Оркестрге күй қағанының есімі берілді
Мақат аудандық мәдениет үйі жанындағы “Халықтық” ұлт-аспаптар оркестрі жергілікті көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақтың мәдениетін, өнерін және ұлттық дәстүрін насихаттауда ерекше рөл атқарып келеді. Өнер ұжымының танымалдылығы жылдан-жылға артып, облыстың мәдени өмірінде маңызды орынға ие болды.
Бұл ұжымның тарихы тереңде, оның негізін 1966 жылы даңқты күйші әрі Қазақстанның Халық әртісі Рыспай Ғабдиев қалады. Ұлы күй қағаны өз өмірін халқымыздың дәстүрлі музыкасын дамытуға арнап, мәдениетіміздің алтын қорына қосқан үлесі зор. Осылайша, Мақат аудандық мәдениет үйі жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінің тарихы Рыспай Ғабдиевтің есімімен тығыз байланысты.
Аудан әкімі мен мәдениет қызметкерлерінің қолдауымен осы атақты өнерпаздың есімі бүгінде оркестрге ресми түрде берілді. Бұл қадам – Рыспай Ғабдиевтің ұлттың музыкалық мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолындағы елеулі еңбегін лайықты бағалау.
Қазір оркестр өзінің қалыптасқан дәстүрін жалғастырып, ауданның мәдени өміріне серпін беріп келеді. Оркестр мүшелері ұлттық аспаптарда қазақтың көне күйлерін орындап, тыңдарманын өнердің асқақ әлеміне жетелеп жүр. Бұл ұжымның үлесі тек Мақат ауданында ғана емес, бүкіл өңірде қазақ музыкасының сақталуына, дамуына маңызды рөл атқаруда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА