ОРАЛДАН ӘН КЕЛЕДІ ӘУЕЛЕГЕН…

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері басталады
Өнер сапары өрісті болсын!

baktuСайран далам! Қайран далам – кенішім,
Қақпақылдай қаға аласың мені шын.
Кемеңгердің, даналардың өзі де
Көп ұлының бірі ғана Ел үшін, – деп Қадыр ақын жырлағандай, ежелден бері бір Ақ Жайықтан тел емген, тәуелсіздікпен қайта түлеп жаңарған, ерен еңбегімен Қазақ елінің абыройын асырған батысқазақстандық өнер шеберлеріне қош келдіңіздер дейміз.
Бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай болған қос облыстың тағдыры да ұқсас, тарихы да ортақ. Қос өңір, тіпті, Атамекен – Қазақ елінің батыс қақпасы деп те аталады. Екі облыс та Хиуаз бен Мәншүкті, Исатай мен Сырымды батырым деп ардақтаса, Жұмекен мен Жұбанды, Фариза мен Ақұштапты ақыным деп аялайды. Аймақтардың әдебиеті мен мәдениеті де, кәсібі мен нәсібі де бір арнаға тоғысып, ұлы мақсатқа бірге бағыт алып барады.
Елбасымыздың облыстардың мәдениет күндерін өткізу жөніндегі тапсырмасы бұл жай ғана жер-жерде концерт қойып, театрларда көрме өткізу емес. Бұл шараның астарында Қазақ елін рухани біріктіру, ұлтымыздың киелі өнерін кейінгі буынға дарытып, мәңгілік биік мұратына жеткізу идеясы жатыр. Кезінде шығыс ғұламаларының бірі Әл-Қайыс «Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және солардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды» деген екен. Ендеше, барымызды жарқырата көрсетіп, ұлттық рухты көтере білуіміз керек. Осы тұрғыдан ал-ғанда, сонау әуезді әннің атасы Мұхиттан бастап бүгінгі Донеділге дейінгі дарабоздарды дүниеге әкеліп, қасиетті топырағына өнер дарыған Орал өңірі таланттарға өте бай. Олар біздің Атырау жұртшылығына айрықша рухани сый жасайды деп сенеміз.
Бүгінгі Батыс Қазақстан облысы өнерде ғана емес, өндірісі де өрге басып, диқандары егінжайдан дән терген, малшылары жайлауда төрт түлік өргізген өркенді өңірге айналды. Алыс ауылдарға жол, газ, су тартылды, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы еселеп артты. Бұған ежелден еншісі бөлінбеген көрші Атырау жұрты да өте қуанышты. Халқымыз «Бермесең алыспайсың, бармасаң алыстайсың» дейді. Сол айтқандай, бүгінгі мәдениет күндері біздерді бұрынғыдан да жақындата түсіп, жанымызды жарқын сезімдерге бөлейді деп ойлаймын.
Атырау жеріне қош келдіңіздер, өнер сапары өрісті болсын!

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Атырау облысының әкімі.

Армысың, арда Атырау!

anurlan«Менің туған жерімнің тікенінде ұят бар, менің туған жерімнің қаңбағында салмақ бар», – деп Жұмекен ақын жырлаған қасиетті Атырау еліне Батыс Қазақстан облысы халқының атынан шынайы сәлем жолдаймын!
Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында өңірлер арасында ақпарат және мәдени жетістіктермен алмасуды нығайтуға, өзара «облыстар апталығын» тұрақты түрде өткізуге тапсырма берді. 2012-2016 жылдарға есептелген бұл маңызды шараның қайнар бұлағы сол. Қазір бұл бастама республика бойынша кең қолдауға ие болып, жүйелі түрде жүзеге асып жатыр.
Қазақ жерін армансыз аралаған Армений Вамбери: «Бұлардан басқа тілі бір, музыкасы бір халықты көрмедім», – деп жазған екен өз күнделігінде. Мұның бәрі – қай кезден де берекелі бірлігіміздің, тату-тәтті ынтымағымыздың арқасы.
Халық даналығы «Жақын араласпаса, жат болады» деп үйретеді.
Әрбір өңірдің әлеуеті барынша кең және сан қырлы. Осы тұрғыдан келгенде, бұл идеяны іске асыру – ақпарат және мәдени жетістіктермен тұрақты алмасуды қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге өңірлердің бір-бірінің мәдени және шығармашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
Өнер мен мәдениет Қазақстан халқының біртұтастығына қызмет жасайды. Ғасырлар қойнауынан сыр тартып жатқан асыл мұрамызды аялап, жаңа мазмұнмен байытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруымыз керек. Бұл сапарымызда екі облыстың экономикалық қарым-қатынас, сауда мәселесі мен мәдени байланыстары көрме, мәдени-бұқаралық шаралар арқылы сан қырынан көрініс табады. Осының бәрі халқымыздың рухани өмірінің дамуына, кең-байтақ Қазақстанның мәртебесінің биіктеуіне қосылған үлес деп білемін.
Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің 1965 жылы жарық көрген «Атырауда ән мен күй» мақаласында былай деп жазыпты: «Бұл даланы да бір кездерде салқын сабат, кең көгал, жасыл орман шулап, саясында жастар демалатын өлкеге айналдыруға болар ма екен? Жердің де, елдің де өңін өзгертіп жатқан халықпыз ғой. Кезегі келгенде Атырау өлкесін де қолға алып, сораң өскен далаға хош иісті гүл егіп, қара сирақ балаларымыз тұщы суды тізеден кешіп шалпылдатып жүретін уақыт алыс болмас!»
Тәуелсіздік таңымен бірге киелі кәрі Атыраудың жаңа тынысы ашылып, жаңғыра түлеп, адам танығысыз боп қайта құлпырды.
Бүгінгі Атырау облысы – еліміздің дамуында өзіндік айшықты қолтаңбасы бар, кең өркен жайған өңір. Өнері алты алашқа мәлім болған. Атағы айдай әлемге жайылған.
Мен баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!

Нұрлан НОҒАЕВ,
Батыс Қазақстан облысының әкімі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз