Қорда – 800 миллион теңге!

қорда 800 млн Жаңалықтар

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс жасай бастағанына бір ай өтті. Ендеше, бұл жүйенің қажеттілігі неде? Оның тиімді тұстары қандай? Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында осы және өзге де өзекті мәселелер талқыланған кеңейтілген жиын өтті.

қорда 800 млн

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бір ай көлемінде атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижесіне тоқталды. Айтуынша, жаңа жүйенің талаптарына байланысты тұрғындардың 80% өз статустарын анықтаған.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыс жасайтын адам қорға жарна аударуы тиіс. Алайда, жұмыс орындарымен келісім-шартқа отырмаған, ешқандай зейнетақы аударымдары жоқ, еңбек ақысын қолма-қол алатын немесе жұмыссыз 49 мыңға жуық азамат анықталып отыр. Бұл тұрғындармен және оларға жұмыс ұсынушы мекемелермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қазіргі саны 19 мыңға дейін азайды. Өткен бір ай көлемінде қорға 13 миллион теңгеден астам қаржы аударылды. Еңбекақы есебінен аударылатын жарна әр айдың 25-не дейін төленіп болуы керек,- деді ол.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде барлық санаттағы дәрігерлердің көмегіне 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін жүгіну мүмкін болады. Яғни, учаскелік дәрігер жолдама қағазын берсе, тексеру түрлерінен тегін өтеді. Ал, егер өзіңіз үшін денсаулығыңызды тексергіңіз келсе ақылы көмекке жүгінесіз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру әлемдік тәжірибеде бар тиімді жүйе екендігін атап өтті.

– Тұрғындардың 70%-нан астамы медициналық сақтандыру туралы ақпараттанған. Бұған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да атсалысуда. Толықтай ақпарат алғысы келгендер денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сайтына кіруіне болады. Азаматтар кез келген клиникалар мен e.gov порталы арқылы өз статустарын анықтай алады,- деген ол жарнаны төлеу тетіктері туралы толығырақ түсіндіріп берді.

Елжан БІРТАНОВ,

Денсаулық сақтау министрі:

– Елімізде бір айдың ішінде қорға 800 млн. теңге түсті. Оның ішінде жұмыс берушілердің қызметкер үшін аударған жарнасы мен жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың аударған ақшасы да бар. 384 мыңнан астам жеке тұлға өздері үшін жарна аударған. Ең белсенді өңірлер – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары. 800 млн. теңгенің 49%-ы осы өңірлерден жиналған.

Мәлике Мәлік

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз