ҚЫРДАҒЫ АУЫЛҒА «КӨГІЛДІР ОТЫН» КЕЛДІ

Кеше Исатай ауданы Томан елді мекені тұрғындары үшін ерекше айтулы күн болды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аталған елді мекенге табиғи газ желісі жеткізіліп, ауыл тұрғындарының жылдар бойы күткен арманы орындалды. Ауыл тұрғындарын бұл қуаныштарымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин құттықтап, «көгілдір отын» алауын салтанатты түрде жақты.

 

Осыдан бір жыл бұрын ауданға келгенде томандықтар «көгілдір отын» мәселесін көтерген болатын. Содан елді мекенді табиғи газбен қамтуды уәде еткенмін. Енді бүгін, міне, қуаныштарыңызға ортақтасып тұрмыз. Болашақта бұл ауыл көркейіп, үлкейе түсетін болады. Сондықтан, ауылға кіре беріс жолға асфальт төсеу керек деп есептеймін. Оның жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауды аудан әкімдігіне тапсырамын, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.                 

Құрылыс жұмысына жергілікті бюджеттен жалпы құны 192,206 млн. теңгебөлінген болатын. Аққыстау селолық округі әкімі Мүтиғолла  Насихановтың айтуынша, нысанның құрылысын биыл маусым айында бастаған «Агата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты өз уақытында әрі сапалы орындап шықты.

Жалпы, Исатай ауданында 16 елді мекен бар болса, оның тоғызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Енді оныншы елді мекен – Томан селосына да табиғи газ желісі жетті.

Төрт жүзден астам тұрғыны бар Томан елді мекеніне ұзындығы 27 шақырым газ құбыры тартылған. Айта кетсек, Атырау-Астрахан тас жолы бойында орналасқан елді мекен жыл сайын көркейіп келеді. Ауыл басқа инфрақұрылымдық жүйелермен – сумен, жарықпен қамтылған. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында екі шақырым су құбыры жүргізіліп, ауылға таза ауыз су да жеткізілді. Ұялы байланыс стансасы қондырылып, халықтың тілегі орындалды. Бұл да томандықтар тағатсыздана күткен жаңалық болатын.

– Осы игіліктердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде болып отыр. Күні кеше жарияланған «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты Елбасы Жолдауында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінді. «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасы бойынша осы елді мекенге келіп, медбике болып қызмет етудемін. Ауылдың жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Бұдан артық бізге не керек?, – дейді жас маман Бақытгүл Баймұқашева.

Елді мекенде 1971 жылы салынған бастауыш мектеп қазір ескіріп, күрделі жөндеу көрмеген екен. Биыл бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып, Томан бастауыш мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда 44 оқушы білім алуда. Ауыл халқын, негізінен, теміржолшылар құрайды. Алайда, жұмыссыздық мәселесі де жоқ емес. 

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бізді одан әрі жігерлендіре түсірді, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкір Қожақов. – Жолдауда айтылғандай, Атырау-Астрахан бағытындағы тас жолы күрделі жөнделсе халық үшін жақсы болар, әрі жастарымыз жұмысқа тартылар еді. Осы жаңалықты естіп, тағы да төбеміз көкке жетті.   

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз