ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРІСІ
Округте Жұмыскер, «Өркен», «Өркен-2», Рембаза селолары орналасқан. Мұнда тұрғындар саны – 16352 адам болса, барлық үй саны – 3492. Тұрғындар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған. Яғни электр қуаты, газ, талшықты желіге қосылған телефон, ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Селоның санитарлық тазалығы басты назарда. Тазалықты сақтамаған 56 тұрғынға ескертулер беріліп, 23 тұрғынға айыппұл салынды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша округте айтарлықтай жұмыстар жасалуда. Бұл ретте қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 12 адамға 24,5 млн. теңге көлемінде несие берілді. Соның нәтижесінде кент тұрғындары құс шаруашылығын, егін өсіруге, көлік жөндеу, жолаушы тасымалы, шаштараз ашуға қол жеткізді.
280 орындық «Бәйтерек» балабақшасы өткен жылы қыркүйек айында ашылып, пайдалануға берілді. Көшелер қиылысына бағдаршам, бейнебақылау жүйесі орнатылып, ауылдағы мектептер мен балабақша маңындағы жаяу жүргінші жолына арнайы белгі қойылды. ММС елді мекені, «Өркен» ықшамауданында үш балалар ойнайтын алаңдары салынып, пайдалануға берілді. Былтырғы жылдың қыркүйек айында «Өркен – 2» ықшамауданында ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары басталып, 2015 жылдың 1 жартыжылдығында тапсырылмақ. Сонымен бірге, округ қызметінде жемқорлыққа қарсы күрес, дін мәселесі де басты назарда ұсталып отыр.
Округте осындай оңды жұмыстар атқарылғанымен, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Рембаза ауылының көшелерін жарықтандыру, «Өркен» ықшамауданында емхана құрылысын, 200 орындық мәдениет үйін салу, сондай-ақ, елді мекендеріне тас жол салу күн тәртібінде тұр. Сонымен бірге, облыстық ауруханадан бастап С.Бекмағамбетов көшесінің №73 үйіне дейін тартылған ауыз су жүйесін іске қосу, Жұмыскер кенті тұрғындарын қоқыс жәшігімен қамтамасыз ету, Рембаза елді мекеніндегі Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебін қайта салу да біраздан бері «жыр» болып жүр.
Жиынға қатысушылар алдында қала әкімі Нұрлыбек Ожаев Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы қала халқының арасында кеңінен насихатталып отырғанын айта келіп, соңғы жылдары қаланың инфрақұрылымы дамуы бағытында біршама жұмыстар жасалғаны туралы хабардар етті. Жұмыскер ауылдық округінде есепті кезең ішінде біраз ауқымды жұмыстардың атқарылғанын атап көрсетті.
Сонымен бірге қала әкімі округте әлі де болса қолға алар жұмыстардың барына назар аударды. Округте кәсіпкерлікті одан әрі дамытып, аграрлық сектор жүйесінде озық технологияны пайдалану әлі төмендігін айтты.
Округтің санитарлық тазалығы да басты назарда болуы тиіс. Кейбір тұрғындардың тазалық жағдайына жете көңіл бөлмеуі қынжылтады. Таяу күндері қала әкімдігі аталмыш ауылға қоқыс жинайтын 85 қоқыс контейнерін алып бермекші. Жер телімін алып, оны мақсатына пайдаланбайтындар туралы әкімдікке арыз-шағымдар жиі түседі. Қала әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы Жұмыскер селолық округі әкімдігінің алдында көп міндеттер тұрғанын атап айтты.
Жиында сөз алған ардагер ұстаз Құлназар Молдағалиев село әкімі тарапынан Қарттар күні, ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп отырғандығына ризашылығын және ауыл ортасындағы зираттарды қоршауға алып, күту жұмыстарына жете мән берсе деген ойын айтты.
Жеке кәсіпкер Дина Әбішева өзінің бес жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтып отырғанын айта келіп, қала әкімінен Жұмыскер округіндегі Ғ.Сланов, Қ.Сүндеталиева, Ш.Әбішев, ММС елді мекені, Ақтау, Амантурлин көшелеріне тас жол салуға ауыл тұрғындары атынан көмектесуін сұрады.
Балабақша әдіскері Ақмарал Сүлейменова балабақшада бүлдіршіндерге қазақ тілімен қоса орыс, ағылшын тілдерін үйретіп, тәрбиелеп жатқан озық істерін тілге тиек етсе, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәмеш Қызылова мектеп ғимаратының бұдан елу жыл бұрын салынғанын, жауынды, қарлы кездерде төбесінен тамшы ағатынына қынжылыс білдірді. Қазіргідей әлемдік дағдарыс кезінде аталмыш мектепті жаңадан салудың мүмкіндігі жоқтығын, сондықтан, оқу орнын күрделі жөндеуден өткізсе немесе реконструкция жасаса деген өтінішін қала әкімінің назарына жеткізді.
Өзге де сөйлеушілер ауыл жағдайында қолға алынар басқа да мәселелер жайында ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.