптастырудың тиімді технологияларын жасау және ағаш өсімдіктерінің сұрыптарын іріктеу. Зерттеу қорытындысымен екі жоба өмірге келді. Нәтижесінде, бес жыл ішінде, яғни 2012-2016 жылдары «Оңтүстік-батыс бөлік» және «Талдыкөл жинақтауышы» учаскелерінде 1 миллион 846 мың 560 дана екпе отырғызылды. Оның ішінде шырша, қарағай, балқарағайдан тұратын қылқанды тұқымдылардың көлемі 56 пайызды, емен, шегіршін, жиде жапырақтылар 44 пайызды құрайды. Ең бастысы, отырғызылған екпелердің жағдайы жақсы және көктемгі түгендеу кезінде анықталғаны – олардың орташа тамыр жаюы 90 пайызды құрап отыр. Бұл – екпелі ормандағы өсімдік түрлері Астананың климатын толықтай жерсініп, табиғи жағдайда өсіп жатыр деген сөз.
— Астана орманының өзіне тән нендей ерекшелігін атар едіңіз? Орманды өсіруде қандай жаңа инновациялық технологиялар қолданылуда?
— Астана қаласының «жасыл белдеуі», ең алдымен, жасанды жолмен қалыптасқан. Және ол Орта Азия бойынша теңдессіз жоба болып табылады. Біз орман екпелерін жабық тамырлы жүйемен отырғызу материалдарын қолданып отырмыз. Бұл да – бәсекеге қабілетті озық технология. Өйткені, мұндай әдіс – тамыр жаю деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етіп отыр.
— «Жасыл белдеуді» пайдаланып, ішкі туризмді дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?
— «Жасыл белдеуді» құрудағы басты мақсат – орманның қасиеттерін, ондағы экожүйенің тепе-теңдігін сақтау және халықтың демалуы үшін қолайлы жағдай жасау. Осыған орай, 2011 жылы «жасыл белдеудің» Оңтүстік-батыс бөлігінің №8 учаскесі аумағында ұзақтығы 4127 метр болатын асфальтті жабын және велосипедшілердің демалуы үшін күркелері бар веложол салынды. Күні бүгінде велосипедшілердің демалуы үшін алты тұрағы бар, ұзақтығы 19 мың 131 метр болатын веложол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаға сәйкес, бұл жол «жасыл белдеудің» «Оңтүстік-батыс бөлік» және «Талдыкөл жинағы» учаскелерінің аумағын кесіп өтіп, «Қарқаралы» тас жолының бойына тоқтайды. Осы сызбамен жүрген уақытта туристер тұмса табиғатты тамашалап қана қоймай, жол бойында өскен саңырауқұлақтар мен жидектерді теруге, ағаштарды, бұталарды танып-білуге мүмкіндік алады.
— Орман өсіру – үлкен ыждағаттылықты, кәсібилікті қажет етеді. Ғалымдармен байланыс, ғылыми әлеуеттің мүмкіндігі туралы айта отырсаңыз.
— Табиғи орман мен екпелі орманның арасындағы айырмашылық өте үлкен. Жер мен көктей десек те болады. Ағаштарды сұрыптап әкеліп отырғызғанның өзінде, кейде тұқым тастау мәселесінде проблема туындауы мүмкін. Оның үстіне, Астананың қатаң климаты, топырақ жағдайының ерекшелігі де бар. Сондықтан ғылыммен тығыз байланыста жұмыс істеуге тура келеді. Көп жағдайда біз Шучье қаласында орналасқан Қазақ ғылыми-зерттеу орман шаруашылығы институтымен жұмыс істейміз. Институтпен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары үш тақырыпта жүргізіледі. Олар – Астана қаласының «жасыл белдеуі» екпелерінің орман патологиялық зерттеулері, ғылыми-тәжірибелік учаскелердегі ағаш екпелерінің жағдайын зерттеу және тұрақты сыналатын аумақтардағы ағаштардың күтімі. Астана орманы тұмса табиғатымен ғана емес, мөлдірдей таза, саф ауасымен де ерекшеленеді. Мұндағы веложолмен бірер сәтке серуендеп шығудың өзі сізді табиғаттың ғажайып энергиясымен қуаттандырады. Баршаңызды Астана орманын, ондағы веложолды тамашалауға шақырамын.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Астана қаласы.