Орманды өрттен сақтау ұдайы бақылауда болуы тиіс
Атырау облысы бойынша мемлекеттік орман қоры 52,5 мың гектарды құрайды, оның алқапты бөлігі – 15 мың гектар шамасында. Бұл облыстың барлық жер көлемінің 0,44 пайызына ғана тең. Аталған аумақтағы орман—тоғайларды қору, күзету және толықтыру жұмыстарын коммуналдық меншіктегі Атырау, Индер және Құрманғазы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері жүргізеді.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен орман шаруашылығының мәселелері бойынша өткен жиналыста табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев осы жайттарды мәлім етті. Үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде Құрманғазы орман шаруашылығы бойынша алғашқы өрт тіркеліп, жарты гектар орманды жер мен 100 гектар батпақты, қамысты алқап өртке оранған. Ресейдің Астрахан облысы жағынан соққан қатты желдің әсерінен тұтанған «тілсіз жау» жергілікті орманшылар күшімен ауыздықталды.
Дегенмен, Жайық өзенінің 2008 жылдан бастап өз арнасынан аспауы жағалау ормандарының жаппай қурауына әкелуде. Былтыр облыстық бюджеттен осы мәселенің себебін анықтауға 25 млн. теңге бөлініп, «КазАгроИнновация» ЖШС тарту арқылы зерттеу жүргізілуде. Орақ Бисембиевтің пікірінше, орманшылар үшін үш қауіп бар. Біріншісі, Құрманғазы орманындағы көктемгі өртке байланысты. Осы өңірдегі «тілсіз жаудың» орын алуына ормандағы қалың қамыс пен шөптесін өсімдіктердің қурауы себеп болған. Екіншіден, орманға іргелес ауылдар тұрғындары жеке малының тоғайлықта жайылуы, үшіншіден, Атырауға жақын орналасқан орман учаскелеріне адамдардың көп барып, кейін тазалық сақтамауы да өрт қаупін тудырып тұр.
Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев өңірдегі ормандық алқаптарды өрттен қорғау шараларын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көршілес облыстармен тәжірибе алмасу, орманды күтіп-баптау, қорын молайту үшін жас көшеттерді көптеп отырғызу мәселелеріне ғылыми зерттеу институтының маман-ғалымдарын тартудың маңызды екендігін қаперлеп, орманшылар алдына нақты міндеттер қойды.
Бақытжан ЖҰМАТ.