ӨРЕЛІ ҰРПАҚ — ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫНАН
«Отан отбасынан басталады». Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. Демек, Мемлекет басшысының ұсынысымен елімізде Отбасы күнінің белгіленіп, аталып өтуі тектен-тек емес. Айтулы мерекемен облыс әкімінің атынан құттықтаған оның орынбасары Шыңғыс Мұқан үлгілі отбасыларды дәріптеу жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше екенін атап айтты.
— Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр жанұялармен кездескенде жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісін «Отбасы күні» етіп белгілеуді ұсынып, бекіткен еді, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы, — Қай кезеңде де, отбасы қоғамның іргетасы, алғышарттарының бірі саналды. Қазір де солай. Мемлекет басшысының ұйғарымымен әр аймақта үлгілі отбасыларды ұлығылау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе, мұның жаңадан отау тігіп жатқан жастар үшін тәлімі мол болмақ. Атырау өлкесінде де тек облыс қана емес, бүкіл республика көлемінде есімі елге танымал үлгілі отбасылар көп-ақ. Мәселен, С.Өтебаев, Н.Балғымбаев, О.Көшеков және тағы да басқа жанұяларды елімізде білмейтін жан кемде-кем шығар. Ал, бүгінгі шараға қатынасып отырған үлгілі жанұялар осынау ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушылар деп білеміз.
Расында да, ұрпақ тәрбиелеуге ерекше ден қойып, шаңырақтың құт-берекесін асыра білген жандар да елеусіз қалмауы тиіс. Бұл ретте жас буынға ұлағаты мол «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. Аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, шараға мұнайлы өлкеден 64 отбасы қатынасуға ниет білдірсе, оның сегізі облыстық деңгейдегі байқауда бақ сынаған. Соның ішінде «қара алтынмен» аты әлемге танылған Атырау облысынан ұлттық сайысқа Жылой өңірінің Бешімовтер отбасы қатынасқалы отыр. «Ерекшелігі сол, бұл байқауда жүлдегерлер болмайды, оған қатысудың өзі жеңімпаз саналады. Себебі, бәрі де бір-бірінен кем емес, жанұясын биік бәйтеректей өсіріп-өндіріп отырған жандар», — деді ол.
Өз кезегінде қабылдауға келген отбасы мүшелері сөз алып, мерекеде осындай мағыналы кездесу ұйымдастырғанына ризашылығын білдірді. Олардың әрбірі жанұядағы бірлікті, татулықты сақтаудағы тәрбиенің рөліне ерекше тоқталды. «Тәрбие талбесіктен басталады» демешкі, мейірімге толы жанұядан шыққан ұрпақ ұшқанда да соны іледі. Отбасында төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген құрманғазылық Өмірзақ Қажымғалиев отбасы тәрбиесінің маңызын жас ұрпақ санасына сіңіріп келетінін жеткізді. Ал, жылойлық Наурызбай Төлеуов те жанұядағы тәрбиені ештеңемен теңгеруге болмайтынын атап өтті. Қырық тоғыз жыл бойы ұстаздық қызмет атқарған ол балаларының тәрбиесіне де көп көңіл бөлді. Соның арқасында қазірде ұрпағының бәрі аяқтанып, үбірлі-шүбірлі болып жатыр. Жылыжүзді кездесуде өнегелі әңгімесін тарқата айтқан қарт әнін салса, индерлік үлгілі отбасылардың бірі, бес ұл-қыз өсіріп отырған Әлібек Батырғалиевтың жары, республикаға танымал ақын Әлия Дәулетбаева өлең оқып, шараны әрлендіре, әсерлендіре түсті.
Қызылқоғалық Жауқаш Тұрдағалиев зейнет жасында өзін бақытты әрі бай сезінуінің құпиясымен бөлісті. Ол — әрине, балалары, ізін жалғастырған ұрпағы. «Көптеген отбасы балаларына жақсы тәрбие берсе, қоғамымызда келеңсіз жайттар болмас еді», — дейді ол. Кездесуге, сондай-ақ, Атырау қаласынан Әлібек Харасов, Исатай ауданынан Қайырлы Шайхимов, Махамбет ауданынан Ғабиден Әбдешов, Мақат ауданынан Әскер Нұрманов қатысты.
Қабылдауда аймағымызда гендерлік саясат мәселесімен айналысатын комиссия мүшелері де сөз алып, шынайы тілегін білдірді. Тәлімі мол кездесуде аймақ басшысының орынбасары шарада айтылған мағыналы әңгімелерді облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялауға ұсыныс жасады. Үлгілі отбасыларға сый-сияпат жасалып, әсерлі әңгімеге ұласты.
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.